Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ БІЛГЕН ҚАЙРАТ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

ЕЛ БІЛГЕН ҚАЙРАТ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

Пернекүл апамыз осы ауданның тумасы. Бақытты балалық шағымен өмірінің бар қызықшылығы осы қасиетті топырақтың үстінде өткен. Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы институтта (қазіргі Қорқыт ата) 2-курс оқып жүргенде Қайрат Айсауовпен танысады. Ол кезде Қайрекең бір курс жоғары оқиды екен. Содан сөздері жарасып кетеді. Бір-біріне мінезі ұқсас жандардың білім алып жатқан мамандықтары да бір еді. Жалындаған екі жастың ортасында пайда болған мөлдір махаббат көп ұзамай шаңырақ көтеруге себепші болады. Ардагер апайдың айтуынша: «Өмірдің екі жағы болады. Бірі жақсы, екіншісі жаман. Біз екеуін де көрдік. Бақыттан басымыз айналып қуанған кездер де болды, қиналып, қысылған уақыттарды да өткердік», – дейді.
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының заман талабына сай болуы мұғалімнің саяси және идеялық білім дәрежесінің жоғарылығына өз пәнін әдістемелік тұрғыдан терең меңгеруіне байланысты. Математик Қайрат аға осындай талаптарға сай ұстаз еді. Оның әдістемелік бірлестіктерде, ата-аналар жиналысында, мұғалімдердің аудандық, облыстық педагогикалық оқулары мен семинар, конференцияларда жасаған баяндамалары әрқашан да тартымды, әрі әріптестеріне үлгі болатын.
Пернекүл апамыз отбасылық өмір­дің қызығы мен шыжығын бірге өткізген серігі Қайрекең туралы естелігінде: «Бәйгеқұм» елді-мекенінде 10-сынып оқып жүрген шағымда сол ауылдағы №251 орта мектептің атынан облысқа математика пәні бойынша олимпиадаға бардық. Сол кезде 9-сынып атынан Асқар Жұмаділдаев шықты. Барлығымыз бір жерге орналастық. Қалтамызға ата-анамыз жолда тамақтанатын ақша салып жіберген. Барлығымыз самса, тоқаш секілді тәттілерді алып, мәз-мәйрам болып жүрміз. Бірақ, Асқар ешнәрсе алмайды. Ақшасы жоқ екен деп біз оны аядық. Нанымыздан үзіп бердік. Арада шамалы уақыт өткен соң, аяған баламыз қарнын тойдыруды емес, білімін толтыруды ойлағанын түсіндік. Ішпей-жемей, ақшасын жиып кітап алады. Білімге құштар бала сол уақытта-ақ ел балаларынан ерекшеленетін. Түн ортасы ауып, олимпиадаға қатысатын барлық оқушылар ұйықтап жатқанда иығымнан түртіп, маған «Герон» формуласын айтып жіберіңізші дегені есімнен ешқашан шықпайтын шығар», - деп еске алатын Қайрекең», – дейді күлімсіреген апа.
Ол 40 жыл бойы үзбей еңбек етіп, жас ұрпаққа ұлағатты тәрбиесін беріп келді. Әруақытта жаңашыл, тиімділігі мол, дамытушылық қабілетін арттырып жүретін. Жолын қуған шәкірттері де шүкір, аз емес. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде ел ағасы болып әртүрлі қызметте жұмыс атқарып жатыр.
Қайрекеңнің математик болумен қатар тарихшы, саясатшы және механик, шахматшы, әрі өлең шығаратын өнері болған екен. Білім саласының деңгейі ҰБТ-мен өлшенетіндіктен, ау­данның «Алтын белгі», «Үздік» аттестат белгісіне үміткер қаншама шәкірттерді математикаға дайындаумен айналысты. Жеке басының адамгершілік қасиеттері де ғибрат аларлық мектеп іспеттес. Ол біреуді көзінше көлгірсіп бетке мақтап неме­се сыртынан даттауды білмейтін еді. Не болса да тура айтып, тура сөйлейтін. Жұмыс бабында, әртүрлі пікірталастарда әріптестері мен туыс­тарына сын ескертпелер айтылғанда түптеп келгенде түсіністікпен қа­был­дап, кек сақтамайтын. Тағы бір жақсы қасиеті – оның үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасауы.
Мектепте білікті ұстаз, үйде ар­дақ­ты әкенің міндетін мінсіз атқара білді. Құдай қосқан қосағы екеуі 3 ұл, 2 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Бүгінгі күні үлкен қызы білім министрлігінде қызмет жасаса, екінші қызы ау­да­нымыздағы №219 орта мектепте еңбек етеді. Ал, ұлдары болса мұнай-газ саласының мамандары.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
27 қараша 2017 ж. 1 854 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031