Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРЕЗИДЕНТ ЖАСТЫҚ ШАҒЫНЫҢ КУӘГЕРІ

ПРЕЗИДЕНТ ЖАСТЫҚ ШАҒЫНЫҢ КУӘГЕРІ


– Ол тәртіпті, мәдениетті бүкіл бойына сіңірген қабілетті жас еді. Өмірдің өз заңы болатынын енді ғана түсінгендеймін. Н.Назарбаевпен Днепродзержинск металлургия заводы жанындағы №8 кәсіптік-техникалық училещесінде бірге оқыдық. Талай би кештеріне бірге бардық. Мен ән саламын. Сол үшін бе ол мені үнемі жанына жақын тартып жүретін. Бірақ ол кезде оның Президент болатынын қайдан білейін? Әйтсе де, Нұрсұлтанның жоғары өрлейтініне, биіктерге шығатынына кәміл сендім. Ол күндер, 1958 жылдар мен үшін мәңгі есте қалатын жастығымның ең тәтті, ыстық кезеңдері екен – деп еске алады Бестам ауылының тұрғыны болған, марқұм Әбілаш Әбуов тоқсаныншы жылдардың ортасында жарыққа шыққан “Өскен өңір” газетінің санында.
Иә, ол кезде тек Әбілаш қана емес өзге 70 топтасы да жандарында жүрген Нұрсұлтанның бір кездері Мемлекет басшысы болатынын ойламаған да еді.
– Қалаға келгеннен кейін училище жатақханасында қазіргі республикаға белгілі демограф Мақаш Тәтімов, заң қызметкері Мақсұт Нәрікбаев үшеуміз бір бөлмеде тұрдық. Менің домбырам, Мақсұттың баяны бар. Қолымыз босаса қазақ даласын күмбірлеткендей күй тартып, қазақ әндерін әуелетіміз. Елге, туған жерге деген сағыныш, ана тілге деген құрмет бүкіл жан сезіміңді балқытып, айрықша бір күйге бөлейді. Оған мандол ұстаған кішкентай ғана тығыршықтай денелі Нұрсұлтан да қосылады. Күреспен айналысқандықтан, көбіне оның қолы тие бермейтін. Бірақ қолы қалт етсе Қазақстаннан барған жігіттердің басын қосып, өнегелі іс, мазмұнды кеш өткізуге тырысатын.
– Әлі есімде Днепропетровскіге барып Нұрсұлтанның ұйымдастыруымен қазақ кешін өткіздік. Онда Нұрсұлтан қазақ республикасы жайлы әңгімеледі. Ал, мен домбырамен, курстасымыз Мақсұт Нәрікбаев баянмен қосылып қазақ әндерін шырқадық. Кеш әсерлі өтті. Қазір қарап отырсам, оныншы класты бітіргенімен, Нұрсұлтан өзінше ізденіп, ой жинақтап, дерек құрастырып, дамуымызды өзінше саралап жүретіні бар екен. Ол қазақтың «болар бала жасынан» деген қанатты сөзіне саяды. Нұрсұлтан училищені бітіргенше менің есімде осындай елдік, азаматтық үлкен қасиетке ұмтылушылығымен қалды, – дейді, 1992 жылы «Өскен өңір» газеті тілшілеріне берген сұқбатында.
Ә.Әбуовтың өзі де сегіз қырлы тұлға. Алғашқы еңбек жолын өзі туып өскен Бестам ауылындағы №205 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастап, кейіннен осы мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерінде болды. Ол замандастарының жадында қарапайымдылығымен, сал серілігімен, әдемі дауы­сымен жатталды. Өмірден озғанына 20 жыл толса да, Әбілаш көкенің Елбасымен бірге жүріп, бірге оқығанына мақтанамыз, оның шәкірттерінің бойына сіңірген білімі мен тәрбиесі, өлеңдері, адамгершілік қасиеті, жасаған игі істері ешқашан құнын жоймақ емес.

Гүлхан ЯХИЯ.
30 қараша 2017 ж. 1 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031