Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бестамның бел құрдасы

Бестамның бел құрдасы

Туған жердің тарихында есімдері еленуі тиіс жандарды Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тереңнен қаузайды. Яғни бабалар салған сара жолдардың бетін жаппаған, елдің ел болып қалыптасуына ат салысқан әр өлкенің аптап ыстығында сая, қарлы боранында пана болған, маңайындағыларға қамқорлық таныта білетін азаматтардың ескерілуі керектігі айтылды. Бұл туған елге, өскен жерге, қара топыраққа, болашаққа деген құрмет.
Киелі Шиелінің топырағын түртсең тарихтан сыр шертіп сала беретіні мәлім. Қойнауы шежіреге толы, әлі күнге дейін толық зерттеліп бітпеген Бестам ауылында еңбекке ет өлтіріп, бейнетпен ғұмыр кешкен еңбек адамдары жетерлік. Олар жайлы сыр шертер болсақ, студенттік кездерден бастаған жөн-ақ.
1964 жыл. Ол кездері студенттерді, оқушыларды күріш орағына бір ай оқудан босататын. Бізде көрпе-төсегімізді арқалап, Ленин атындағы колхозға келдік. Нағыз еңбек майданына келген жастарды орта бойлы, ақ сары кісі жылы жүзбен күлімдеп қарсы алғаны әлі есімде. Егіс даласында тігілген екі қараша үйге барлығымызды жайғастырып, жағдай сұрады.
Таң ата қолымызға орақ ұстатып, жайқалған егіс даласына жібере қойды. Арамызда орақтың не екенін білмейтін қаланың балалары да бар. Сонда әлгі кісі үнемі қасымыздан табылып, майда-шүйдеден ­бастап, барлығын үйретіп отыратын. Күнделікті дала жұмысына таң сәріден кірісіп, егіс даласының қойнына еніп бара жатқанда колхоз басшысы Әзімхан Исмаиловтың дауысын естідік. Оның «Пәтеке, неміс қырғандай қырып тастапсың ғой» деген әзіліне бізді нұсқап «Нағыз жауынгерлер екен» деп бір көтере жауап қайырды. Сонда ғана бізге барлығын ерінбей үйретіп жүрген осы колхоздағы Ленин бөлімшесінде №1 өндіріс бригадасының бригадирі Пәтеш Рыспанбетов екенін білдік.
Ол 1919 жылдың сәуір айында Тартоғай өңіріндегі Байсал бауы деген жерде дүние есігін ашады. Жастайынан тұрмыс тауқыметін тартып, еңбекке ерте араласады. Жалындаған 20 жасында дертке шалдыққаны аздай, жан біткенді жалмаған ашаршылықтың кермек дәмін татады. Қаншама рет әскери комиссиаратқа барғанымен соғысқа баруға денсаулығы жарамай рұқсат ала алмайды. Алайда, елім, жерім деген рухы құлаған жоқ. Еңбектеген баладан еңкейген кәрі, әйелдердің бірігуімен майдандағы ауыртпашылықты көтеруге бел шеше кіріседі. Мұз жастанып, қар жамылған алапат соғыстың салқыны кімге тимеді? Техника жоқ. Каналды колмен қазып, қыз-келіншектер түнімен диірмен тартты. Нан жауып, бала бағып, егін орды. Осындай қиын-қыстау мезеттерде күші білегінде болмаса да, елге жол көрсетіп, жөн сілтер азаматтар керек еді. Сұрапыл соғыс өтсе де, ізі оңайлықпен өшпеді. Ел есін жиып, еңсе көтере бастаған 1955 жылдары 2-3 астық жинайтын комбаиндар келе бастады. Сол тұстарда істің шырайын шығарып, қиюын келтіре қоятын Пәтешті колхоз басшылары аңғарып, 1962 жылы №1 өндіріс бригадасының бригадирі етіп тағайындады. Ауылдың тыныс-тіршілігі сол кездері ұйымдастырылған осы өндірістік бригаданың тікелей жауапкершілігінде болды. Ол бригаданы 17 жыл басқарып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қамба астыққа толып, төрт түлік малдың қатары көбейді. Егістік жерлер инженерлік жүйеге келтіріліп, жолдар, ауылдық клуб үйі, мектеп, дәрігерлік пункт, сауда дүкені салынып, ауылға электр жарығы тартылды. Ауылдың бет-бейнесі айшықталып, жаңара түсті. Осыншама істің бәрі бір адамның қолынан келе қалар дүние емес, әрине. Сол кездегі басшылар Ә.Исмаилов, Т.Аппасов, С.Әбішев, Ш.Қалымбетов, партиумның хатшылары Ж.Рысманов, Ө.Исаханов, М.Садықов, С.Жарасов, бас маман, агроном К.Сыздықов, гидротехник Г.Құлмырза, Н.Жанжігітовтердің қолдауы нәтижелі жұмыстың кепілі.
Өндірістік бригада бірнеше жылдар бойы ауданның ауыспалы қызыл туын жеңіп алды.Қолы тиген іске жан бітіретін П.Рыспанбетов 1965-1967, 1969-1971 жылдары Шиелі ауданы еңбекшілер депутаттығына депутат болып, халық қалаулысына айналды. 1967-1968 жылдары екі мәрте КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медалімен, 1970 жылы В.Лениннің 100 жылдығына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Қазақ ССР ауыл шаруашылық министирлігінің «ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің социалистік жарыстағы үздігі» төс белгісін иеленді. Сонымен қатар «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Туған жерге деген махаббаты, еңбекқорлығы кеудесін медальға толтырса, ақыл-парасаты елге сыйлы, қазыналы қартқа айналдырды. 1979 жылы бейнеттің зейнетіне жеткен Пәтеш аға 2003 жылы 84 жасында дүниеден озған еді. Басынан небір қилы кезеңдерді өткерсе де, еш мойымаған еңбек адамының осындай ерек бейнесін өскелең ұрпақ ұмытпаса екен.

Айжамал Әбдіхамитқызы
19 қараша 2019 ж. 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031