Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пердәлі Архабаев, қоғамдық кеңестің төрағасы: Елге қызмет – абыройлы міндет

Пердәлі Архабаев, қоғамдық кеңестің төрағасы: Елге қызмет – абыройлы міндет


Қазақстан Республикасында «Қоғамдық кеңес туралы» 2015 жылы заңға сәйкес республикалық және жергілікті деңгейде, оның ішінде аймақтық қоғамдық кеңес құрамын қалыптастыруға байланысты жұмыс топтары құрыла бастады. Сол уақыттан бері Қазақстанның барлық аймағында қоғамдық кеңестер жұмыс жасауда. Аудандағы біршама істердің атқарылуына септігін тигізіп, елі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтардан құралған қоғамдық кеңестің орны бір төбе. Айта кетейік Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 99-шы қадамына сәйкес 2016 жылы аудандық қоғамдық кеңес құрылған болатын. Заңға сәйкес қоғамдық кеңес өкілеттілігінің мерзімі 3 жылды құрайды. Осылайша ағымдағы жылда аудандық мәслихаттың 36/3 шешімімен 15 адамнан тұратын қоғамдық кеңестің жаңа құрамы өз жұмысын бастап кетті. Осы аптада орайы келіп аталған кеңестің жаңа төрағасы Пердәлі Архабаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жақында қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайландыңыз, сол туралы айтсаңыз?
– Қоғамдық кеңес – қоғамның өзекті мәселелерін талқылайтын ашық алаң. Мен зейнет жасында болсам да, сеніп тапсырылған іске өте мұқият, үлкен жауапкершілікпен қараймын. Алдағы уақытта қоғамдық кеңестің құрамымен жоспар бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз.
– Қоғамдық кеңестің құрамы қандай?
– Қоғамдық кеңес – ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизмнің рөлін атқарады. Сондықтан қоғамдық кеңестің құрамы қарапайым адамдардан құралмайды. Олардың барлығы аудан көлемінде тұрғындар арасында беделді және әрбір салада өз еңбегімен танылған аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, «Әйелдер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбет, Қазақстан коммунистік халық партиясы Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы Ә.Алдияров, аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ғ.Күлбаев, ардагерлер С.Оразымбет, С.Берімбетов, Қ.Сүгірбаев, Ә.Оспанов, Т.Баймағанбетов, аудандық ветеринария бөлімінің маманы Т.Бабасов, аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахманов сынды азаматтардан құралған.
– Қоғамдық кеңестің негізгі жұмысы қай форматта орындалады?
– Қоғамдық кеңестің жұмыс формасы – ­отырыс, яғни, жиын. Ол ашық түрде жүргізіліп, қатысуға ниетті азаматтар түгел келе алады. Қоғамдық кеңестің жұмысының ашықтығы мен жариялылығы заңмен ескертілген. Сондықтан мемлекеттік органдарды, БАҚ өкілдерін, кәсіподақ және басқа да мекемелерді, сарапшыларды, мамандарды шақыруға болады. Ал алқа мүшелері екіден үш бөлігінен кем болмауы тиісті. Осылайша жоспардағы өзекті мәселелер түгел қаралып, жиын барысында талқыланады.
– Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдармен қалай жұмыс жасайды?
– Ең алдымен мемлекеттік органдардың жұмыс қорытындысы бойынша есебін тыңдаймыз. Тыңдау барысында жұмыстарына объективті баға беру – тыңдаушылардың, яғни қоғамдық кеңес мүшелерінің, ашық дауыс беруімен есептеледі. Тыңдау процесі – кемшіліктерді түзеуге, пікірлер мен ұсыныстар алуға, екі жақты ортақ шешімге келуге мүмкіндік жасайды. Шешім тыңдаушылардың жартысынан көбі мақұлдағанда қабылданады.
– Сөз барысында жоспар деп айтып қалдыңыз, алдағы жоспарлар қандай?
– Көпбалалы аналарды тиісті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуын қадағалау т.б. көптеген жоспарлар бар. Алла абырой берсе, бәрі заңға сәйкес орындалады.
– Еңбек жолын алғаш қай жолдан бастадыңыз?
– Мен отбасымның жағдайына байланыс­ты еңбек жолын жастайымнан бастадым. Алғаш Шиелі қамыс заводында жұмысшы болып істегенім бүгінгідей есімде. 1960-1962 жылдары Шымкент қаласындағы техникалық училищесінде токарь мамандығы бойынша білім алдым. Арасында Отан алдындағы борышымды өтеп, аға сержант болып елге оралдым. Келген соң мамандығым бойынша қайта жалғастырдым.
– Қазіргі таңда ауданның «Құрметті азаматы» деген атағыңыз бар, жалпы қандай қызметтер атқардыңыз?
– Әскерден оралған соң Қызылту колхозының шеберхана меңгерушісі, «Сельхозхимия» мекемесінің директоры, аудандық ауылшаруашылығы төрағасының орынбасары, Ы.Жақаев колхозының бастығы, аудан әкімінің бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық мекемесінің төрағасы, аудандық жер ресурстары комитетінің төрағасы, аудандық орман шаруашылығының директоры және т.б. Мен өзім басқарған 9-10 үлкенді-кішілі мекемелердің өркендеп дамуына шама-шарқым келгенше өз үлесімді қостым. Әр жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі ғой, әрбір қызмет еткен орыным мен үшін өте ыстық әрі қымбат.
– Қазір зейнет жасындасыз, сізге қоғамдық жұмыстар кедергі келтіріп, қиындық тудырмайды ма?
– Иә, зейнетке шыққаныма 7 жылдың көлемі болды. Бірақ мен қоғамнан тыс қалған емеспін. Ол маған жат әдет. Зейнеткерлікке шықсам да еңбекке етене араласып, елге адал қызмет етіп келемін.
– Еліне еңбегі сіңген ардагер ретінде өскелең ұрпаққа қандай ақыл немесе кеңес айтасыз?
– Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда қолдан келгенше өнегелі өмір сүру керек. Елбасы Н.Назарбаев та «XXI ғасыр – білім ғасыры» демеп пе еді? Сондықтан заманға сай өте білімді, сауатты болыңдар, тіл үйреніңдер, аянбай еңбек етіңдер, белсенді болыңдар. Мақсат қойып, соған жете біліңдер дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан
Фариза КЕНЖЕШОВА

26 маусым 2019 ж. 1 262 0