Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тракторды тізгіндеген бикештер

Тракторды тізгіндеген бикештер

Қыз бала – жаратылысы нәзік, болмысы бөлек жан. Ал, сырт көзге жібектей жұмсақ көрінетін арулардың қайтпас қайсарлығы мен ерлігі, ермінезді төзімділігіне қайран қалмасқа болмас. Бүгінде темір тұлпарды бағындырып, түрлі көлікті айдап жүрген нәзік жандыларды жиі кезіктіруге болады. Ал, екі жылқының ауырлығы бар тракторды тізгіндеген қыздар жайлы естулеріңіз бар ма?

Темір көліктің тілін тауып, ауыр жұмысты ер адамдармен қатар еңсерген бүгінгі қос кейіпкеріміз 10-сыныпты аяқтай салысымен трактор тізгініне отырады. 1966 жылы дүние дидарына келген Гүлбахрам Дүрімбет пен Баян Кемелова 1984 жылдары камсамол үндеуімен Ақмая өндірістік бригадасында механизатор болып қызмет етеді. Құрбы-құрдас, қыз-жігіттің бәрі еңбекке ұйыса кететін сол мезет күріш егу, ору науқанында нағыз дала дүбірі басталатын кез. Қыз баласы болашақ ана. Небәрі 2 жыл трактор рөлін ұстаған Гүлбахрам тұрмыс құрып, аяғы ауырлаған сәтте жеңілдеу жұмысқа ауысады. Еңбекқор, тынымсыз келіншек жүгері бригадасында, сондай-ақ, ауылшаруашылық саласы бойынша ауылдық округтің депутаты болып аянбай еңбек етеді. Ал, бала кезден трактор маңын торуылдап жүріп, 13 жасында оны жүргізуді үйренген Баян әкесінің оң қолына айналады. Өндірістік бригадада 8 жыл тракторды бағындырған бойжеткен тіпті қай жерінен ахау шыққанын дауысынан-ақ ағаратын. «Трактор тізгіндеу оңай іс емес. Дегенмен сол кездері қиын болып та көрінген жоқ.Ол кезде механизатор әйелдердің саны аз болса да, бүгінгідей таңсық емес еді. Қазір қыздар түгіл, ұлдар да жұмыстың жеңілін іздейді», – дейді кейіпкеріміз. Б.Кемелова «Авангард» совхозының №6 бригадасында тракторшы бола жүріп, жүгері егетін звеноны басқарады. Жұмысқа белсенділігі мен жауапкершілігінің арқасында ауылдық кеңестің депутаты болып та сайланады.
100 жасқа жеткенше тракторына қарап, белі бүгілседе рөлге отырып есік алдын бір айналып шығатын Шырынкүл Қазанбаева апамызға қарап бой түзеген тракторшы қызар бүгінде бір-бір үйдің отанасына, ақ жаулықты әжесіне айналған үлкен шаңырақ иелері. Г.Дүрімбет трактор тізгінін инеге айырбастап, жеке кәсіптің көзін тапқан жан. Түрлі ою-өрнекті құрақ көрпе-көрпеше тігіп, қыз жасауы, бесік жасауы секілді игілікті ісімен ұрпаққа үлгі болып келеді. Ал, Б.Кемелова кент ішіндегі «Үш батыр» балабақшасында аспазшы екен. Әйел адам үшін механизатор болу үлкен ерік-жігер мен намысты талап етері сөзсіз. Бүгінде өскелең ұрпақтың бойына рух сыйлайтын осындай кейіпкерлерді әңгімемізге арқау етіп отырсақ тәлім-тәрбиемен қатар еңбектің де еленгені емес пе?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
07 наурыз 2019 ж. 1 324 0