Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕРГЕК ҒҰМЫР

СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕРГЕК ҒҰМЫР

Адам ғұмыры – уақытпен өлшеніп, еңбекпен айшықталатын ұзақ сапар. Сексен жасқа жету – сол сапардың биік бір асуы. Бұл асуға әркім шыға бермейді. Ал шыққан жанның артында із, алдында ізет қалады. Осындай өнегелі өмір иесінің бірі – Сұлтанбек Оразымбетов. Ол туған жерінің өркендеуіне саналы ғұмырын арнады. Өмір жолы – адал еңбектің қадірін айқындайтын тағылымды тағдырға айналды.
Сұлтанбек аға – екі дәуірдің куәсі. Кеңестік жүйенің қатаң тәртібін де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің ауыртпалығын да бастан өткерген азамат. Ол – уақыттың ығында кетпей, елдің ішінде, халықтың ортасында жүріп, өз заманына лайық қызмет атқарған жан.

Балалық шақ – өмір сабағының ­бастауы
Сұлтанбек Оразымбетовтің балалық шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол жылдардағы ауыл өмірі – жоқшылық пен тапшылықтың, бірақ сонымен қатар сабыр мен төзімнің мектебі болды. Әке-шешесі колхозда еңбек етті. Бала Сұлтанбек те жастайынан еңбекке араласып, халықтың ортасында өсті.
Қазақ «қазанның ең үлкені – халықтың ортасы» дейді. Сұлтанбек аға дәл сол үлкен қазанда қайнап, өмірдің ыстығы мен суығын ерте сезініп өсті. Бұл кезең оның мінезін қалыптастырды: көпшіл болу, адамдармен тез тіл табысу, еңбекке бейімділік – бәрі де сол балалық шақтан бастау алған қасиеттер.

Еңбекпен өрілген жастық
1963 жылы ол Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебін тәмамдап, қатарластарымен бірге «ауылда қалып, туған жерге қызмет етеміз» деген үндеуді қолдайды. Осылайша Қызылту колхозында қарапайым колхозшы болып еңбек жолын бастайды.
Сегіз жыл бойы егіс басында, шаруашылықтың қалың ортасында жүріп, еңбектің қадірін ұғынады. Кейін ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін сырттай бітіріп, білім мен тәжірибені ұштастыра білді. Бұл – оның өмірлік ұстанымына айналған «еңбек пен білім қатар жүруі керек» деген қағиданың көрінісі еді.
Өтпелі кезеңнің жауапкершілігі
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары – тарихтағы ең күрделі кезеңдердің бірі. Осы тұста Сұлтанбек Оразымбетов аудандық кеңес төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. Кеңестік жүйе ыдырап, жаңа басқару формалары қалыптасып жатқан шақта бұл қызмет үлкен жауапкершілік жүктеді.
Жекешелендіру, жер үлесін бөлу, шаруашылықтардың тарауы, жұмыссыздықтың өсуі – осының барлығы халықтың жүйкесін жұқартқан ауыр мәселелер еді. Сол тұста Сұлтанбек аға ауыл ақсақалдарымен, халық қалаулыларымен бірге елдің мүддесін қорғауға бар күшін салды. Жер мен техниканың үлесін әділ бөлу, әлеуметтік әділеттілікті сақтау – оның басты мақсаты болды.
Айта кету керек, жер дауы секілді кейбір түйткілдер сол кезде толық шешілмей қалды. Бірақ ең бастысы – Шиелі ауданы ел ішіндегі ауызбіршілігін жоғалтпады. Бұл – сол кезеңдегі басшылар мен халықтың бірлігінің жемісі.

Мәслихат мінберіндегі 22 жыл
Сұлтанбек Оразымбетовтің қоғамдық қызметіндегі ең ұзақ әрі мазмұнды кезең – аудандық мәслихаттағы 22 жыл. Ол бес рет депутат болып сайланып, халық сенімін ақтай білді. Бұл – сирек кездесетін жағдай.
Ол мәслихат мінберін жеке мүдде үшін емес, елдің мәселесін көтеру үшін пайдаланды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген шешімдердің қабылдануына тікелей атсалысты. Сонымен қатар Наурыз, Алтын күз, аналар мерекесі, еңбек адамдарына арналған слеттер, ұлттық спорт түрлері – бәрі де оның ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесі.

Ардагерлерге арқа болған жылдар
Зейнетке шыққаннан кейін де Сұлтанбек аға қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, үлкендердің ақыл-кеңесін ел ісіне жұмылдыруға күш салды. Оның ұстанымы біреу еді: «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды».
Осы кезеңде қызметтес болған әкімдердің ішінде Нұрлыбек Машбекұлының іскерлігі мен халыққа жақындығын ерекше атап өтеді. Ардагерлерге деген құрмет, айтылған ұсыныстардың орындалуына жауапкершілікпен қарау – бұл басшы мен ақсақалдар арасындағы сенімнің үлгісі болды.

Өмірден түйгені – өсиет
Сұлтанбек Оразымбетов үшін адамды бағалаудың екі өлшемі бар: жақсы адам және нағыз азамат. Иманды, мейірімді, әділ болу – жақсы адамның белгісі. Ал елдің намысын қорғай білу, жауапты сәтте батылдық таныту – азаматтықтың өлшемі.
Ол бүгінгі ұрпаққа ең алдымен білімді болуды өсиет етеді. «Елмен елді теңестіретін – білім» деген Мұхтар Әуезовтің сөзін өмірлік қағидаға айналдырған. Қазіргі заман – технология заманы. Сондықтан жастар тек еңбекқор емес, техниканың тілін білетін, ізденістен жалықпайтын болуы керек.
Сұлтанбек Оразымбетовтің ғұмыры – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол – туған жерге адал қызмет етудің, халық сенімін ақтаудың, қарапайымдылық пен парасаттың үлгісі.
Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен Сұлтанбек ағадай азаматтардың өмірі – кейінгі буын үшін таусылмас тағылым. Мұндай тұлғалар барда елдің іргесі берік, рухы биік болары сөзсіз.

Гүлхан ЯХИЯ
09 ақпан 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728