Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИЦИНА МАМАНЫ МАРАПАТТАЛДЫ

МЕДИЦИНА МАМАНЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалап, медицина саласында, әсіресе жедел жәрдем бөлімінде жемісті еңбек етіп келе жатқан ақ халаттылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Өйткені ауруы асқынып, дерті дендеп, дел-сал күй кешкен жан «жедел жәрдемге» жүгінеді. Ажал апанынан аман алып қалар ақ желеңді жандар қас пен көз арасында құстай ұшып жетіп, дертке дәрмен табуы – «жедел жәрдем» үшін айнымас қағида. Қатаң талап, қатал тәртіп «жедел жәрдем» қызметінің негізі. Күн-түн, аптап ыстық, ызғар суық демей, бір демде жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра дереу шешім қабылдау, жоғары сапалы кәсіби көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар, «жедел жәрдем» мамандары өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, мінезі мығым, қиыннан қисын тауып, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар. Сұм ажалдың алдын орап, сан түрлі сырқатқа дауа тауып, демеу болған «жедел жәрдем» бөлімі қызметкерінің бірі – Асқар Ерназар. Ол 1969 жылы 4 маусымда Алғабас ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген.
1992 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжді фельдшер мамандығы бойынша аяқтаған ол, алғаш еңбек жолын өзі туып өскен Алғабас ауылында бастайды. Ал 2011 жылдан бастап Шиелідегі «Қаз АтомПром» мекемесінің жедел жәрдем фельдшері болып жұмыс істейді. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін Шиелі аудандық ауруханасының жедел жәрдем фельдшері болып еңбек етеді.
Медицина саласындағы отыз жылға жуық қажырлы еңбегі еленген А.Ерназар «Қызыл Ай» қоғамының еріктісі грамотасымен, қорғаныс министрінің Алғыс хатымен, «Медицина үздігі» номинациясымен, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Жуырда ғана бұл тізімге республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан қоғамның оң бағытта қалыптасуына ықпал ететін, отаншыл, шынайы, ұлтжанды еңбегі үшін «Ел құрметі» медалі қосылды. Мереке қарсаңында құрметке бөленген Асқар Көшербайұлының өмірлік жары да медицина қызметкері. Екеуі екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты ата-әже.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
23 желтоқсан 2022 ж. 615 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031