Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігітке жеті өнер аз

Жігітке жеті өнер аз

Қазақ халқы тәрбиеге аса қатты мән берген. Ұл баланы «Азамат» , «Елдің қорғаны» деп бағалап, ардақтаған. Жігіттерге артқан сенімі ерекше болған. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қасіретті, қиын шақтарда ел намысын, Отанын, жерін, елін жігіттер қорғаған. Олар сондықтан жастай шынығып, ширап, ширығып өскен. Қазақтың батыр жігіттерінің бойынан ақыл, айла, төзім, жігер, батырлық өте көп кездескен. Өнер, білім тек қатерлі күндерде ғана емес, бейбіт күнде де, жақсылықтарда да қажет екені белгілі. Әр қазақ өз перзентін түрлі өнерге баулыған. Олар шетінен әнші, ақын, палуан, етікші, аңшы, мерген болған. Көршілес қай елге, қай жерге барса да қазақ жігітерінің мерейі үстем, беделі асқақтай түскен. Десек те ХХІ ғасырдың серісі қандай болу керек дейтін сұрақ туындайды.

Әр адамның өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді. Қазақ халқының басынан өткен сан қилы замандар, оның тіршілігі мен дағдарысы, салт-дәстүрі, санасы, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы арқылы ұлттық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, болашақ үшін тарих сахнасына айналды. Мұның барлығы өнердің арқасында жүзеге асып келеді. Қазақтың әр жігітіне өнер, білім артықтық етпейді. Олар үйренуден жалықпаған. Қазаққа барлығынан артығы адалдық, ар, ұят болған. Бойында адалдығы, ұяты, ары, адамшылдығы бар жігіттерден үлкен өнегелі қасиет, ерлік шығады. Қазір Тәуелсіз елдің азат тұрғындарымыз. Еліміз, жеріміз тыныш, халқымыз аман. Бейбіт, берекелі заманда өмір сүріп отырмыз. Мұндай бейбіт күнде спортшылар, ән мен өнер, әдебиет саласының үздіктері елінің еркесіне, халқының үздік ұлына айналуда. Мәселен, олимпиадада, әлем чемпионатында, Азия біріншілігінде чемпион болған жерлестеріміз және өнер жолында да ауданды танытып жүрген жастар нағыз батырлар десек болады. Осындай спортшы, әнші, ақын батырлар ауданның намысын қорғап, туған жерге ту тігуде. Мәселен, қазақ киносының дамуына үлкен үлес қосқан ауданның мақтанышы Н.Қоянбаевты ерекше атап айтуға болады. Біз жерлесіміздің бойынан тек қана кино түсіру ғана емес, басқа да өнері мен қырына қанық болып келеміз. Мысалы, Нұрлан футболды өте жақсы ойнайды және саяхаттағанды да жақсы көреді. Сондай ақ, әзіл сөзбен ұтымды жауап қайыратын әзілқойлығын да айтуға болады. Айта берсек ауданнан өнер жағынанда, спорт жағынанда жастарымыз қалыс қалып жатқан жоқ. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген аталы сөз бар. Бүгінгі таңда той-томалаққа бара қалсақ, ерсі биімен, сөзге шорқақ ер азаматтарды жиі байқап жатамыз. Осындайда музыкалық аспаптарды сүйемелдеп, әдемі әуенмен, келісті сөздерімен керемет тілек айтып, сазды жолдауын келтірсе, той иелеріне де, келген қонақтарда қошемет көрсетіп, бір демалып қалары анық. Әрі жігіттің төресі атанып, тойдың сәні де, мәні де сол азамат болмай ма? Бұл жерде қанша өнерің, қанша жақсы қасиетің болса да бір сырлы бол. Қарапайым бол. Халқымыз әр перзентінің бойынан осындай ізгі, жақсы қасиеттерді көп көргісі келеді демекпіз. Қазақтың әр жігіті өнермен сусындап, сөзге жүйрік, іске шапшаң болып өссе, нұр үстіне нұр емес пе? Бар жиғанын тойға шашқан қазақ мәдениетінің бір ұшын қазақы тойында барша халыққа паш етсе, өнер де өлмейді. Өнерлі жігіттер де биікке өрлейді.

Азамат Жапбарбергенов


06 қаңтар 2020 ж. 5 869 0