Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер өмірі – жастарға өнеге

Ардагер өмірі – жастарға өнеге

Өткен «Жас­тар жылы» аясында аудандағы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бірқатар шаралар қолға алынған болатын. Соның бірі кейінгі ұрпақ пен аға буынның арасындағы байланысты нығайта түсетін, өмірден білген-түйгені мол, айтары көп ардегерлердің жас ұрпаққа өнегелі өсиетін сіңіретін үлкен мектептей болған «Тұлғатану» жобасы еді.
Бұған дейін аталған жоба аясында өңірдің өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек еткен, зейнетке шықса да қоғамнан алыстамай, төрелік айтып, халықты ауызбіршілік пен ынтымаққа үндейтін, ауданның аузы дуалы бірқатар ардагерлерімен жастар кездесу өткізген болатын. Жастарға берер тәлімі мол рухани шара биыл да өз жалғасын табуда. Жастар ресурстық орталығының маманы Ынтымақ Боранбайұлы жүргізетін «Тұлғатану» жобасының кезекті кездесуі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы – Пердәлі Архабаевқа арналды.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Тәуелсіз елдің қай өңірінде болмасын, өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын азаматтар аз емес. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», дербес зейнеткер, ерен еңбегі үшін медалінің иегері Пердәлі Архабаев та ел үшін еңбек етіп, ұрпаққа үлгі болған азаматтардың бірегейі.
Ол – көркейту-көгалдандыру бағытындағы аймаққа сіңірген еңбегімен елге белгілі жан. Облыс орталығындағы жасыл желекке бөленген Тұңғыш Президент паркінің орналасқан жерінен ­бастап сызбасы, алғашқы көшеттерін егу, оны жайқалтып өсіру жұмыстарына бар күш-жігерін арнап, басы-қасында жүрген де Пердәлі ағамыз болатын. Оның осы еңбегін ескерген аудан бас­шылары Шиеліден даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың атынан саябақ ашып, соны қолға алуды ұсынады. Ел үшін еңбек етуді ұран еткен азаматтың бұл ұсыныстан бас тартпасы анық еді. Көп кешікпей жұмысты бастап та кетеді. Бүгінде сол саябақ аудан халқының бірден-бір демалыс орнына айналған. Отау құрып жатқан жас жұбайлардың бәрі бірдей сол жерге барып, естелік суретке түсетін дәстүр де бар. Бұл кейіпкеріміздің ауданның дамуы үшін қосқан үлесінің бірі ғана. Бұдан бөлек әлеуметтік, экономикалық бағытта да жасаған жұмыстары аз емес.
«Еңбегі ерек, болмысы бөлек» атты шараға қатысушылар алдымен Пердәлі Сейдахметұлының өмірі мен еңбек жолынан арнайы дайындалған бейнеролик тамашалады. Одан соң аудан жастары мен мектеп оқушылары тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тұщымды жауап алынды. Әке жайлы әсем ән де орындалып, кештің көркі қыза түсті. Жастайынан еңбекке ерте араласқан П.Архабаев та өмірден білген-түйгенін, жетістікке жетудің жолдары мен абыройлы еңбек етудің сырын бөлісіп, жас­тарды ерінбей еңбек етуге, елдің дамуы үшін аянбай тер төгуге шақырды. Әсерлі кездесудің соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, тарасты.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
07 ақпан 2020 ж. 1 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930