Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге елеулі

Еңбегімен елге елеулі

Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан бала Жеңіс 9 айлығында анадан, 13 жасында әкеден  айырылып, жетім қалғаны аздай, денсаулығы да сыр бере бастады. Небәрі 24 жасында тері ауруының зардабын тартып, таң атқанша денесі қызыл қанға бөгетін оның түн ұйқысы қанбағалы қашан?! Дәрігер атаулының табалдырығын тоздырып, Алматы, Бішкек, Ташкентке ем іздеп барған ол, «Маған жазылмайсың деп диагноз қойған дәрігерлердің бәрі қазір бұл дүниеде жоқ» деп езу тартып еске алатыны бар. Өмір үшін күресуден жалықпаған кейіпкеріміз Жеңіс Әлжанов – зейнет жасына жеткенімен жұмыс істеуден жалықпай келе жатқан еңбекқор адам.
Әжесінің қатаң тәрбиесінде болған Ж.Әбдуәліұлы бала кезден зерек, оқуға деген ынтасы зор болған. «Сабақ оқы» деп күнделікті қадағалап отыратын адам болмаса да, мектеп қабырғасында озат оқушы атанған ол, еңбекке де бейім өсті. 1975 жылы институтты бітіріп, еңбек жолын 1976 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мемлекеттік техника бақылау инспекциясында инженер-инспектор болып бастайды. Ең әуелі техникалық базаның әлеуетін тексеруді қолға алған Ж.Әлжанов 1000-ға тарта шынжыр табанды және дөңгелекті тракторды, 350-ге жуық автомашиналар мен 330 астық комбайндарды байқаудан өткізеді. Егін науқаны біткен сәтте техникалардың жай-күйін бақылап, оның тазалығы мен келер жылға сақталу жұмыстарына баса мән береді. Ауыл шаруашылық техникаларын сақтайтын машина ауласын ұйымдастырып, барлық техниканы бөлектеп, оқшаулау жұмыстарын жүргізді. Осылайша 13 ауылда, ең алғаш Төңкеріс, Ленин атындағы колхозда машина ауласы іске қосылады.  Сол жылдары аудан басшысымен өз саласының білікті мамандарымен кеңесе отырып, аудандағы 5 колхоз, 7 совхозбен 1 мал бордақылау бірлестігінің материалдық техникалық базасын жақсартуды қолға алды.  
Жүйелі жұмыс, қатаң тәртіпті қалайтын инженер-инспектор барлық ауылдық жерлерде семинарлар ұйымдастырып, мәселенің мән-жайына қанығып жүрді. Мәселен, жанар-жағар май сақтайтын қоймаларды бір жүйеге келтіріп, қоршалауды назарға алды. Барлық жұмыс мемлекеттік стандартқа сай сәйкестендірілуін қадағалады. Сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын жөндейтін шеберханалар қажеттігін ескеріп, жоспарға ілінуіне себепкер болады. Үнемі ізденіс, талпынысты қажет ететін шаруаның шашауын шығармай Телікөл, Еңбекші, Қарғалы ауылдарында заманауи техникалармен жабдықталған шеберхананың іске қосылуына мұрындық болды.
Кадр тәрбиелеуде қателеспеу керек
Жаның қалаған жұмысты істеу жігеріңді қайрай түседі. Тындырымды іс көңіліңді тойдырады. Осындай қағидамен саналы ғұмырын ауыл шаруашылық саласында сан түрлі сатыда өткерген Жеңіс Әбдуәліұлының кадр мәселесіне де бей-жай қарамағанын айта кеткенді жөн санадық. Бастапқыда механизатор кадрларын есепке алу, біліктілігін арттырту мақсатында 2 жылда 1 рет тестілеуден өткізуді жолға қойған ол, сан мен сапаның маңызын айшықтайды. Тестілеуден өткен мамандардың айлық табысына үстеме ақы қосып, жұмысшылардың жұмысқа ынтасын арттыруды да ұмыт қалдырмайды. Сонымен қатар білікті кадр даярлау жолында ұстазы А.Мейірбаев пен қызметтес әріптестері Ә.Кенбаев, Ж.Ахметовтармен ақылдаса жүріп, П.Архабаев, Е.Сүйіндіков, Т.Пірназаров, Б.Жақсылықов, Б.Айыпбаев, Қ.Өтебаев, Ә.Ізбасаров, О.Төрениязов, Т.Сәулебеков т.б тәжірибелі мамандар тәрбиелеп шығады.
ЕҢБЕК ЕТІП, МІНДЕТ ЕТ
Әңгіменің әлқиссасында айтып өткендей, Ж.Әлжанов жас­тайынан әжесінің «Еңбек ет те, міндет ет» деген тәмсілімен тәрбиеленді. Тура сөйлеп, адал іс атқаруды құлаққа құйып өскен оның, бүгінгі болмысын сол талапшыл қасиеті ашып тұр. Талап қоймай құр талпынғанды жөн кермейтіні де содан болар.
– Мен қиындықты көп көрдім. Өмірдің өзі күрестен тұрады екен. Кез келген қиындықты еңсеріп, өзіме сенуді үйрендім. Бұл жол адастырмады. Қызмет жолында жүрген кездің өзінде 8 жыл жүріп коммунистік партия қатарына әзер қосылғанмын. Еңбек қылып, елге пайдам тисе маңдай терімнің өтелгені деп білемін. Ол үшін атақ, алғыс сұраған емеспін. Көбісі «Ауданның «Құрметті азаматы» төсбелгісін алдыңыз ба?» деп сұрайды. Бұл құрмет кез келгенге берілмеуі керек. Ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбегі сіңген адамға берілсе «құрметті» деген сөздің салмағын жоғалтпас едік, – деді Ж.Әбдуәліұлы.
Еңбек жолын Шиелі аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мемлекеттік техника бақылау инспекция­сында инженер-инспектор болып бастаған кейіпкеріміз 2 жылдан соң аға инженер-инспектор, 1980 жылдары бас инженер-инспектор сынды сатылармен көтеріле бастайды. Бұл жоғарыда атап өткен жұмыстардың жемісі болса керек-ті. 1986 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен №11 СПТУ-ға директордың оқу ісі және өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне барады.  Одан әрі 1989 жылы Шиелі аудандық №1 Жүк тасымалдау авто кәсіпорны директорының орынбасары болып 12 жыл жұмыс істейді. Сан түрлі тәжірибені жинақтай жүріп, бел жазбай еңбектенген Жеңіс Әлжанов 2003 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторының бос орнына конкурсқа 8 адам болып қатысып, жеңіп шығады. Сөйтіп Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторына тағайындалып, Шиелі ауданына бекітіледі. Жауапкершілігі мол салада еңбек ете жүріп Жеңіс Әбдуәліұлы ауданның әлеуметтік қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Сан-салада еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбек жөніндегі құқығын қорғады. Мұғалімдердің, медицина саласы өкілдерінің, құрылыс, өнеркәсіп, агросалада серпінді еңбек ете жүріп материалдық тұрғыда қаржылай қолдаулар мен мемлекеттік жалақы, сыйақылардан шет қалып, қысым көрген кейбір жандардың жан-жарасына, олардың мұң-мұқтажына аса ден қойып, солардың мүддесін қорғап, тиісті материалдық құқығының сақталуына мән беріп, жанын сала қызмет еткенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан да жетпістің желкенін кергелі отырған ауданның арда азаматын ел-халық құрметтейді, сыйлайды. Қандай ортаға барса да жүзі жарқын. Ешкімнің ала-жібін аттап, қиянат, зорлық-күш қолданбай қызметін адал атқара білген адамды жұртта жақсы көреді. Осы  салада жұмыс істеп, 2013 жылы  Шиелі ауданының мемлекеттік еңбек инспекторы болып зейнетке шығады. Еңбекке әбден төселген кейіпкеріміз зейнеттік жасқа жетсе де, 2015 жылдан бастап Жаңақорған ауданында орналасқан Күкірт қышқылы зауытында директордың кеңесшісі қызметін атқарды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жөніндегі білімін көтеру орталығының Шиелі және Жаңақорған аудандары бойынша менеджері болып қызмет атқарады. Биыл мерейлі 70 жасқа шығып, қарттық белеске жеткен кейіпкеріміз әлі де тынбайды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ 
20 маусым 2020 ж. 541 0