Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес көтерген келелі мәселе

Қоғамдық кеңес көтерген келелі мәселе


Ауданда қаралатын шаруа жетерлік. Өткен аптада «Нұр отан» партиясы шиелі аудандық филиалында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда бірнеше мәселе қозғалды.
Көп созбай басталған отырыста ортаға ең алғаш аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман баяндама жасады. 2018-2019 жылғы жылу беру маусымына даярлық барысы талқыланды. Өзекті әңгіме – көмір. Баяндамашыға тек нақты сұрақтар қойылды. Қоғамдық кеңес мүшелерінен тұрғындарға көмірді таразыға тартып беру жайында бірнеше ұсыныстар жасалды. Осы тұрғыда Д.Аман «Ауданға көмір тек бір ғана жерге келеді. Таразымен тарттырып алуды сұраған тұрғындарға беріліп жатыр. Бірақ, тұрғындар көлікке ақшасын беріп, үйде отыруына байланысты реніштер туындауда» деп нақты тоқталды. Рас, осы көмір тұрғысында біраз бұрын біз де газет бетінде қалам тербеген болатынбыз. Көзімізді жеткізу мақсатында таразыға тарттырып та алдық.
Жиында тек көмір емес, ауызсу жайында да сөз қозғалды. – Ауданға су толықтай жетіп тұр. Жаздың аптап ыстығы, егіннің уақыты біткесін су толықтай 24 сағат бойы ағып жатқанын мәлімдеді Серік Шакиров. Қоғамдық кеңестің төрағасы Жақсылық Әлиев жаздың уақытында да, қыстың қақаған суығында да ауданымызға су толықтай берілуі керектігін алға тартып, нақты тапсырмалар берді. Жер бөлімінен сөз алған Ерлан Мақұлбеков те ауданымыздағы игерілмей жатқан жерлерге аукцион жүргізу, жалға алып пайдаға асырылмай тұрған жерлердің салығын 10 есеге дейін өсіру туралы ұсыныс жасады. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы барысында аудан көлеміндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, біршама істер мақұлданып, нақты шешімдер де қабылданды.

Бекжан Ержігіт.
10 қараша 2018 ж. 1 251 0