Тәуелсіздікке жасалған батыл қадам
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күнін ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы айтқан еді. Араға жылдар салып қабылданған бұл шешім – әр қазақстандық үшін маңызды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы әр мерекенің ерекшелігі бар. Бұл мерекенің мәні мен келешек ұрпақ үшін маңызы жайында біз Қорқыт ата атындағы университеттің тарих және археология білім беру бағдарламалары кафедрасының аға оқытушысы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Шырынкүл Тухмаровамен сұхбаттасқан едік.
– Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, былтыр Мемлекет басшысының оған ұлттық мереке мәртебесін бекітуі көпті қуантты. Сол арқылы мәні айшықтала түскен мерекенің маңызына тағы бір тоқтала кетсеңіз…
– Былтырғы Ұлытауда өткен құрылтайда Президент 25 қазан күніне қайтадан ұлттық мереке мәртебесін беріп, күнтізбеге енгізу керегін айтты. Сөйтіп, мемлекеттік маңызы бар мереке қайта жаңғырды. Оның тарихы расымен әріде жатыр. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің шешімімен егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл декларация тәуелсіздігіміздің алғашқы ақжолтай құжаты болатын.
Ол бізге оңайлықпен келмеді. Тәуелсіздік – кездейсоқ сәттілік емес, бұл – ұзақ және табанды күрес нәтижесі. Біздің ата-бабаларымыз азап пен қиыншылықты бастан өткерді, бірақ олардың рухы құлаған жоқ.
2009 жылы заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді де, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды. Ұлттық құрылтайда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізді. Егемендік декларациясы қабылданған күнді еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді тапсырды. Тәуелсіздік шынымен осы күннен бастау алады. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде бекіту маңызды қадам болды. Бұл тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізері анық.
– Араға 13 жыл салып қайта оралған бұл мерекені ұлықтауда қандай іс-шараларға басымдық берілгені дұрыс? Халық арасында оның мәнін ашып ұғындыруға нендей жұмыстар жасалғаны жөн?
– Иә, Республика күні өз мәнінде қайта аталғаны – ортақ қуаныш. Өйткені, бұл – рухымызды көтеретін мереке. Оны мерекелеу жай ғана бір күндік іс-шарамен шектелмей, мәні мен маңызын аша түсерлік дәрежеде болуы тиіс. Ұлттық мерекеде Қазақстан халқының достығы, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, паш етілгені жөн деп есептеймін. Біз Қорқыт ата атындағы университеттің тарих және археология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, ұжымы мерекенің жаңғыруын жақсы жаңалық ретінде қарсы алдық. Мәдениет пен білімнің қарашаңырағы болғандықтан жастардың ұлттық рухын көтеріп, олардың бойындағы ізгілікті жандандыруда, патриоттық сезімдерін оятуда конференция, дөңгелек үстел, диспуттар өткізіп, ағартушылық бағытта еңбек ете береміз. Бұндай шаралар жыл бойы ұйымдастырылады.
– Бүгінгі буын өкілдерін тәрбиелеуде толағай табыс тілейміз. Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан
Айсәуле ҚАРАПАЕВА