Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПАРТБИЛЕТІН ҰЛЫНА АЙЫРБАСТАҒАН ӘКЕ

ПАРТБИЛЕТІН ҰЛЫНА АЙЫРБАСТАҒАН ӘКЕ

Түрлі серіктестіктер, еңбек ұжымдары құрылып, ұйымдасып жатқан кезде отырықшылыққа әлі бетбұра қоймаған қазақтың басын біріктіретін, бағыт көрсететін, ұйытқы болатын азамат ауадай қажет екенін тарих көрсетті. Елін сүйген елгезек, алғыр жандар аз да болса ел арасында болды. Адам айтса сенгісіз ауыртпалықты мойымай көтерген сондай майталманның бірі – Шәдібек Нұржанов төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз.
Шәдібек – аңқылдаған, балажан адам болды. Жасынан алғыр, ағайын туысқанға мейірімі мол, өзі жомарт, отырған жерін әзілімен, әнімен, ақжарқын көңілімен сергітіп көңілді күйге бөлейтін, ақындығына әншілігі сай «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Бозбала күнінен бойына біткен қасиеті «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ету. Жас бала көрсе, тоқтай қалып басынан сипап, арқасынан қағып, жақсы, жылы сөздерін айтады.
1896 жылы Сырдарияның арғы бетіндегі Кепелі-Қызданай елді мекенде дүниеге келген ол, 1929 жылдан бастап өзі негізін қаласқан «Қызылту» колхозында қойма меңгерушісі, өндіріс бригадирі, партия ұйымының хатшысы, басқарма төрағасы болып қызмет атқарған.
Сол бір алапат жылдары Шиелі өңірінен көптеген отбасы күнкөріс қамымен Ташкент асты. Бір ғажабы сол уақытта «Қызылту» колхозынан бірде бір жанұя өзге мекенге қоныс аудармады. Халықтың қарны тоқ болса, қоныс аударып несі бар. Сол кезде колхоздың қойма меңгерушісі Шәдібек еді. Мұның «сырын» білу үшін аудан сақшылары талай із кесті. Қойма меңгерушісінің үйінің астан-кестенін шығарып, қайта-қайта тінту жүргізді, бірақ нәтиже шығара алмады. Колхоздың басқарма төрағасы Пірман бастаған белсенділер қауымы бір жағына ашылатын арнайы арба жасатып, тұрмысы нашар отбасылардың үйінің жанына азын аулақ астықты апарып, аударып кетіп жүрді. Сырт көз оны байқамады.
Ауылдастарының қамын ойлаған Пірман мен Шәдібекті қудалау бәрібір тоқтамады. Бірде Иванов деген аудандық әскери комиссар мініс атына жем-шөп сұрайды. Ол автокөлік жоқ, басшылар атпен жүретін кез ғой. «Азын аулақ астықты майданға жіберемін бе, халыққа жеткіземін бе әлде сенің атыңа беремін бе?» деп басқарма бастығы айтқанын орындамайды. Ерегіскен комиссар басқарма бастығын ұрыс қызып жатқан майданға аттандырып жібереді. Өкініштісі, Пірман сол кеткеннен қайтып оралмады. Ал Шәдібек қойма меңгерушілігінен өндіріс бригадирлігіне ауыстырылды.

Аң терісінің әлегі
Шәдібектің ағайын, жора-жолдас арасындағы дау-дамайдың шешімін айтып, екі жақты жарас­тырып жүретін кездері де көп. Қыпшақтың шашты руынан шыққан ағайынды екі жігіт аң терісіне таласып, керісіп қалады. Талас соңы ушығып бара жатқан соң, ауыл ақсақалдары Шәдібекке дауды тоқтатуға қолқа салады. Сонда Шәдібектің айтқаны:
«Мұстафа, Мұзаппармен туысқансың,
Бола ма туысқан жан ұрысқасын?
Борсықтың терісіне таласқан боп...
Күндерің мұндай болса, құрып қалсын.
Харамның еті де арам, терісі де,
Бола ма соған бола керісуге.
Естіген етек түріп күлмейді ме,
Бір борсық жетпепті деп бөлісуге.
Ауыл-ел естіп мұны ашуланды,
Жау болып қандай ғана ақың қалды?
Мұзаппар, жасың кіші Мұстафадан
Кешірім сұра, қой бүйтіп бақырғанды.
Түбі бір туысқан тату болмаса егер,
Бөлініп кейінгі ұрпақ қиыс қонар.
Даланың тағысына дауыңды артпай,
Жүргенің дос, ағайын дұрыс болар».
Осы табыстыру жырынан кейін бірін-бірі көрмеуге бел буған екі туыс татуласып кетіпті. Шәдібек Нұржановтың шешендік сөздері, өлеңдері, айтыстары, билік жүргізгендігі ел аузында аңыз болып жүр. Олар өзге бір әңгіменің арқауы.

Жоқ іздеген адам
Алғашқы үйленген зайыбы Тәжігүлден екі ұл және екі қыз туады. Екі ұл жастай шетінеп кетеді. Тәжігүл 32 жасында бақилық болады. Қалбибі есімді (күйеуі соғыста қайтыс болған) жас келіншекке үйленеді. Қалбибіден алдымен Қуат, Ақылбек деген қос ұл дүниеге келеді. Бұл кезде Шәдібектің қуанышында шек болмайды. Арманының шеті көрінгендей қос ұлын кезек-кезек сүйеді. Екі сәби де көркем, аналары Қалбибі де барынша ажарлы әйел.
Шешендердің Шиеліге қоныс аударып жатқан кезі. Олар Ақылбекті бірінен кейін бірі қолына алып, құшақтап, шөпілдетіп сүйіп жүреді. Ақылбек шетінегенде арқасының бәрі қап-қара болып кеткен екен, «Шешендердің көзі өтіп кетті-ау» деп отырады екен Қалбибі ана. Барлығы 7 құрсақ көтерген. Қалғандары 2-3, 5-6 айлық шамасында шетінеп кетіпті.
Екінші әйелі бала көтеруден тоқтағасын Шәдібек қалай болғанда да ұрпақ қалдыру мақсатымен өзіне жар іздейді. Табады да. Базарда асханада жұмыс істейтін келіншекпен танысады. Ә дегеннен әңгімелері жарасады. Ол көп ұзамай Шәкеңе қыз баланы тарту етеді. Шәкең «Енді балалы болдық, некелесіп, жұртты шақырып үйленейік» десе, «екінші әйеліңмен ажырассаң ғана барамын» деп талап қояды. Шәкең «Маған 7 ұл сыйлаған Қалбибіні далаға тастай алмаймын, бірге тұруға көнсең аламын» деп келте қайырады. Келіншек келіспей, қызын құшақтап, Сарыағаш өңірінің бір адамына тұмысқа шығып кетеді.

«Еңбек армиясында»
Соғыс жылдары Қазақстанда «Еңбек армиясы» құрылып, оған 700 мыңнан астам адам алынды. 12-14 сағаттық еңбекақы төленбейтін тынымсыз ауыр қара жұмыс, от жағылмайтын сыз барақтардағы тақтай төсек, ескі-құсқы киім, құнарсыз тамақ талай адамды өмірмен қоштастырып, сүйектері жат жерде қалды.
Мыңдаған қазақстандықтар еңбек армиясы құрамында металл балқытатын мартен пештерінде, канал қазу, теміржол төсеу жұмыстарында болды, өзге де адам төзгісіз қара жұмыстарды атқарды. Қазақстандықтардың аянбай еңбек етуінің нәтижесінде 460 зауыт, фабрика, шахта, кеніш қысқа мерзімде іске қосылды...

«Еңбек майданының»
еңбек тынысы
Шәдібек Нұржанов Ұлы Отан соғысы кезінде «Еңбек армиясына» екі рет барды. Біріншісінде барғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, ауырып қайтқан. Соғыс аяқталуға жақындаған соң немістің завод, фабрикаларын бұзып әкеліп, оларды құрауға адам күші жетіспей қайтадан «Еңбек армиясына» республикадан адамдар шақырылады. Шиеліден қызыл вагондарға тиелген жүздеген адам аттанады. «Қызылту» мен «Жаңатұрмыстан» адам көп болады. Солардың ішінде Шәдібек Нұржанов та бар. Вагонның ішіндегілер жолға ет, қазы, талқан, сөк, ұн, т.б. аз бұзылатын тағамдар алып шыққан ғой. Шәкеңнің қасында Әміре деген інісі бар. Екеуі тамақты түнге қарай ішеді. Өздерімен бірге керосинмен жанатын шағын пеш (керогаз) ала шыққан. Әміре үзбен (кеспе) кесудің шебері екен. Шиеліден мінген жалғыз татар фельдшер осылармен бір вагонда келеді. Шәдібек әлгі татарды тамаққа күнде шақырады. Әміре барлық жылы-жұмсақты татардың аузына тосқанға ренжиді. Шәкең «Үндеме, Әміре, барған соң барлық жақсылықты осы татардан көресің» дейді.
Айтқанындай, барысымен орысшаға сауатты татарды бірден қойма меңгерушілігіне қояды. Ол жол-жөнекей көрген жақсылығын ұмытпай, жұрттан жасырып бұларға жылы-жұмсақтан беріп тұрды. Ауру-сырқау көбейе бастады, мамандығы сәйкес келген татарды әскери бөлімнің фельдшері етіп ауыстырады. Ол әскери бөлімнің командирімен жақсы болып, тамақты бірге ішеді. Шәкеңді де қалдырмайды.
Әміренің ауылдан шыққанда құлағының түбінен бір жара шығып, сол жара жазылмапты. Мұны фельдшерге көрсетеді. Ол мәселенің мәнісін бірден ұғып, «Жұқпалы жара, елге қайтармаса болмайды, басқаларға жұғады» деп Әмірені комиссияға салып елге қайтарады. Осылайша Шиеліден келгендердің біразының елге қайтуына көмегі тиеді.
«Шиеліден сексенге жуық адамды жарамсыз қылып елге қайтарды, менің елге аман келуім, ұрпақ әкелгенім бірінші құдай, екінші Шәдібек ағамның арқасы» деп Әміре ұрпағына өзі өмірден өткенше айтып жүріпті. Аман келгендердің бәрі де Шәкеңе рақметін аямады. Көмегі тигендердің тағы бірі Байкенже есімді жаңатұрмыстық қария (атақты жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың әкесі) Есіркепті көрген жерде әкесі Шәдібектің қамқорлығын айтып тауыса алмайтын.
Әке арманы орындалып, дүниеге ұл келуі бәлкім, сол кісілердің ақ тілегінің арқасында шығар-ау. Шиеліден барған азаматтардың бәрін қайтарып, ең соңынан өзі елге оралады.

«Ұлым болса маңдайы жарқыраған...»
«Еңбек армиясынан» (Трудармия) елге оралған соң Шәкеңнің дүниеге ұл келтіріп, артымда мұрагер қалдырсам деген арманы кеудесінде қайта бой көтерді. Жас болса келіп қалды. Оралдағы зауыт жұмысынан қажып, дімкәстеніп келгені тағы бар.
«Ұлым болса маңдайы жарқыраған,
Көнілім болар еді шат-шадыман.
Жаным жүдеу, жаралы, арманым көп,
Қайғының құса бұлтын қамшылаған.
Дүние опа бермес кім-кімге де,
Менің де бұл жалғанда бар сыбағам.
Аға, іні, бауырларға аға атандым,
Төгілген маңдай термен тамшылаған.
Артымда ізім калса арманым не?
Шіркін-ай, айналар ет ермегіме.
Тілеуін тілеп қана отырар ем,
Құдайдың шүкір қылып бергеніне...» деп оқта текте достарымен басқосуда әнге қосып айтып жүрді. Көбінесе ауыл мұғалімі Сәрке, ферма меңгерушісі Досай, ауылдық кеңес төрайымы Ұлтуар сияқты құрдас-замандастар жұп жазбайтын. Сондай бір көңілді отырыстан кейін Ұлтуар «Әй, Шәдібек, сен отырған жеріңнің бәрінде «Бір ұлым болса екен» деп зарлайсың да жүресің, менің бір немере сіңілім бар. Әке-шешесі қайтыс болған. Түркістан жағында туысқандардың үйінде жүр. Сенен көп жас кіші, бірақ тәрбиелесең, жақсы әйел болады. Соны әкеліп берейін, Қалбибіге серік қылып ал» дейді ғой. Шәкең жақындарына айтып көрсе, онша қолдап, қуаттай қоймайды. «Енді әйел аламын деуің ұят» деп дүрсе қоя беріпті. «Мені түсінбедіңдер ғой, түсінбедіңдер ғой. Мен жоқ іздеп жүрген адаммын ғой» деп Шәкең үйден шығып кетеді. Бәрібір дегеніне жетіп, 1945 жылдың басында Ұлтуардың сіңлісі Тойсарыға үйленеді. Тойсары 18 жаста, Шәкең 50-де еді.
1946 жылы шілденің басында (әңгелек піскен кезде), көптен күткен, құдайдан тілеген ұл бала дүниеге келді. Есімін Есіркеп деп қойды. «Құдайдың ұзақ жылғы зарымды естіп есіркеп берген перзенті болғандықтан осылай деп қойдым» дейді екен ұлын қолына алып, аймалап отырған көңілді сәтінде.

«Міне, партбилет, ала бер..!»
«Бір қуаныш, бір қайғы» деп қазақ білмесе айта ма? Дүниеге Тәңірден тілеген ұл келіп қуантқанымен, «екі әйел алған» деп жазылған арыз көңіліне қайта кірбің түсірді. Сол уақытта Шәкең «Қызылту» колхозының басқарма төрағасы екен, арызға сәйкес мәселесі аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, «көп әйел алғаны үшін» партия қатарынан шығарылып, қызметінен босатылады.
«Мен бір жоқ іздеген адам едім, жоғымды құдай берді. Енді маған ештеңе қауіпті, қорқынышты емес. Артымда ұрпағым бар, жоқтаушым бар, мұрагерім бар... Міне, партбилет, ала бер. Ұлым, ұрпағым аман болсын!» деп бюроны тастап шығып кетіпті.
Кейін өндіріс бригадирі болып жүрген кезінде ауыр жылдардың зардабы болса керек, бел омыртқа туберкулезі дертіне ұшырап, орнынан тұра алмай жатқан кезінде ұлын кеудесіне отырғызып қойып, «Бұл менің партбилетім ғой, мен бұл баламды партбилетке ауыстырып алғанмын» деп ойнатады екен. Сол науқастан 1950 жылы 21 қаңтарда 54 жасында қайтыс болады. Осылайша Есіркеп әкеден 3 жастан 4 ай асқанда қалады. Бірақ әкесінің інісі Қазыбек (Аккөкесі) пен үлкен шешесі Қалбибінің арқасында жетімдікті сезінбейді.
Осы бір қиын кезді Есіркеп өзінің «Өмір – қуаныш, ұрпақ – жұбаныш» деген кітабында былайша еске алады «Әкемнің қайтыс болып жерленгені әлі күнге көз алдымда. «Қызылтуда» (қазіргі Жақаев атындағы ауыл) осы күнгі үлкен көшенің бойында ескі үйде тұратынбыз. Үйге кіреберісте ұзын дәліз, төрде үлкен бөлме болатын. Әкемнің туған інісі Қазыбек, үлкен шешем Қалбибі, кіші шешем Тойсары және күйеуі соғыста қаза болған үлкен апам Бибісара бәріміз бірге тұрдық... Ағайындар ақылдасып, әмеңгерлік жолмен Тойсарыны туысымыз Битұрсынға қосты. Алыстап кетпесін деген ғой. Шешеміз Битұрсын ағамыздан 4 ұлды өмірге әкелді.
Мені дүниеге келтіріп, өмір деген өлшеусіз бақыт сыйлады әкем. Сенің жұбанышың сияқты, маған да жұбаныш артымда ұрпақ қалғаны. Ол да сенің арқаң, жан әке!..»

Ұрпақ сабақтастығы
Шәдібек Нұржановтың тәңірден сұрап, құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы Есіркеп Шәдібекұлы жайында бірер сөз.
Есіркеп Шәдібекұлы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы пединституттың (қазіргі Қорқыт Ата университеті) химбиология факультетін бітірді. Еңбек жолын «Гигант» орта мектебінен бастады. Жалыны мол, ойы ұшқыр Есіркеп көп ұзамай-ақ сол орденді шаруашылықтың комсомол ұйымына жетекшілік етті. Артынша аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланады. Осылайша еңбек жолы өріліп жүре береді.
Аудан орталығы – Шиелі кенті кеңесі атқару комитетінің хатшысы, №31 жылжымалы мехколонна кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшысы, сауда мекемесінің директоры, ауылдық кеңес төрағасы, совхоз директорының орынбасары қызметтерін бірінен соң бірін рет-ретімен әрі абыроймен атқарды. Соңғы жылдары «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесінің кәсіподақ комитетін басқарып, шетелдік әріптестерімен де қоян-қолтық жұмыс істей білді. Cөйтіп зейнетке шықты.
Асыл жары Ардақ екеуі заман талабына сай тәрбиелеп, біліммен жарақтандырған 2 ұл, 4 қызының қызығын көріп, 10-нан аса немере сүйіп отыр. Бәрі өмірден өз орындарын тапқан, үйлі-жайлы.
Жетпістің төртеуіне аяқ басқан Есіркеп Шәдібекұлы екі естелік кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы». Бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған асыл жары Ардақ екеуі Алматы маңындағы Шамалған ауылында балаларымен және немерелерімен бірге өмір сүріп жатыр.
«Жас ұлғайғанда неге қоныс аудардыңдар?» деген сұрақ жиі қойылады Есағаңа. Шәдібекұлының оған жауабы әзір: «Атамыз қазақ «Түйе қартайғанда тайлағына ереді» деген ғой. Болашақ жастардікі емес пе? Қазақтың байтақ жерінің қазаққа жаттығы болмаса керек...» дейді. Бұл Есағаның түйінді сөзі.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі

26 мамыр 2020 ж. 386 0