Астана – елімнің жүрегі
Ел мен жер тағдырының елеңдетпейтін кезі жоқ. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас мұрамыз да, байлық базарымызда сол елмен жердің тағдыр талайы – арғы-бергі аталарымыздың ту көтеріп, туырлық тігер құттыхана шаңырағының уығын шаншар майлы да жайлы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалардай жұмақ мекенді таңдауы тегіннен тегін емес. Аңыз бен ақиқаттың шындық шынарындай Асан бабамыздың желмаямен жаһанды кезіп халқына құт мекен болатын жерұйықты іздеуде жан тебірентерліктей сыр жатыр емес пе? Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің кеңес дәуірі кезінде Астана қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан жасыл желекті, түсті кілем Алматыға тұрақтауы Мәскеудің пәрменімен болған еді. Еліміздің тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана елорданың қай жерде
болуын таңдау мүмкіншілігіне Елбасымыз ие болды. Астанамыздың Қазақстанның орталығында болуы қай жағынан алып қарасаңда дұрыс шешім еді. Себебі, Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбынды жеңістерінің куәгері болды.
Енді міне, екі ғасыр тоғысқанда жаңа мыңжылдықтың табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де себепкер болып отыр. Қалай десек те, Астана қазақтың бас қаласы болып, өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдыздай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз.
Кезінде Абылайханның үш арманы болған еді. Ол қандай арман? Біріншісі – үш жүздің басын қосу, екіншісі – ел, жер емшегін емсе, үшіншісі – ақордалы Астана болса деген ұлы арманы болып еді. Осы Абылайханның армандаған арманы айна қатесіз орындалғандай.
Астана – Қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Бұны көру, сезінуде бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?
Дамир Әлтаев,
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің І курс білім алушысы.