Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайраткер

Қайраткер

Өз елінің патриоты болу, туған жерін, оның халқын сүю кез келгеннің маңдайына жазылмаған. Қызмет бабымен туған жерден жырақта жүріп елін сағынатын, ретін тауып ағайындарына бір соғып, сәлемдесіп тұратын адамдар да сирек. Осындай ауылға ат басын жиі бұрып тұратын арда азамат Абдолла Дәулетұлы болатын.
Ауданда өтетін игі іс-шаралар, еске алу кештері, ас беру, алтын күз т.б. мерекелердің мәртебелі қонақтары арасында «солай де» деп, алға бастап абыз ақсақалымыз Әбекең жүретін. Жайсаң жан дүниесімен дұшпанының да тас жүрегін елжіретіп, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, адамды қабағына қарап ажырататын. Өз ­замандастарын, әріптестерін білім-парасаты, адами қасиеттері, салқынқанды мінезі арқылы иландырып, ағайын-туыстары мен достарына шынайы адал еді. Өмір жолын қатардағы мұғалімдіктен ­бастап, партия-кеңес органдарында қызмет жасап мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген, есімі аймаққа әйгілі Абдолла Дәулетұлы өзгелерден осындай қадір-қасиетімен ерекшеленетін.
А.Дәулетұлы 1931 жылдың 1 мамырында Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылында дүниеге келген. Мектепті үздік оқыған ол, 1948 жылы Қызылорда мемлекеттік Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, тарихшы-ұстаз мамандығын алып шығады. 1952-1955 жылдары Ташкент қаласындағы Абай атындағы №28 қазақ-өзбек мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы болып еңбек жолын бастайды. Одан кейінгі жылдары Шиелі ауданында орта мектептерде ұстаз, аудандық оқу бөлімінде инспектор, аудандық партия комитетінде насихатшы, үгіт-насихат бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. Саяси шыңдалған, жас коммунисті 1963 жылы Қызылорда облыстық партия комитеті қызметке шақырып, нұсқаушы, облыстық саяси-ағарту үйі бастығының орынбасары, 1967-1971 жылдары идеология бөлімі бастығының орынбасары болады. 1972-1978 жылдары аралығында облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі, 1979-1982 жылдары партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. 1982 жылы облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Он жылдан аса жауапты қызметті мінсіз атқарған Әбекең 1991 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң да, 2001 жылға дейін облыстық атқару кеңесінде жауапты қызметтер істейді.
Ол коммунистік партияның адал әрі осы саласын жетік меңгерген солдаты болатын. Білімді, ақыл-ойы зерек, есте сақтау қабілеті ерекше, өте сабырлы, салмақты кісі еді. «Шырағым, қалқам, көкем» деп айналып-толғануды ұнататын. Інілерінің есімдері соңына жан сөзін қосып, “Өркенжан, қалайсың?” деп тұратын. Адамдармен шындап амандасатын. Өтірік айтқанды әсте жақтырмайтын. Жеңгеміз Еленаны жанындай жақсы көретін. Сүйген жарын, жұбайын аса құрметтеп, арасында еркелетіп отыратын. Жалпы Абдолла аға өнерде сыйлы, көпшіл, көп оқыған, көп білетін, соларды айтқысы келіп үнемі шабыт үстінде жүретін ақынжанды, қаламы қарымды жазушы, кеудесі алтын сандық ардагер болды. Ол 2001 жылдан өмірінің соңына дейін Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы ­бастауыш ардагерлер ұйымын басқарды. А.Дәулетұлы ұзақ жыл облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болып, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласты. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, мол тәжірибесімен бөлісті. Өзінің тәңір берген қабілеті ме, әлде тарихшы маман болған соң ба, әйтеуір ол кісі тек Шиелі ауданының ғана емес, Қызылорда облысының тарихын жақсы білетін. Сол кездері қызмет еткен адамдардың түр-түсін, аты-жөнін, не істегеніне дейін айтып беретін. Кейде кабинеттеріндегі жұмыс телефондарының нөмірін еске түсіріп, таңдандыратын. Қоғам қайраткері А.Дәулетұлының қоғамға сіңірген еңбектері бағаланбай қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының ХІІ, Қазақстан компартиясының XV, XVI, XVI сьездерінің делегаты болып сайланды. «Құрмет белгісі» орденімен, оннан астам мемлекеттік медалдармен марапатталған. Сонымен қатар А.Дәулетұлы Қызылорда облысы және Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Қадірменді Абдолла ағамыз құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін шығармашылықпен белсенді айналысып, бос уақытын қалай өткізудің, жалпы қалай қартая білудің үлгісін, әдісін, ләззатын көрсетіп кетті. Оның қаламынан туған «Өмір өрнектері», «Ыбырай тағылымдары», «Мәуелі әулет», «Сыр саңлақтары», «Нұрлы жол», «Иман ұялаған мекен», «Ардагерлер – ел тірегі», «Толымды тұлғалар», «Қыпшақтар мен Қазақтар» кітаптары Қызылордадағы «Полиграфия – баспа үйі» баспасынан жарық көрді. Абдолла ағамыз тарихшы ретінде облыстық қыпшақтар қауымдастығын құрып, оны басқарып, ағайындардың ататекті таным, әруақтарға қызмет көрсетіп, олардың ынтымақшыл қарым-қатынас жасауына барынша ұйытқы болды. Ол «92 ­баулы қыпшақ: Бұлтың ата ұрпақтары және Торы ата ұрпақтары» шежіре кітаптарының жинақталып, жазылып, баспадан жарық көруіне басшылық жасап, ақыл-кеңесін беріп отырды. Ғұмырында сыйласып өткен зайыбы Елена Сыздыққызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеген, немере, шөбере сүйген асыл әке, ардақты ата, ел үшін еселі еңбек еткен, беделі биік абыз ақсақал, облыстың «Құрметті азаматы» Абдолла Дәулетұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында жарқырай береді. Туған жеріне жиі келіп тұратын Абдолла ағамыз жарқылдай күліп, «Армысыңдар, бармысыңдар, шиелілік жігіттер!» деп, сол жердегілерді шаттандырып, қанаттандырып жіберетін. Ондай ағалар қайда қазір? А.Дәулетұлы туған жерін, елін, Бәйгеқұмы мен Шиелісін сүйіп өтті. Оны оның шығармалары және кітаптарынан аңғарамыз. Ол мемлекеттік қызметтерінде де, ардагерлік қоғамдық жұмыстарында да халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтап, барын мақтап, базар етіп жүретін қарапайым азамат болды.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
19 қараша 2019 ж. 522 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930