Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саф өнердің Сыр бойындағы салтанаты

Саф өнердің Сыр бойындағы салтанаты


Айтыс десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Сөз мәйегі, жыр маржаны мен ой тұнығы молынан ақтарылатын саф өнеріміз алаш анасы Сыр бойында салтанат құрып, халықты өлең дейтін құдіретті тылсымның төрінен тыныстатты.
Иә, «Астана – биік төрім, Қызыл­орда – туған жерім!» тақырыбын арқау еткен республикалық ақындар айтысының мәні де, мағынасы да бөлек болды. Өйткені, Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған жыр додасында Қазақстанның 9 қаласынан келген ақындар суырыпсалма өнердің айшықты көрінісін паш етіп, халықты жыр қайнарынан сусындатты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Семей, Павлодар және Қызылорда облысының ақтаңгерлері Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында бой көрсетіп, сөз сайысына қатысты.
Айтыстың ашылу салтанатының алғысөзін алған аймақ басшысы Қ.Көшербаев айтыс сүйер қауымды қазақ халқының екі ғасырдағы «Астана» мәртебесін иемденген қос қаланың мерейлі мерекесімен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді. Тарих беттерінен тамыр тарта оты­рып, сөзіне Елбасының төл туындысы Астананың бүгінгі келбеті мен ел өміріндегі маңызын арқау етті. «Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылардай болып тұрған елең-алаң кезеңде Елбасының батылдығымен, кемеңгер шешімімен Еуразия төрінде, Сарыарқаның төсінде заманауи Астана бой көтерді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өз қолына тиген соң ұлттың болмыс-бітімін сақтап, болашағын
баян­­ды ету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып, қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл қадам қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған Елордамыз – Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне, әлем елдері бас қосатын достық мекеніне айналды. Ата-бабаның аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған кең байтақ жерімізді сақтап қалудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігін қазақ қоғамы енді ғана түсіне бастағандай», – деді аймақ басшысы. Осыдан соң, Маңғыстаудан арнайы келген ақын Мэлс Қосымбаев осынау қасиетті өлкеге арнау айтып, алашты арқаландырды.
Жырсүйер қауымды дүлдүл өлеңнің буына малыған доданың тізгінін әйгілі сөз жүйрігі Аманжол Әлтаев ұстап, жеребені көрермендерге алдыртты. Осылайша, бұл айтыс басталмай жатып, бұрынғы айтыстардан өзгерек екендігін айшықтай түсті. Нәтижесінде, азуын айға білеген ақындардың жұбы халық алдында белгіленді. Әсем жырларын бөлекше сазымен әдіптеген төкпе жырдың дара өкілдері Қызылорда мен Астананы өлең өрнектерімен суреттеді. Ел бірлігі мен тыныштығы да жүйрік аттай желпініп, тасқын судай екпіндеген жыр жампоздарының назарынан тыс қалмады.
Сонымен, кеш қорытындысында бас жүлдені өткір ой, әдемі теңеу, ұтымды ұйқастарымен дараланып, шашасына шаң жұқтырмаған қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Ал, бірінші орын қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырса, алматылық Рүстем Қайыртай екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Семейдің аруы Әсем Ережеқызы, павлодарлық Қайрат Нұрқанат және жерлесіміз Мұхтар Ниязов үшінші орынға табан тіреді. Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлықтармен марапатталды. Сөйтіп, тұнық өнердің тұңғиығына сүңгіген халық сөз сүлейлерінің керемет кешінен рухани серпіліс алып тарқасты.

Дина ЖҮСІПОВА.
24 ақпан 2018 ж. 1 599 0