Азаттық – теңдесі жоқ байлығым
Тәуелсіздік таңы атқалы бері, міне, 26 жыл. Осы уақыт аралығында жас мемлекетіміз қуатты қарқынмен дамып келеді. Міне, еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара Көкшоқы мөлтек ауданындағы «Жадыра» бөбекжайында да жоғары деңгейде аталып өтті. Оған ата-аналар қонақ болып қатысып, бүлдіршіндер мемлекетіміздің осы жылдар аралығында жеткен жетістіктерін өздерінің өлең жолдарына арқау етті. «16 желтоқсан – тарихтағы ұлы күн», «Тәуелсіздік – біздің ең басты бақытымыз», – дейді өз елінің патриот, отансүйгіш өрендері. Шараның көздегені де осы. Жеткіншектерді елін, туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Ертеңгілік барысында қатысушылар еліміздің өткені мен бүгінін саралап қана қоймай, болашағына да ой жүгіртті. Тәуелсіз еліміздің тамыры – жасампаздық рух болса, тұғыры – тіл, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында бейбіт әрі тату ғұмыр кешіп жатқан туған жеріміз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұстаным бойынша тек өркендеп, алға баса бермек.
Елу жылда ел жаңа дейді халық даналығы. Ал біз елу емес, небәрі 26 жылда қарыштап дамыған, төрткүл дүние мойындаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін тарихи жолды бар болғаны ширек ғасырда жетпей жүріп өттік. Ол да болса Елбасымыздың, кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі көш бастар ағаларымыздың еселі еңбегі екені даусыз. Міне, жас ұрпақтың ұғынып, бізге жеткізгені, жеткізуге тырысқандары осы мазмұнның аясына саяды. Сонымен қатар, жүректерді қозғаған көрініс қойылып, әндер шырқалып, би де биленді.
Балабақша қызметкерлері ұйымдастырып, Гүлзира Қапбарова жүргізген кештен зор әсер алған ата-аналар аталған ұжымға өздерінің ризашылықтарын жеткізді.
Дина ӘБІЛАСАН.