Ғасыр жасаған жомарт жүрек
Бұрнағы күні №49 қазақ орта мектебінде Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның 100 жылдық мерейтойы аясында «Ғасыр жасаған жомарт жүрек» атты іс-шара өтті. Оны 9 «Б» сыныбының жетекшісі Ерлан Байжанов пен машықтанушы Қымбат Тоқтан ұйымдастырды.
Сыр елінде, оның ішінде Ыбырай Жақаевтың туған ауылы Шиелі ауданының еңбеккерлері күріш егісінің көлемін көбейтіп, Сыр маржанынан шашу шашса, осы табыстың тайқазанын тасытушылардың қатарында Ы.Жақаевтың ізбасарлары көп болды. Күнге жүзін күйдіріп, ыза су басып, бейнет тартқан диқандардың қатарында болмысы нәзік, заты әйел демесең ерге бергісіз еңбекқор Шырынкүл апа да болды. Ес білгеннен еңбектің бел ортасында жүріп, еңкейгенше тракторды тізгіндеген қайсар ананың еңбек жолын шәкірттеріне дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға көзін көрген Раушан Нұрымбетқожаева қатысты. Оқушыларға Еңбек Ерінің егіс басындағы еңбегін, қызығы мен қиындығын айтып, әсерлі әңгіме сыр сұхбатқа айналды. «Ол нағыз еңбекке жаралған жандай еді. Жер жырту, дән себу жұмыстарын трактормен өзі атқарды. Соғыстан алған жарақатының салдарынан жұбайы Жұмаділда өмірден өткен соң, Шырынкүл күріштіктің басында тағы да жалғыз қалды. Дегенмен еңбегі ақталып, күріштен барынша мол өнім алған ол, мемлекеттік марапаттарға ие бола бастады. Әр гектарынан 100 центнерден тұрақты өнім берген еңбегі үшін 1972 жылы Еңбек Ері атағын иеленді. Сегіз мәрте халық қалаулысы болып сайланды. 4 рет ВДНХ-ның Алтын медалін алды. Бұл жай адамның қолынан келмейтін дүние» деп естелігімен бөлісіп, тағылымы мол шараға оң бағасын берді. Одан әрі №49 қазақ орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Абдрахманов сөз сөйлеп, барлық аналарды мерекесімен құттықтады. Шара соңында оқушылар кеш қонақтарымен естелік суретке түсіп, сый-сияпаттарын ұсынды.
Г.ДҮЙСЕБАЙ