Рухани байлығым – кітап
Бала күнгі жағдайлар әлі есімнен кетпейді. Бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенімде сабақтан үйге келіп, сөмкемді лақтырып тастап малдың соңында жүрген әкеме көмектесемін. Асығатыным, бір жағынан әкеме жәрдемдесу, екінші қойын-қонышыма кітап салып алып, соны оқуға, асығу еді. осы уақытпен салыстырғанда ол заманда (Тартоғай, Майлытоғай ауылындағы) кітапханаларды айналып шықпайтынбыз. Әсіресе, көркем әдебиет көп оқылатын. Майлытоғай ауылындағы кітапханада оқырман-жанашырлары Әби Дүйсеманов, Расул Серіков кейіннен Қызылорда педагогикалық училищесін бітірген Құрманай Жарылқапқызы еңбек етті.Ауыл клубындағы кітапхана үйінде ол кезде патефон (радиола дейтін) болатын. Патефон табақшасынан атақты күйшілер Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Диналардың күйлерін тыңдап әсер алатынбыз. Әбекең мандолинада ойнайтын. Біздің бала көңіліміз Әбекеңнің, Расулдың үй жағына ауып тұратын. Ауылдағы «ең қабаған ит» сол Әбекең мен Расулдың үйлерінің айналасында екенін ұмытып кететінмін. Ауылдағы ең көп кітап оқитын отбасылар осылар болатын.
Қазір бірлі-жарым тұрғындар болмаса, біздің қатарымыздың біразы кітаппен қоштасқандай. Ауыл кітапханасына бүгінде жаңа кітаптар көптеп келіп жатыр.
Мен Бидайкөл ауылдық кітапханасынан үзбей кітап алып оқимын. Мұнда да жаңа басылымдар оқырманын таппай тұрғаны қаншама? Ауыл ақсақалы, жасы сексенге таяған Ақылбек Жұманқұловтың көптеп кітап алып оқып жүргенін кездестіремін. Кітап оқитын оқырман, ауыл жастары некен-саяқ. Оқу тоқтаған жерде ой да тоқтайтыны, тоқырайтыны әзелден мәлім.
«Өмір деген – оқу ғой» деген ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Әзімхан Исмайлов ағамыздың осы сөзі менің әлі күнге жадымда сақтаулы. Өз басым әрбір бос уақытымды кітап оқуға, жаңа басылымдарды тауып оқуға арнаймын.
«Моя родина там, где моя библиотека» деп сірә, тегін айтылмаса керек. Сол бір қазыналы кітапхананы сағына еске аламын. Бүгінде мейірім мен махаббат, сезімталдық, күн өткен сайын жүдеп-жадап бара жатқандай, бәз біреулерше шошынатын кездер де кездесіп қалып жатады.
2019 жылды Елбасының «Жастар жылы» деп хабарлауына байланысты бүгінгі жастар жан-жақты жетіліп, дамуы үшін интернет, ұялы телефонды ғана біліп қоймай, кітап оқу арқылы жан дүниесі, рухани жаңғыруға туған елін, жерін, табиғатын, Отан анасын, тілін, дінін, ділін баршасын сүйіп, аялауына бар мүмкіндік табады.
Туған еліңнің, жеріңнің табиғатын, оның Еңбек Ерлерін, зиялы қауымын білгің келсе, сатирик-жазушы, журналист жерлесіміз Нұрмахан Елтайдың «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы» атты еңбегін оқысаңыз, еліңнің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен толық мағұлмат аласыз.
Солай, кеше бізді тайлы-таяғымызбен тәрбиелеген әдебиет – бүгін бізден қашып бара жатқандай, құндылықтарымызды енді тергіштеп жүргендейміз. Әдебиеті жоқ елден әдеп те жоғалмақ. Ғылыми сараптамаларға сүйенсек, әдебиет көп оқылытан елде қылмыс болмайтын көрінеді. Кітап оқылмаған жерде тобыр қалыптасады. Бізді де әдебиет тәрбиелеген.
Кітаппен қоштасудан артық қасірет бола ма? Оқымаған ел озбақшы, қарап жүріп тозбақшы. Әдебиет, әсіресе, өнер өшсе, тек заң үстемдік етсе, ел кіндігінен ажырап, тобырға айналатынымыз бесенеден белгілі.
«Азаппен келген даңқ – мәңгілік», – дейді Қадір ақын. Ендеше, мәңгілік әдебиетті қадір тұтайық ағайын! Сонда кітаппен қоштасудың әлі ерте екенін терең сезінеміз.
Оразбек Жұмаділұлы,
Бидайкөл ауылы.