Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСКЕН ҚЫЗ

ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСКЕН ҚЫЗ


Меркіде туып өскен, жас ақын қыз Марал Хантөреқызы бала күнінен кіршіксіз көңіл, ақ адал сенімімен Елбасымен кездесуді аңсады. Ол сол сәтті аңсап қана қойған жоқ, сол ғажайып сәттің туарына жан-тәнімен сенетін де.  Есейе келе Маралдың қиял-ойы түсіне ойысып, түн баласы көзі іліне кетсе болғаны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге жүріп, әңгіме-дүкен құрып отырған сәттерін анық көріп: бірде қаламын алып жатса, енді бірде орындығына отырады…
–  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Елбасы Тараз қаласына келетінін естіп, кездесуге, тіпті ол кісімен бір ауыз тілдесуге деген құлшынысым үдей түсті. Елбасының қайда баратыны жөнінде мағлұмат беретін бағдарлама да қолыма тиді. Сағат 12-де  «Көне Тараз» қалашығының саябағына келетінін біліп алып, анамды ертіп, бір сағат бұрын бардық. Есік пен төрдей жерді қауіпсіздік үшін алдын ала тиісті мекеме қызметкерлері қоршап тұр. Анталаған адамдар. Сағат тілі 1-ге таяды. Екі сағат бойы тікемізден тік тұрып күткендіктен анамның белі ауырып, «мүмкін қайтармыз» деген ишара танытты. Бірақ мен көнбедім. Елбасын жақыннан көргім келгені сондай алға адымдай беріппін. Сол сәт қоршап тұрған кісінің алға жүруге, артық қимыл жасауға, тіпті суретке түсуге болмайтынын қатаң ескертіп, көкірегімнен итеріп қалды. Мен сонда ызаға булықсам да, күлімсіреп тұрып: «Сіз мені итермеңіз! Егер қазір Елбасы жақын келіп, қолымды алып жатса таң қалмаңыз» деп жауап бергенде әлгі кісі: «Олай болмайды, қарындас!» деп күліп жіберді, – деп айтулы күнді еске алды Марал. Жүрегі өрекпіп, сөзін салмақтап жатпай, әлдебір сезіммен асығыс айтарын айтып алып өзіне де беймәлім риза кейіпте бір күліп алады.
–  Әлі есімде! Ақшыл түсті кәстөмін қолына алып, күлімсіреген Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайы жарқырап тұрды. Ғимаратты бетке алып келеді. Әне-міне қасымнан өте шығады! Үлгеруім керек. Енді мұндай мүмкіндік тумаса ше?! Сол сәт бойымды алақұйын сезім билеп: «Аса құрметті Елбасы! Сізге деген ыстық ықыласымді білдіргім келеді. Жүрекжарды жырымды оқуыма рұқсат етіңізші!» дедім бар даусыммен. Сол сәт Нұрсұлтан Әбішұлы біз жақты бетке алғанын сезсем де,  даусымды естімей қалды деген күдігім де болды. Елбасы қаншалықты мен жақты бетке алса, халық та соншалықты алға ұмтылып, мені артқа шегіндіріп, алыстатып жіберген еді. Үмітім үзілуге шақ қалып, елдің орта жағынан бақылап тұрғанымда «Мына, қызымды бері жіберіңдер!» деп дауыстады. Сонда ғана адамдар екіге жарылып, мені алға  оздырды. Елбасы қолымды ұстаған сәт бойымды қуаныш билеп, өзіме деген сенімім де ұлғая түсті де Елбасыға арнаған өлеңімді бастап жібердім:
Жаны да нұр, жүзі де нұр, аты нұр,
Халқы қолдар ел жұртына жақын ұл!
Маңдайына біткен жұлдыз қазақтың,
Нұр ағадай батыр басшы, әділ ұл.
 
Қиындықтан алып шыққан халықты-ай,
Қыран құстай биік самғар қалықтай.
Елбасымыз құрмет тұтар Нұр аға,
Қараңғыдан түскен сәуле жарықтай.
 
Саясаты жүргізетін алғырлық,
Қиындықты барша артта қалдырдық.
Көшті бастап, алға дамып, өрлеумен,
Қазақ елін барша әлемге жар қылдық.
 
Қазақстанды дүние жүзі біледі,
Нұр ағаны үлгі етіп жүреді.
Бірлігіміз жарасумен тек алға,
Халқым менің, қазақ елі – Нұр елі!
 
Төзе білген түрлі кезең, сынаққа
Жетерміз біз, Нұр ағамен мұратқа.
Тәуелсіз ел туын тіккен Елбасы,
Нұрсұлтанның биік туын құлатпа!
 
Өр тұлғалы, жігер толы, намысты ер,
Нұр ағамен бар бақытпен қауышты ел.
Раббым Алла, елімізге тыныштық,
Береке мен табыс, бақыт, ырыс бер!
Маралдың арқасынан қаққан Елбасы «Айналайын, өркенің өссін!» деп ақ батасын беріпті. Балалық қиял мен арманның шыңына жеткен жамбылдық жас ақын Марал Хантөреқызы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген ізгі ниетін осылай жеткізген еді!
Ерман ӘБДИЕВ,


04 желтоқсан 2017 ж. 1 899 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031