Есіктерінде құлып болмайтын, біз туып өскен ауылдың
Шашын ақ қырау шалып, жанарындағы жастық жалынын ақылдың салмағына жеңдірген, белі бүгіліп, таяққа сүйенген қариямен қатар отырғанымда ауылдың қаншалықты ыстық боларын сезінемін деп ойлаппын ба? Атақ абыройы мен өмір бойғы мансабы әңгімеге арқау болар дегендей мойнымды бұрып, автобустың терезесінен айналаны тамашалауға кірістім. Әрбір бұрышына ерекше ықыласпен көз тастаған бала қылығыма қызықты ма, әйтеуір ауыл туралы әсерлі әңгімесін бастап кетті...
– Таң сәріден таласып, доп қуалаған алаңсыз балалық шақтың базары. Күн керіле еңсесін көтерген сәтте түтіні будақтап сақырлай қайнаған самаурын мен анамның көңге піскен таба нанының иісі мұрныңды жарып, ұйқымен арпалысып жатқанда өріске шыққан малдардың маңырағаны тәтті ұйқыңнан еріксіз оятады. Шайқатылған күбідегі айранның дыбысы тау жағасындағы бұлақтың сыңғырындай құлағыңды елеңдетіп, бетіне қаймақтана жиналатын сары майын тосатынбыз. Анамның табадан жаңа ғана алған ыстық нанын майға бөктіріп, кең даланың төсінде қамығуды білмей өскенімізді ойлап көңіл марқайып қалады. Төрт түлігін өріске жіберуге қамдайтын әкемнің аяғына оратылып, қозы-лақпен ойнауды ұнататынмын. Төлдердің әрбіріне ат қойып, арасында ойнап жүрген бала бейне көз алдымнан кеткен емес. Біз өскен ауылдың ауасы да өзгерек еді ғой. Көршімен қоян-қолтық араласып, кішісі үлкенімен сәлемдессе, әйел заты ер адамның алдын кеспейтін. Ақылы дария ақсақалдар «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын. Адамдардың пейілі ақ, көңілі таза болғаны шығар, біз өскен ауылдағы үйлердің есігінде құлып болмайтын. Қонақ келсе есігі де, құшағы да айқара ашық тұратын. Ұры-қары, жетім-жесір, дау-дамай болмай бітіммен, келісе отырып тату түрде мәселенің түйіні тарқатылатын кездерді айтсаңшы...
Әңгімесінің әсерлі де, әдемілігі соншалық айналасын ұйыта тыңдатып отырған қарияның жанарына таңдана қарадым. Бір көрген жан қаланың келбетті ақсақалы деп ойлары анық. Дегенмен, ауылдан шыққан баланың аңсары туған жеріне ауып тұратынын осы сәтте түсіндім.
Ақ шатыр үймен ауысқан,
Баяғы тоқал тамдар да.
Телміртіп сөзін теретін,
Отырып кешкі шақтарда.
Бас иіп сәлем беретін,
Азайып кетті қарттар да – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралды. Интернетке телміріп, көк жәшіктен көз алмайтын балаларды көргенде балалық шағының аспанын қалай суреттер екен деп ойға батқан қазыналы қарттарым-ай.
Г.Әбдіханиқызы.