Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елім деген ерлер ескерусіз қалмасын

Елім деген ерлер ескерусіз қалмасын

Дешті қыпшақ даласын мекен еткен қазақ халқының сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген әрқилы тарихы бар.
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан «ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің» ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Бірақ «Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды». Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақты кешті. Сонау сақтардың әйел патшасы Томиристен соңғы хан Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззат, Ерболдарға дейін қанша рет дала қанға бөкті, қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың асқақ та, айбынды ұранына куә болып, қанша рет «елім-ай» деп, шер төккен халықтың мұңы мен зарына ортақ болды.
«Өжет адам өлімді жеңеді. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің». Қазақ жастары жылдар өте өзінің өжеттілігімен, қайтпас қайсар рухымен дегеніне жетті. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір «соқтықпалы» соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. «Мың өліп, мың тірілген», енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алған еді.
Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті.
Содан бері айлар озып, жылдар жылжып, ширек ғасыр уақыт өтті. Тағдырдың тартуымен Шиелінің бір топ жастары да сол оқиғаның куәсі болып, түрлі келеңсіздікті бастан өткерді.
Бүгінгі күні ардагер деген атқа лайықты ағаларымыз бен апаларымыз сан-салалы орындарда қызмет атқарып, қоңыр тіршілік кешуде.
Бұрындары мектеп оқушыларын отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу мақсатында аталған санаттағы азаматтарды кездесуге шақырып, сыр-сұхбат жүргізіп, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жүріп жатушы еді. Оқта-текте болмаса, кейінгі уақытта осы тақырыптағы шаралар көзге де, құлаққа да ілінбей жатыр. Бұған не себеп?
Тереңірек үңіліп тізбесін жасар болсақ, ауданда қырықтан асатын осындай ардагеріміз бар екен. Жыл көлемінде аталып өтіп жататын айтулы мерекелер мен іс-шаралар кезінде аталған азаматтарымыз да назардан, құрмет көкжиегінен тыс қалмаса екен дейміз.

Бекболат ӘБУОВ,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми-қызметкері

10 қыркүйек 2019 ж. 1 471 0