Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Астана – Тәуелсіздіктің жемісі!

Астана – Тәуелсіздіктің жемісі!

Кез-келген мемлекеттің бас қаласы болуы заңды. Өйткені, ол ел тәуелсіздігі мен дербестігін айшықтайтын бірден-бір белгі. Мемлекет деген ұғым қалыптасқалы бері «астана» деген ұғым қатар келеді. Өйткені, әр мемлекеттің өз мәселелерін шешетін, елшілерді қабылдайтын, тағында басшысы отыратын тұрақты тұрағы болуы қажет.  Түркістан. Семей. Орынбор. Қызылорда. Алматы. Бұл, осы уақытқа дейінгі қазақ халқының астанасы болған қалалар тізбегі. Кешегі аумалы-төкпелі замандардағы бірінен-біріне көшкен қазақ астанасы Тәуелсіздік алысымен толықтай тұрақталды. Болашақ астанамыздың туы қазақтың ертеден құт мекені болған Сарыарқаның төсіне тігілген болатын.  1997 жылы. Кеше ғана айдай әлемге тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттің өміріндегі ең елеулі оқиға. Кеңес тұсында ұзақ жылдар бойы бас қала болған Алматыдан Қазақстан Республикасының астанасы көшіріліп жатыр. Бағыты түстік. Даласы – Сарыарқа қаласы ескіше Ақмола, жаңаша Астана. Иә, Алатаудан шыққан көш-керуен қазақтың жаңа астанасына қарай жол тартты. Ал, 1998 жылғы 10 шілдеде еліміздің жаңа астанасы «Астана» қаласының бүкіл әлемдік таныстырылымы өтті.  Бүгінде Астана қаласы еліміздің жетістіктерінің айнасы. «Астана – отанымыздың жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі». (Н.Ә.Назарбаев) Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр уақыт өтті. Әлемдік тарих үшін бұл, әрине, көп уақыт емес. Бірақ, осы тәуелсіздікте өткен аз уақыт қазақ халқының ғасырлық арманы болатын. Сол бабалар арманына жетуіміз – біздің Ұлы жетістігіміз. Ал, ұлы жетістігіміздің асқақ жемісі елордамыз – Астана.  Астана – отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы. Қазақ деген абыройлы елдің атағын асқақтата түскен биік қамал, тәуелсіздіктің символы. Күн өткен сайын көркейе түскен елордамыз бүгінде көз тоймастай ғажайып бейнеге ие. Жаны жайсаң Қазақ халқымыздың төгілген тері мен ерен еңбегінің, елбасымыздың кемел саясатының арқасында әрбір арайлап атқан таң сайын жетіп жатқан жетістіктері орасан зор. Осынша жетістік, осынша армандардың жүзеге асуы – Тәуелсіздіктің арқасы.  Еліміздің егемендігіне 25 жыл толып, биыл, міне, 26 жылға қадам басып келеміз. Жеткенімізден жететіндеріміз көп. Істелген істен атқаратынымыз көп. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі десек, жемісті баптауға тура келеді. Ал, оның баптаушылары мен бағбандары біз – жастар болуымыз тиіс. Өйткені, біз де Тәуелсіздікте туған ұрпақпыз. Сол тәуелсіздігіміздің жемісіміз!


Massaget.kz
05 маусым 2018 ж. 1 824 0