Қанша ауыр болса да, тарихымыз есте қалуы тиіс
Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі жариялады. Үндеу барысында тарихқа тоқталып қана қоймай, қазақ елінің бүгінгі ұрпақтары күткен жаңалықты да жеткізді.
31 мамыр қазақ халқы үшін қаралы күн. Бұл күні күллі қазақ елі өткен тарихына шолу жасап, бір сәт болсын зобалаң шақты көзімен көрмесе де, жүрегімен сезінеді. Өткен ғасырда зар илеп, қан жылап кеткен нәубеттің құрбандарын еске алады. Иә, қазақ қазақ болып қалыптасу жолында талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде ең ауыры әрі қасіреттісі ХХ ғасырдың 20-50 жылдарда орын алды.
Осы жылдардағы қуғын-сүргін зобалаңы қазаққа оңай тиген жоқ. Ұлтымыз елім деген ерлерінен, Алаш аспанында күн болып жарқыраймын деген арыстарынан айырылды. Олардың жақындары да, ұрпақтары да қудалаудан, ату мен асудан қашып кете алмады.
Бір жағынан бұл кезең еліміздің бірлігі мен төзімділігін, сабыры мен шыдамын сынға алды. Қазір осынау сындарлы шақта сынып кетпей, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Ендігі кезек өткенге салауат айтып, келешекті кемел қылу.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз үндеуінде айтып өткендей, «біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады».
Серғара ІЗТІЛЕУҰЛЫ,
Ұлы Отан соғысының тыл ардагері,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»