Мәңгілік елімнің бесігін тербеткен – Тәуелсіздік
Осыдан тура 26 жыл бұрын Қазақстанның Жоғарғы кеңесі тәуелсіздігін жариялап, оны бүкіл дүниежүзі мойындаған болатын. Сол сәтте өз туы, елтаңбасы, әнұраны бар дербес қазақ мемлекеті тарих сахнасына шықты. Содан бері міне, ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті. Осы бір кезеңде еліміз әлемдегі небір алпауыт елдерге өзін мойындата білді. Бірлігі мен ынтымағының арқасында қаншама ірі шаралар ұйымдастырып, дамыған мемлекеттерімен иық тіресіп келеді. Мұның бәрі бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің жемісі.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай М.Шоқай атындағы орталық алаңда кешкілік «Мәңгілік елімнің бесігін тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерекелік шара өтті.
Концерт қазақ хандығын құрушы Жәнібек пен Керей хандардың сахнаға шығып, келер ұрпаққа айтқан аманаттарын сомдаудан басталды. Шараны кент әкімі Ғабит Аманжолов ашып, тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Алмас Маратұлы «Тәуелсіздік күніне арнауын» жырласа, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Ауа-райының салқындығына қарамастан алаңға жиналған көпшілік мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.