Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айтыскер ақын еді

Айтыскер ақын еді


Жасымыз келіп бір елдің батагөй қариясына айналғаннан кейін өткен өміріміз көз алдымыздан өтіп, осы қасиетті Шиелі жеріне, оның ішінде өмірі енші алыс­пай бірге келе жатқан егіздің сыңарындай Байсын мен Жақаев елінің көптеген сол кезде елдің еңсе көтеруіне, ел болып қалыптасуына, елдің тәрбиесіне күш-қайратын жұмсаған азаматтар көз алдыңнан өтеді екен.
Әсіресе, Байсыннан Ахатбек Байкенжеев, Дінислам Алтынбаев, Сыздық Ережепов, Қызылтудан Ақпамбет Қоспамбетов, Шәдібек Нұржанов, Сыздық Боқаев, Ыбырай Жақаев, Боранбай есімде қалыпты. Біздің ауылды ол кезде 12-ауыл деп атайтын. Ауылға бастық болып Сапарбай Асанов деген келіп, келісімен ауыл орталығынан асармен үлкен клуб соқтырды. Сол клубтың ашылу салтанатына орай аудандық ақындар айтысы өтеді дегесін көңілім жас кезімнен ақындыққа жақын болғасын мен де бардым. Барсам «Үлгілі» колхозының ақыны Күлжамал мен Қызылту колхозының ақыны Шәдібек Нұржанов айтысып жатыр екен. Шәдібек айтысты былай бастады:
Атадан артық туған Күлжамалым,
Айнала жанып тұрған шам шырағым.
Жүрген жердің бәрінде атың шығып,
Бүгінгі күн қонып тұр басқа бағың.
Нұржанов Шәдібек ағамыз колхозда бастық партком хатшысы болған. Сол кезде өндіріс бригадирі болып жүр екен. Бригада да бидай, тары егістері жақсы болғанмен жүгерісін жылқы жеп кетіп болмай қалған екен. Соны Күлжамал былай деп жырға қосты:
Жүгеріңді жылқы жеп типыл етті,
Отыра алмай орныңда мазақ кетті.
Тұрсайшы орныңнан жеңілдің ғой,
Құйрығың иемденіп қалған ба орындықты, – дегенде, Шәдібек былай деді:
Күлжамал сөз сөйлейсің Шәлкем шалыс,
Көңілің болса менімен беріп алыс.
Бітімі егінімнің жаман емес,
Собығы жүрегімнің екі қарыс, – деген кезде
Күлжамал:
– Аузыңа шоқ түссін жүгермек, собықта нем бар еді, өзіме де сауап, – деп орнынан тұрып кетті. Менің өзімнің көзім көріп, құлағыммен естіген ақын ағамыздың бір ғана айтысының есте қалғаны. Ағамыз кезінде ауылының намысын қорғап, сол кездің жезтаңдай айтыскер ақындары Нұрмақатпен, Палайыммен айтыстары ел есінде. Артында қалған жалғыз ұлы Есіркеп Шәдібекұлы әкесінің мұраларын іздеу үстінде екен. Өзінің әке сағынышы деген мақаласында Ортақшыл колхозының ақыны Болтаймен айтысын берген екен. Менің естелігім Шәдібек Нұржановты еске алудың, есте қалдырудың бастамасы болды. Шәдібек ағамыздың халыққа, елге жасаған қызметімен бірге оның айтыскер ақын ретінде өз елінің намысын жоғары қойып, елдің атынан айтысқа түсуі елінің намысын, ар-абыройын қорғауы оның азаматтығының биік шоқтығы деп бағалауымыз керек. Жақаев ауылы өзінің осындай азаматтарын елдің есінде мәңгі қалдыру үшін көше беріп, еске алып жатыр. Жақында колхоздың алғашқы ұйымдастырушыларының бірі Сыздық Боқаевқа көше беріп, еске алу рәсімі халықтың есінде қалды. Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толған торқалы тойын атап өткелі отырмыз. Той қарсаңында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне кезінде үлес қосқан Шәдібек Нұржановтың да еңбегі аталса деген ойымыз бар. Артында қалған ұлы Есіркеп Шәдібековте әкесінің еңбегі туралы жазып, әкесінің еңбегін дәріптей алмай жүр. Біржағы баласына құлақ қағыс, екінші жағы азаматтың еңбегімен елі, халқы хабардар болсын деген ниетпен жазып отырмын.

Ысқақ Махашев,
зейнеткер, Байсын ауылы.
21 тамыз 2018 ж. 1 532 0