Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұм соғыстың солдаты

Сұм соғыстың солдаты

XX  ғасыр қоғам үшін, жалпы адам үшін жауапкершілігі мол,  сондай-ақ ауыртпалығы зор кезең болды. ХХ ғасырда отаршылдыққа қарсы ұлттық сұраныстарға жауап беруге бағытталған идеялар мен  түрлі саяси реформалар жүріп, патшалар тақтан құлады. Бұрынғы келген феодалдық режимде капиталистік, социалистік қоғамдар орнап, үлкен-үлкен төңкерістер орын алды. Оның аяғы қара халықтың қабырғасын қайыстырып жіберетіндей азапты оқиғаларымен есте қалды. Сол жылдарда дүние есігін ашқан алдыңғы буын ағалардың тағдыр талайы соғыс, зобалаң, ашаршылық, ауыр бейнетті жылдарға тұспа тұс келді. Олар алапат соғысты,  соғыстан кейінгі құлдыраған экономиканы қалпына келтіру бағытындағы тылдағы  ауыр, азапты еңбекті көрді, балалық, балдәурен шағы қызықты, әке-шешесінің жанында құлдыраңдай ойнап, еркелеп өскен  күндермен емес, ауыр бейнетті еңбекпен есте қалды. Бірақ олар мойымады, барлық қиыншылыққа Мойымай тойтарыс беріп,  жеңіп шықты, еңсесі езілген елдің тұрмысын тіктеп, жағдайын жақсартуға  шама-шарқы жеткенше  өз үлесін қоса білді.  Сондай жанның бірі – Әбжәлел Омарұлы.
Әңгіме ауанын Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласына аттанып, оқ пен оттың ортасында басын қатерге тіккен жанның  өмірін суреттеумен жалғастырсақ. Ә.Омарұлы 1925 жылы 14 мамырда  бұрынғы Ақтоған, қазіргі Досбол би ауылында дүниеге келді. Балалық шағы зұлматты кезеңдермен тұспа-тұс келіп, жастайынан тағдыр тауқыметінің дәмін татқан ол, әкесі мен анасынан ерте айырылады. Осылайша ағайын-туыстарының  қолында тәрбиеленіп, 1940 жылы 7 сыныптық мектепті үздік аяқтайды.  Перзенті соғысқа аттанған ана, асыл ері майданға кеткен келіншек,  әкесі мен ағасы соғысқа жөнелтілген балалардың көңіліне түскен соғыстың от-жалынын  көзбен көріп, қайғы-қасіретті, қиын-қыстау кезеңді бас­тан өткізген жан ғана сөзсіз түсінетіні анық,  Әбжәлел Омарұлы да 1943 жылы соғыстың нағыз қайнап, қызып тұрған шағында  әскер қатарына шақырылады. Екі жыл сұм соғысқа қатысып, 1945 жылы ұрпақтар ұмытпайтын ұлы  жеңісті Берлинде қарсы алады. Соғыстан кейін 1950 жылы кеңес әскерінің сапында Германияда қызмет етеді. Өзіне тапсырылған міндеттен арылып, елге оралған ол,  Қызылорда педагогикалық институтының неміс тілі және орыс тілі факультетін бітіріп шығады. Өмірдің ағымымен 1952 жылы отбасын құрып шаңырақ көтереді. 1956 жылы Шиеліге қоныс аударып, М.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке кіреді. 1958 жылы алғыр да білімді жас азамат көзге түсіп,  аудандық партияның атқару комитетіне жауапты хатшы қызметіне шақырылады. Алайда, отбасының  жағдайына байланысты­ мұғалімдік қызметіне қайта оралады. 1965 жылы  Шиелі аудандық халық ағарту бөліміне аға инспекторы қызметіне барады. Кез келген шаруаны тыңғылықты, жауапкершілікпен, шашауын шығармай орындап, түрлі қызмет сатысын жоғары дәрежеде атқара білді.
Өмірінің соңына дейін осы қызметті абыройлы атқарған Әбжәлел Омарұлы  ауыр науқастан 1969 жылы 13 ақпанда 45 жасқа қараған шағында дүние салады. Оның артында бес баласы мен аяулы жары қалды. Ашаршылық кезеңін басынан өткізіп, сұм соғыста жан аямай жаумен шайқасқан ардагер туған жері Ақтоғанда жерленді.  Аяулы жары екеуі 1 ұл, 4 қыз өмірге әкеліп, тәрбиелеген.
Елбасы Н.Назарбаев «Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз» деген болатын. Иә, соғыс оңайға соққан жоқ. Оны куә болған аталарымыз бен бейнет кешкен әжелерімізден артық білетін жан болмас  сірә?! Алапат соғыста көрсеткен ерлігі үшін  Ә.Омарұлы да бірнеше орден-медальмен  марапатталған. Сұрапыл соғысты басынан кешкен майдангерлердің ерлігін кейінгі ұрпақ білуі тиіс, өйткені, олардың өмір жолы бізге мәңгілік өнеге. 

Фариза КЕНЖЕШОВА
20 маусым 2020 ж. 609 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031