БАЛА ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚҚА ҚАЛАНҒАН КІРПІШ
Расында біздегі ұлттық тәрбиенің ерекшелігі кішінің үлкенге сен деп сөйлемеуінде, алдын кесіп өтпеуінде, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде болса керек. Жыр-дастандар мен тарихи шығармаларды оқып отырып халқымыздың бала тәрбиесін мүлт жібермей үлкен жауапкершілікпен қарағанын байқайсыз. Қызын жат жұрттық деп, оған бар мейірімі мен жылы-жұмсағын ұсынып, қырық үйден тыйған дана халқымыз ұлын «сегіз қырлы, бір сырлы» етіп тәрбиелеген.
Қазақ қашаннан ұл балаға шаңырақтың иесі, әке жолын жалғаушы, елін қорғайтын ер деп қараған. Ұлттың намысты азаматы ретінде қайсарлыққа, әділдікке, кешірімді болуға, өнер-білімге, салт-дәстүрді сақтауға баулыған. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деп қайраттандырған, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намысын қамшылаған, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп ер баланың кішкентай кезінен-ақ ой-пікірін сұрап отырған.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жазбаларында «Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал, қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жат жұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап, аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен» дейді. Міне, қазақтың даналығы! Бұрынғылардың әр қимылының өзінде тәрбиелік мән болғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Баланың пешенесі маңдайына жазылады деп қашанда маңдайынан сүйген. Жасы жетіге келгенше ынжық, жасқаншақ болып қалмасын деп бетінен қақпай, хандай сыйлаған. Кейін ес біле бастаған сәттен бастап «еңбегің қатты болса татқаның тәтті болады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек – бақыт, байлықтың атасы» деп, ерте тұрып үйдің, түздің шаруасына баулып, ептілікке тәрбиелеген.
Өкініштісі, бүгінде бала тәрбиелеу ісі қиынға соғып тұр. Оған әлемдегі ашық ақпараттық кеңістіктің, кезіндегі орыстың отаршылдық саясаты мен батыстық мәдениет те әсер етпей қоймасы анық. Оның үстіне шегі жоқ бір кірсең ішіне сүңгіп кететін ғаламтордың арқасында виртуалды әлемде өмір сүрудеміз. Бір үйде тұратын адамдардың бір-бірімен бетпе-бет сөйлесуден қалғанын ешкім жоққа шығармас. Осыдан келіп қоғамда құлағында сырғасы бар нәзік мінезді ерлер мен қызға тән қылығы жоқ қыздар, ызақор, қыңыр, енжар, төбелеске құмар балалар пайда бола бастады.
Қоғам ауысқан сайын оның өзіне тән құндылықтар мен тәрбие жолдары өзгеретіні белгілі. Қазақ халқы өзіне лайық ұрпақ өсіруді, оның бойына адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарытуды, ата-ана мен дәстүрді сыйлауды әуелден-ақ өзіне мұрат тұтқан. Алайда, өзгеріп жатқан заман, қоғам жаңалықтары жас ұрпаққа әр қилы ықпал ететіні, содан тәрбиенің міндеттері де күрделене түсетіні айқын.
Әрине, қоғам да, өмір де, адам да бір қалыпты тұрмайды. Бүгінгі қызға Жібек, Баян, Қарашаштай бол деп талап қою да қиын. Мәселе, сондай қазақ қыздарының бойындағы ұлттық әдептілікті, сұлулықты, мінезділікті сақтап, жаңғырта білуде, жаңа заман жастарына білім беруде, рухани өсуіне, ұлттық әдет-салтпен ұштастыра білуінде.
Президент «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деп жаңа буын қазақстандықтарға сенім артатынын айтады.
Ұрпақ тәрбиесі қай заманда болса да күн тәртібінен түспеген. Оны жақсарту біз сияқты жас тәуелсіз мемлекет үшін тіпті қажет. Біздің қоғамның болашақ иелері, мемлекетіміздің нығайып, аға буын бастаған істерді жалғаушы – бүгінгі балалар. Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – жақсы тәрбие. Сондықтан, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, нағыз ержүрек ұлдар мен ұятты, нәзік қыздарды тәрбиелеуді әрбір әке мен ана естен шығармауы тиіс.
Гүлхан ЯХИЯ.