Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліме қосар үлесім

Еліме қосар үлесім

Бала күнімізде «кім боласың?» десе, ең алдымен жоғарғы билік өкілдерінің қызметкерлерін атаушы едік. Мәселен, әкім, депутат, тіпті президент деген кездеріміз де болған. Енді саралап қарасақ, олай айтуымыз бекер емес сияқты. Мүмкін жоғарғы орындарда оты­­рып, қолымызға билік тигенде елімізді дамытуға зор мүмкіндік болады деп ойлаған шығармыз. Бірақ ес біліп, етек жинағаннан кейін мемлекетімізді дамыту үшін қолыңда билік емес, керісінше кеудеңде елім деп соғар жүрегің мен «елімді дамытамын» деген таудай талабың болса жеткілікті екенін түсіндік. Расында да, елім деп соққан жүрегің мен талабың екеуі үйлесім тауып, ол іс жүзінде жүзеге асса, нұр үстіне нұр болады.
Жалпы, жұмыр басты пенденің әрқай­сысы ел дегенде еміренбей, тебіренбей тұра алмайды. Сол елі үшін жаңбырдың тамшысындай болса да үлес қосуға тырысады. Мен де сол сияқты батыр бабаларымыздың білек күші, найза ұшымен қорғаған жерімізді алаштың анасы – Сыр елінің талантты тумасы ретінде қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, тарихын әлемге паш етуге ынтызармын. Басынан қанша қиындық көрсе де қазақ елі әлі күнге дейін шырағы сөнбей, тамыры өлмей, жапырағы солмай, еңбектенуден талмай келе жатыр. Сондықтан, мен ата-бабаларымыздың аңсап кеткен тәуелсіздігін одан әрі сақтап қалу үшін бармақтай болса да өз үлесімді қосуға тырысамын.
Бүгінде түркі халқына мәлім Қорқыт ата бабамыздың атына берілген мемлекеттік университетінің студенті болып жүргенімді елімнің дамуына қосар үлесімнің алғашқы бастамасы деп білемін. Ендігі кезекте, мемлекетімізді дамыту үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, түнде ұйықтамай, күндіз бір жерде отырмай, қызмет етіп жүрген аға-әпкелерімізден үлгі ала отырып, халқымның қалаулысы, елімнің елеулісі болғым келеді. Ол үшін халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүру керек деп ойлаймын. Міне, дәл осы мақсатпен мен журналистика мамандығын таңдадым. Өзімнің болашақта алып шығар мамандығым арқылы елімді әлемнің түкпір-түкпіріне таныту алдағы мақсаттарымның бірі, әрі бірегейі. 1465 жылдан бастау алатын қазақ халқының тарихын білген өзге мемлекеттер қазақ еліне деген құрметтерін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз. Иә, қазақ елі 550 жылдан бері тек алға жылжуға ұмтылып келеді. Есейген әрбір Қазақстан азаматы мен азаматшасы Абай атамыз айтқандай дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қаланғысы келеді. Осы орайда, олар да мемлекетіміздің гүлденуі жолындағы алғашқы қадамдарын бастап қойған секілді. Ендігі кезекте, барлық жастар қауымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек ету ғана қалды.

Маржан ӘШІРАПБАЕВА.
14 ақпан 2018 ж. 12 843 0