Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұшқыр ойдың жемісі – Астана

Ұшқыр ойдың жемісі – Астана


Биылғы жыл Қазақстан үшін мерейлі жыл, биылғы жыл қазақстандықтар үшін мерекелі жыл. Өйткені, әрбір жанның мақтанышына айналған, арманына айналған әсем де келбетті Астананың 20 жылдығы. Иә, ерлігі де, өрлігі де ұрпаққа өнеге болып жалғасқан қасиетті қазақ жерінің шежіресін тарих беттеріне тізіп, топтастырып жатқан Елбасының төл туындысына жиырма жыл толмақ.
Осынау тарих үшін қас-қағым сәтте Сарыарқаның төсінде орналасқан еліміздің бас қаласында қаншама тарихи оқиғалар орын алды. Бас қала Ақмола атауы­нан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Астана деп өзгертілді. Сәулеті мен сәні көз сүріндірер әсем ғимараттар бой көтерді. Дүниежүзі дүлдүлдерінің бағын сынаған тартысқа толы додалар өтті. Әлем назарын тіккен мәселелерді ортаға салып, талқылаған жиындар ұйымдастырылды, жер шарын желпіндірген жыр, ән, той думандарымыз көптің көңілінен шығып, арқа жұртын ғана емес алашты да арқаландыруда. Оның бер жағында былтырғы дүйім жұрт көз тіккен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі де абыроймен атқарылып, талайды таңдай қақтырды.
Сонымен қатар, Астана сан түрлі тағдырларды тоғыстырып, армандардың жүзеге асуына себепкер болып жатқан жастардың тіліндегі «Арман» қаласы. Арман қала дейтіндей-ақ қала емес пе?! «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңіздің астындағы күйді
бастан кешуге мүмкіндік беретін океанариум – «Думанды», «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы үлкен – «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат — «Әбу-Даби Плаза» кешені де бар. Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен — ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны. Сонымен қатар, мұнда талапкерлердің талғамына сай келетін, отандық білім беру ісінің жетекшілері — Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеттері орналасқан. Ал, Астананың айналасында жасалған бірегей «жасыл белдеудің» Елорда климаты үшін алар орны ерекше деуге болады. Бұл қолтаңба әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асқан астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокаванікі болды.
Ел мерейін өсірер осындай жетістіктер Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында тарихтар тоғысына өтуде. Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген табыстары, тату-тәтті өмір сүріп жатқан тұрғындардың достық қарым-қатынасы, ынтымақ-бірлігі, Отан сүйгіштігі, ел жандылық сезімдері ой арқауына айналды. Ұшқыр ойдың көрінісі қиялдағы жұмақ мекенді дүниеге алып келді. Бұл – бас қала, бұл – Астана.

Дина ЖҮСІПОВА.
31 наурыз 2018 ж. 2 031 0