Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖЕДЕЛ КӨМЕККЕ ӘЗІР МЕ?

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖЕДЕЛ КӨМЕККЕ ӘЗІР МЕ?

Ауруы асқынып, дерті дендеп, дел-сал күй кешкен жан алдымен жедел жәрдемге жүгінеді. Ажал апанынан аман алып қалар ақ желекті жандар қас пен көз арасында құстай ұшып жетіп, дертке дәрмен табуы – жедел жәрдем қызметкерлері үшін басты қағида. Қатаң талап, қатал тәртіп – бұл қызметтің негізі.

Ісіне бекем, білікті басшы
Күн-түн, аптап ыстық, ызғар суық демей, бір демде жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра жылдам шешім қабылдау, жоғары сапалы кәсіби көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар, жедел жәрдем мамандары өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, мінезі мығым, қиыннан қисын тауып, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар. Сұм ажалдың алдын орап, сан түрлі сырқатқа дауа тауып, демеу болған аудандық жедел жәрдем қызметін бүгінде Дилафруз ­Жамантаева басқарады. Дилафруз апай медицина саласындағы 22 жыл еңбек жолының 18 жылын осы жедел жәрдем саласына арнаған. Бірталай жыл толайым тәжірибеге кенелген маман бертін келе бөлімше тізгінін ұстайды. Жұмысты жан-жақты үйлестіру, қол астындағы қызметкерлерге нұсқау беру, халықтың талап-тілегіне құлақ түру оңай шаруа емес. Сын тезіне жиі ілігетін істің бар-жоғына бақылау жасап, кем-кетігін түгендеп, оң-терісін анықтау еңсе басар еңбек екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Десе де өз кәсібіне адал, ісіне бекем білікті басшы жедел жәрдемді жаңғыртып, ілгері сүйреп, жаңа деңгейге көтеруден әсте жалыққан емес.

Мәселе де жоқ емес
Бұл салада түйіні тарқамаған түйткілді шаруа да жоқ дей алмаймыз. Мәселен, жедел жәрдем көлігі тапшы. Бөлімге қарасты 5 көлік болса, оның екеуі ескірген. Бұның өзі жоғары сапалы қызмет көрсетуде біршама қиындықтардың туындауына сеп болады.
– Біздің қызметте науқасқа дер кезінде, шұғыл медициналық көмек көрсету өте маңызды. Соңғы уақытта Алғабас, Ә.Тәжібаев, Бестам елді мекендеріне шақыртулар көп түседі. Ал ауылға барып, науқасты қарап келемін дегенше қызметкерлердің 1,5-2 сағаты кетеді. Осындай кездерде кент ішінен шақырту түсіп қалса кешігіп қалып жатамыз. Содан келіп тұрғындар «жедел жәрдем уақытында келмейді» деп наразылықтарын білдіруі мүмкін. Әйтседе біз бұл олқылықтың орнын толтыруға бар күш-жігеріміз бен тәлім-тәжірибемізді сарп етудеміз, – дейді Дилафруз­ Мырзабекқызы.

Жедел жәрдемді қай кезде шақыру керек?
Осы тұста ескере кетерлік бір нәрсе, халық бұл қызметті тек шұғыл көмек керек болған кезде ғана шақыру қажеттігін ұға бермейді. Жедел жәрдем деген тіркестегі «жедел» деген сөзге назар аударыңыз. Тұрғындар фельдшерлерді шұғыл жағдайда ғана шақыруы тиіс. Науқастың жай ғана басы ауырып, қан қысымы мен дене қызуы көтерілсе, емханаға немесе өзінің учаскелік дәрігеріне қаралғаны жөн. Фельдшер оған барған күннің өзінде тек қан қысымын түсіріп бере алады. Ары қарай ем жасауға оның мүмкіндігі жоқ. Өйткені, қобдишасындағы дәрілер мен құралдар тек шұғыл шақыртуларға арналған. Ал, науқас дене қызуы көтерілгеннен селкілдеп жатса немесе қан қысымы көтеріліп, оның арты инсульт­ке апарып соғатын болса, онда әңгіме бөлек.

Науқасқа дер кезінде жету міндет
Заң талаптарына сәйкес, «Жедел жәрдем» қызметі 4 деңгей бойынша медициналық көмек көрсетеді. I, II, III деңгейде оқыс оқиға не жазатайым жайт орын алып, ауыр жарақат анықталса, яғни жол-көлік оқиғасы, күйік шалу, ішкі ағзаларға зақым келу, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті, жүрек-қан тамырлары аурулары асқынуы, аяғы ауыр нәзік жандылар, жануарлар тарапынан шабуылға ұшырау, естен тану, соқырішек сынды аса ауыр жағдайларда 10-15 минут ішінде шұғыл медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Орта деңгейде яғни тағамдардан улану, несеп жолдары ауруларында, аллергиялық белгілер анықталғанда, бөртпе пайда болғанда жедел жәрдем көлігі 20 минут ішінде жетеді. Ал ІV деңгейдегі созылмалы ауруы бар, есепте тұратын науқастарға жедел көмекті емхана жанындағы жедел жәрдем көрсетеді. Былайша айтқанда облыстық жедел жәрдем станциясының Шиелі ауданындағы бөлімшесі ауыр науқастар үшін, ал, емхана жанындағы жедел жәрдем профилактикалық шараларды бекемдеу үшін қызмет етеді.Жалпы жедел жәрдемге шақыртулардың қай-қайсысы болсын алдымен Қызылорда қаласындағы орталыққа түседі. Ондағы мамандар науқастың жай-күйіне қарай жергілікті бригадаға нұсқау беріп отырады.
– Біздің бөлімшеде 63 маман тұрақты қызмет етеді. Оның ішінде 7 дәрігер бар. Барлығы да санатты. Ал орта буын медициналық қызметкерлер саны – 33. Күндіз 3 бригада қызмет етсе, түнгі ауысымда 4 бригада жедел қызметке сақадай сай тұрады.Жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Қызмет барысында дәрігерлер арасында тұрақты байланыс орнаған. Бір-бірінің кеңесіне құлақ түріп, ортақ шешім қабылданады, – дейді бөлімше басшысы.
Күн-түн демей жұмыс істейтін бөлімшеге қазіргі уақытта орта есеппен күніне 50 шақыру түссе, коронавирус инфекциясы өршіген тұста шақырту тәулігіне 70-80-ге дейін артқан. Науқасқа алғашқы көмекті қалайда дер көзінде көрсетуді басты парызы санайтын жедел жәрдемдіктер бөлімшеге соқпай-ақ, бір шақыртудан шығып, екіншісіне бара береді. Бұл үшін оларға қолдарындағы арнайы смартфон көмек. Айта кетейік өткен жылы ғана жедел жәрдем бөлімшесінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қызметкерлерге арнайы маман киімі мен қобдишаға қажетті дәрі-дәрмек пен құралдар да уақытылы берілетінін айтады. Бұл да болса ақ желеңділердің халыққа сапалы қызмет көрсетулеріне септігін тигізері сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ
25 қазан 2020 ж. 651 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031