Кітап – рухани байлық
Бала күнімдегі жағдайлар әлі күнге есімнен кетпейді. Алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүрген кезім. Сабақтан үйге келіп, сөмкемді лақтырып тастап, мал бағып жүрген әкеме көмектесуге асығамын. Асығатыным, қойныма (қысы-жазы) кітап салып алып, соны оқуға, кітапқа деген құштарлық, қызығушылық алабөтен еді.
Қазіргі күнге қарағанда, ол заманда оқу мәселесі шешілгендей еді ғой. Ауыл кітапханасынан іздеген кітабыңды табатынсың. Әсіресе, көркем әдебиет көп оқылатын. Тіпті, солай бола тұрса, қазіргі жастар кітап оқымайды дейтін әңгіме сол кезде де айтылып қалатын. Бірақ, мен үшін осы ауылдағы жалғыз оқырман, жалғыз кітап жанашыры Әби Дүйсеманов болатын. Неге десеңіз, мен осы кісінің әрдайым кітап ақтарып, кітапханада отырғанын көретінмін. Ол мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде бізге пионер тәлімгері болып, тәрбиелі, өнегелі болуға, бізді кітап оқуға ынталандырып, қолынан кітап түспейтін. Бертін келе сол кездегі потефоннан күй атасы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Динаның күйлерін тыңдап, әсер алатынбыз. Әбекең музыка (мондолинде) ойнайтын. Біздің бала көңіліміз сол жаққа ауып тұратын. Ауылдағы ең қабаған ит сол Әбекеңнің үйінің айналасында екенін ұмытып кететінмін. Ауылдағы ең көп оқитын отбасының бірі де осы еді. Қазір бірлі-жарымы болмаса, біздің қатарымыздың біразы кітаппен әлдеқашан қоштасқандай. Өйткені, кітап оқитын адаммен кітаптың бетін ашпайтын адамның әңгімесінен-ақ көрінеді. Қазір ауылға кітап көптеп келіп жатыр. Күнбе-күн жаңа басылымдар, тіптен, атын естіп көрмеген жазушылардың шығармаларынан көз сүрінеді. Қазір ауыл тұрғындары, жастарымыз кітап оқымайды. Кітапханаға келіп, кітап оқитын оқырман некен-саяқ. Оқу тоқтаған жерде ой да тоқтайтыны, тоқырайтыны әзелден мәлім. Өз басым әр күнімді кітаппен, жаңа басылымдарды тауып оқуға уақытымды сарп етемін. Ауылдағы жастарды қайдам, зейнет жасындағы, ардагер, жасы 80-ге таяп қалған. Ақыл Жұманқұлов ағамызды ғана кітапханада кездестіремін. Бұл кісі бір оқығанда төрт-бес автордың (проза, поэзия) жанрын таңдап алып үзбей оқып келеді. Күні бүгінге дейін қаншама кітап оқыппыз-ау, бірақ, алғаш оқуға деген құштарлық Майлытоғай және Тартоғай ауылдары құмар көңілдің бастауы, ой, сыр әлемінде жасаған алғашқы талпыныстың куәсі болған сол кітапханаға замандасымыз (Құрманай меңгерушісі болған) ештеңе жетпейді. «Моя родина там, где моя библиотека» – деп сірә, тегін айтылмаса керек. Сол бір қазына толы үйді – кітапхананы сағына еске аламын. Бүгінде мейіріммен махаббат, сезімталдық, күн өткен сайын жүдеп-жадап бара жатқандай, баз-біреулерше шошынатын кездерім көбейді. Сол кезде бізді тайлы-таяғымызбен тәрбиелеген әдебиет бүгін бізден қашып барады. Әдебиеті жоқ елден әдеп те жоғалады. Базбір ғылыми сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, көп оқылатын елде қылмыс болмайтын көрінеді. Әдебиет оқылмаған жерде тобыр қалыптасады. Тобыр (социум) әдебиет пен тұлға (индивидум) арасы қазір алшақтап кетті. Бәрімізді әдебиет тәрбиелеген. Кітаппен қоштасу, бұдан артық қасірет бола ма? Оқымаған ел кімнен озбақшы, қарап жүріп тозбақшы. Әдебиет, әсіресе, өнер өшсе, тек заң үстемдік етсе, ел кіндігінен ажырап, тобырға айналатынымыз бесенеден белгілі. Әдебиет – ар азабы. Сол азаппен алысқан, арпалысқан жазушы келеді көз алдыңа. «Азаппен келген данқ, мәңгілік» – дейді Қадыр ақын.
Ендеше, мәңгілік әдебиетті қадірлейік, ағайын! Сонда кітаппен қоштасудың әлі ертерек екенін терең сезінесіз.
Оразбек Жұмаділұлы.
Бидайкөл ауылы.