30 елдің қатарына қосылуға ұмтылған 30 жыл
30 жыл. Бодандықтан бостандыққа жеткен осы жылдар ішінде еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жинауға бекіндік. Дамыған 30 елдің қатарынан қара көрсету үшін «Цифрлы Қазақстанның» сиқырлы әлемін билеуге бел байладық. Алға «100 нақты қадамды» жоспарлап, мақсатқа жету жолында жігерімізді қайрап келеміз.
Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндікті сүйетін жігерінің, асқақ рухының арқасы екені даусыз. Қазақ мемлекетінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Сан мың бұралаңы көп қазақ елі тәуелсіздікке жету үшін қилы кезеңдерден өтті. Еркіндік пен елдік жолында Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған «ызғарлы Желтоқсан» оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр сепкен тәуелсіздікке бастайды. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.
Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық саясат жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақ рухының күштілігімен сақталды. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. 30 жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғыртатындай біршама жұмыстар жолға қойылды. Биылғы жылы есімізді жидырып, әуре-сарсаңға салған пандемия білім, ғылым, денсаулық салаларына көңіл аудару қажет екенін байқатты. Тәуелсіз елдің білімі жоғары, медицинасы мықты, шекарасы берік болуы керек екенін жылдан жылға ұғына түсудеміз. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Біз – қазақ, ежелден азаттықты аңсаған ел ретінде бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азаттыққа жасалған бір қадам деп білуіміз қажет. Тәуелсіздік – ұлттық, мемлекеттік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ