«Шиелінің шынарлары» атты ән дүниеге келмек
Өмірде түр-түсі келіскен, ойы мен бойы үйлескен, қарағанда көркіне көз тоятын азаматтар болады. Ондай кісілерді көрген жандар «сүйегі асыл екен» деп сүйсініп, таңдай қағып тамсанып жатады. тұла бойына түрлі асыл қасиеттерді сыйдырып, сан салада қызмет атқарып, абырой биігінен бой көрсету Өркен Исмаилға ғана тән қасиет секілді көрінеді бізге. Жетпістің желкенін тартып, қарбалас тіршілікте қаламымен сыр шертіп, жүрегінен жыр төгілген сегіз қырлы азаматтың сан алуан талантын, тәжірибесі мен тамашасын саралап көрелік...
Жуырда аудандық «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Өнерімен өрлеген Өркен аға» атты Өркен Исмаилдың 70 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Еңбек жолын ең әуелі №50 мектепте мұғалім болып бастаған Ө.Әзімханұлы балалар әуез мектебінде оқытушы, аудандық пионерлер үйінің директоры қызметін атқарып сан салада сыналады. Өмірдің мәні де, нәрі де еңбек, биік өредегі адамгершілік, сыйластық пен жанашырлық, адалдық пен қамқорлық деп түсінетін Өркен аға кез келген адамның қолынан оңайлықпен келе бермейтін талай игі істердің басын қайырды және әлі де сол тұғырдан көрініп келеді. Адам өз ғұмырындағы жағымды істерімен ғана көпшіліктің жүрегінен орын алатыны белгілі. Өркен аға сондай ерекше жаратылыстағы азаматтардың қатарынан ойып тұрып орын алды десек артық айтпаған болар едік. Қазақ танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. Бойына ондаған қасиеттерді сыйдыра білген Ө.Исмаил – ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
Ол жайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы: «Қазекең жақсы көрген азаматын мақтағанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Мен Өркеннің бойынан он қырды аңғардым. Ол – қаламы жүрдек қаламгер, әні елдің арасында айтылып жүрген композитор, әнші-орындаушы, ұлттық аспапта ойнаушы, ақын (бірнеше әннің мәтінін өзі жазған), шаруашылық, аудан басқарған мемлекетшіл, туған тілін, ата дәстүрін қастерлеген ұлтжанды азамат. Сегізінші қырына – кішіпейілдігін, тоғызыншы қырына – достыққа беріктігін, оныншы қырына – ағайынға адалдығын жатқызуға болады» деп баға берген болатын. Олай деуінің де жөні бар. Еңбектен қашпайтын, кез келген жанмен тез тіл табыса кететін қасиеті Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Шиелі аудандық паспорт столының бастығы, «Қазақстан XXX жылдығы» совхозының директоры, Бала би ЖШС төрағасы, аудан әкімінің әлеуметтік салалары бойынша орынбасары, аудандық «ХАҚ» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры қызметтерін абыройлы атқаруына себепкер болды. Қолынан қаламын, иығынан баянын түсірмеген Ө.Әзімханұлы 2009-2011 жылдар аралығында аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы болып жұмыс істеп, елдің жанашыр азаматы ретінде әлі күнге дейін ойлы, терең мағыналы мақалаларын газет бетіне жариялап келеді.
Өркен ағаның ерекше тұсы қай салаға барса да жүрегінен төгілген жыры тоқтаған емес. Мерекелік кеште сазгер-ақынның «Қайда ғана жүрсің сен?», «Қыздар-ай», «Өскен өңірім», «Шиелім», «Полиция маршы» атты ән-жыры орындалып, достарының ыстық лебіздері айтылды. Ұрпаққа рухани азық сыйлаған шараға ақын Қатира Жаленова арнайы келіп, базына өлеңімен жыр арнады. Көпшілік алдында ақын мен сазгер Шиелінің шынарларына арнап ән шығаруға келісті.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ