Қатты отын – қат емес
Жұмысың нақты болса, қыстың қаттылығы әсер етпейді. 2018-2019 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысы жайында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман брифинг өткізді.
Қыстың қамын – жаз ойла. Сары аязда сабылып, Шұбаркөл көмірін іздеп шұбырамыз кейде. Бірақ, биыл халық қиындық көрмеуі үшін дайындық ерекше жүргізілуде. 2018-2019 жылғы жылу беру маусымына аудан бойынша 156 әлеуметтік нысан қатысуда. Оның ішінде 118 нысан қатты, 28 нысан сұйық отынмен, қалғаны газбен жылытылады. Аудан бойынша бюджеттік мекемелерге қажетті қатты отын қоры 13,5 мың тонна болса, бүгінгі күні 6991 тонна қатты отын келісім шартқа сәйкес мекемелердің қоймаларына жеткізілген. Ал, жеке тұрғындарға 26 мың тонна қатты отын қажет деп есептелуде, алайда, 20 мың тоннаға кәсіпкерлермен келісім шарт жасалынып, 7,2 мың тоннасы жеткізіліп, таратылуда. Сондай-ақ, сұйық отын қорын жеткізуші мердігер мекемелер анықталып, қажетті 2052 тонна сұйық отынның 805 тоннасын жеткізді. Шарт бойынша сұйық отын қоры мекемелердегі сұйық отын сақтайтын қоймалардың сыйымдылығы аз болуынан мердігерлердің мекемесінде сақталады.
Сонымен қатар, Шиелі кентінің газға көшуіне байланысты кенттегі білім саласының 8 нысаны және «Арман» мәдениет үйінің жылу қазандықтарын газға ауыстыруға және қайта құрылымдауға қажетті жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытындысы алынып, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында конкурс жарияланды.
«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, «көмірдің жанатыны бар, жанбайтыны бар.» Сұранысқа сәйкес бағасы да өсе береді. Бюджеттік мекемелерге келетін көмірдің бағасы 11770 теңге болса, жеке тұрғындарға «Шұбаркөл» маркалы қатты отынның тоннасы 14800 теңгеден сатылуда. Қазіргі таңда кент орталығындағы 5 темір жол тұйығында 1500 тонна көмір бар. Биылғы жоспар бойынша көмірдің тоннасы 13000-15000 теңге аралығында болады деп күтілуде. Өткен жылы қыстың ортасында жеке кәсіпкерлер көмірдің бағасын 20 мыңға дейін шарықтатып жіберген болатын. Аудан тұрғындары күннің суығанын күтпей, осы күні қажетті қатты отынды қазір сатып алса тиімдірек болады. Көп халық көз өлшемге сеніп, сан соғып қалуда деген сөзді естіп, анық-қанығына көз жеткізу үшін «Баққон» мейрамхнасының жанындағы көмір сататын орынға бардық. Сауда екі жақты келісіммен болуы тиіс. Сол себепті, көмірді таразыға тартып беруді өтіндік. Әуелі жүк көлігін өлшеп, көмірді басып, тағы да таразыға тартып көрдік. Редакциядан келгесін бе, кездейсоқ па, әлде үнемі осылай ма ойлағанымыздан 120 кг артық салыныпты. Кез-келген сатып алушы өз құқығын білгені жөн. Яғни, таразыға тарттырып алса ұтылмайды. Көмір аз болса, көңілің мәз болмайды, үйің жаз болмайды. Қар жауғанын күтпей қамданайық, ағайын.
Бекжан ЕРЖІГІТ.