Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайқалған бақ – өмірлік бақ

Жайқалған бақ – өмірлік бақ

Туған жерден жырақ жүрсек те, ел ахуалына құлағымыз түрік астаналық жерлестерге Шиеліден суық хабар жетті. Халқына сыйлы азамат Пердәлі (Перден) Сейдахметұлы Архабаев ағамыз сексенге қараған жасында дүниеден өтіпті. Елге барған кезімізде сәтіне қарай көпшілік жиындарда кездесіп, жылы шыраймен сәлемдесіп, жағдай сұрасып тұратын аяулы ағаның жарқын келбеті көз алдыма келді.

Етене араласып кетпегенмізбен, ел ішінде Перден аға туралы естіген жылы сөзіміз, өмір жолынан білген мәліметтеріміз баршылық. Соларды саралайтын болсақ, ол өзімен тұстас замандастары сияқты тұрмыс-тіршілік жағдайына байланысты еңбекке ерте араласады. Шиелі қамыс зауытына жұмысшы болып орналасады.Жұмысшылыққа да мамандық қажеттігін түсініп, 1960 – 1962 жылдары Шымкент қаласындағы техникалық училищеде токарь мамандығын меңгереді. Өте еңбекқор, ізденгіш жас маман Перден кәсіби шеберлігі  шыңдалып, ауданда өтетін токарьлар арасындағы кәсіптік біріншіліктерде үнемі озық шығып жүретін деп еске алады замандастары.

Әскери борышын өтеп оралған соң Перден Шиелі ауданында «Қызылту» ұжымдық шаруашылығында (колхоз) шеберхана меңгерушісі болып тағайындалады. Келе-келе жоғары білім алған талапты инженер-механиктің іскерлік қабілеті бағаланып, колхоздың бас инженері, ауыл шаруашылығын химияландыру кәсіпорнының директоры, аудандық ауылшаруашылығы басқармасы төрағасының орынбасары, Ы.Жақаев атындағы колхоз басқармасының төрағасы, Шиелі ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудандық жер ресурстары комитетінің төрағасы, аудандық орман шаруашылығының директоры болып жемісті қызмет етті. Қай жерге іскер басшы, ұйымдастырушы қажет болса, П.Архабаев сол жерге жұмсалды.

Қызылорда облыстық мәслихатына, Шиелі аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де белсенді еңбектен қалмай Шиелі аудандық қоғамдық кеңесіне төраға болды. Елге қызмет – абыройлы міндет деген өмірлік бұлжымас ұстаныммен еңбек етті, сеніп тапсырылған іске өте ыждағаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарауы оны халық құрметіне бөледі. Шиелі ауданының құрметті азаматы атанды.

Тағы бір азаматтық ұстанымы – қамшының сабындай қысқа ғұмырда қолдан келгенінше өнегелі өмір сүру керек дейтін қағида. Ата-бабамыздан жеткен «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген өнегелі сөз бар. Перден Архабаевтың мамандығы инженер-механик бола тұра, өмірінің бір кезеңінде нағыз орманшыға, бағбанға айналды. Шиеліде орман шаруашылығын дамытуға көп еңбек сіңірді, облыстық саябақ күтіміне басшылық етті, артында жайқалған бақ қалды. Жайқалған бағы – азаматтың өмірлік бақ-бақыты, өнегелі ісі – өмірдегі ізі деген осы. 

Жер кодексіне жерді сату, шетелдіктерге жалға беру сияқты елеулі өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар халық талқысына шығарылған кезде Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның Қызылорда облысында өткізген арнайы талқылау жиынында алқалы топ алдында халықтың, мемлекеттің тағдырын, ғасырлардан ұрпаққа ұрпаққа мұра болып келе жатқан ата-баба аманатын қорғауға белсене қатысты. Осынау өзекті өмірлік мәселеде мемлекеттік комиссияның ресми ұсынысына қарсы өткір пікірін айтып, халық үнін жеткізе алған табанды азаматтардың бірі – Перден Архабаев еді.

Жаныңыз жәннатта болсын, елім деген аяулы аға. Бақұл болыңыз, қош...

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
Қызылорда облысының құрметті ардагері
09 мамыр 2023 ж. 81 0