Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРЕГІНДЕ ҚАЛҒАН ІЗІ – ӨЛЕҢ, ЕЛІНДЕ ҚАЛҒАН ІЗІ – ӨНЕГЕ

ЖҮРЕГІНДЕ ҚАЛҒАН ІЗІ – ӨЛЕҢ, ЕЛІНДЕ ҚАЛҒАН ІЗІ – ӨНЕГЕ

Уақыттың алдында бәріміз пендеміз. Бірақ уақытты жеңетін бір ғана күш бар – ол адамның артында қалдырған өнегесі. Шиелінің топырағында туып, елінің еңсесін көтеруге ғұмырын сарп еткен тыл ардагері Әбдікәрім Алдабергенұлы – дәл сондай тұлға.
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ СОҚПАҒЫ
Күздің салқын лебін сездірген 1927 жылдың 10 қазаны. Иіркөл ауыл советінің Жаңатұрмыс колхозындағы қарапайым шаңырақта бір сәби дүние есігін ашты. Бұл кейін елдің ардақты ұстазына айналар Әбдікәрім еді. Жастайынан зерек, талапшыл бала ауылдағы жеті жылдық мектепті тәмамдап, кейін аудан орталығындағы №45 Ақ Орда мектеп-гимназиясына жол тартады.
Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Аштық та, қиындық та болды. Бірақ сол ауыр күндер болашақ ұстаздың жігерін жаншымай, қайта қайраттандырды.
ШЫҢДАЛУ
1947-1951 жылдары Совет Армиясының сапында жүріп, тәртіп пен төзімділікті үйренді. Осы жерде өткен жылдар шыңдалу, төзім мен тәртіп мектебі болды. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі өміріне мықты іргетас қалап берді.
Оның соғыс жылдарында тылдың ауыр жүгін арқалап, елдің еңсесін тіктеуге үлес қосқанын да айта кету керек. Еңбектің қадірін бала жастан сезініп, маңдай терімен елге қызмет етті. Соғыстың сұрапыл күндерінде майдан шебінде болмағанымен, тылдағы қайсарлығы – ел тарихындағы үлкен ерлікке пара-пар. Бүгін ел аузында жүретін «1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалі, «Жеңістің 50, 60, 65 жылдық мерекелік медальдары», «Лениннің 100 жылдығы» медалі – сол еңбектің куәсі. Одан бөлек сансыз марапаттары кеудесін жарқыратқанымен, ол кісі ешқашан мақтанбады. «Еңбегім – ел үшін» деп қана жүрді.
Ал соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде ол бар ғұмырын ұстаздыққа арнады. Спорт мектебін басқарды, журналистикаға араласты. Бұл – әр салада табандылықпен еңбек еткен азаматтық өмір жолы.
ҰСТАЗДЫҚ – МӘҢГІЛІК МИССИЯ
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген соң туған еліне оралды. Әбдікәрім ағаның есімі ең алдымен ұстаздықпен біте қайнасып жатыр. Әуелгіде №45 мектептегі алғашқы әскери дайындық пен дене тәрбиесі пәнінен берген сабағы талай шәкіртке бағыт-бағдар болды. 1969 жылы Шиеліде ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін 20 жылға жуық басқарған ол жасөспірімдерді үлкен спортқа жетеледі. Футбол алаңдары салынып, ауыр атлетика, қол добы сияқты спорт түрлері дамыды. Сол жылдары Шиелінің әр ауласынан доп қуалаған, ауыр атлетикаға қызыққан жасөспірімдер бой көтерді. Солардың талайы республикалық, тіпті одақтық деңгейде танылды. Бұл – Әбекеңнің еңбегінің нәтижесі. Ол үшін ұстаздық – жай мамандық емес, мәңгілік миссия еді.
ҚАЛАМГЕРЛІК ҚЫРЫ
«Стахановшыда» шыққан алғашқы мақаладан бастап, Әбекең қаламды серік етті. Жергілікті ғана емес, республикалық басылымдарда да үзбей жазды. Оның әр мақаласында қарапайым ауыл өмірінің тынысы, спорттың қуанышы, жас ұрпаққа деген сенім көрініс тапты.
Ол кісі үшін өмірдің айнасы – өлең болды. Жүрегінен төгілген жырлары «Өмірімнің серігі – өлеңдерім», «Өмірімнің айнасы – өлеңдерім» деген кітаптарға айналды. Өлеңі – өз өміріндей, айнасы – өз жанындай таза еді.
Ол үшін спорт – тек дене шынықтыру емес, жан тәрбиесі болды. 1991 жылы жарық көрген «Ойнай біл, ойлай біл» атты еңбегі – ұстаздың бүкіл тәжірибесін жинақтаған кітап. Өйткені ол ойнаудан ой тудырды, ойдан өмірлік сабақ жасады.
ОТБАСЫНДАҒЫ БЕРЕКЕ
Әбекең өмірлік серігін Түркістан педагогикалық училищесін бітірген, мейірімі мен парасаты үйлескен Зияш Ізжанқызынан тапты. Алты қызы жоғары білім алып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Ұлы Болаттың мезгілсіз қазасы жүрекке ауыр салмақ салғанымен, күйеу балаларынан, немерелерінен, әсіресе кенжесі Нұрсұлтаннан қуат алып отырған бақытты қариялар әулеті – ұрпақ жалғастығының айғағы.
ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ
Әбекең зейнетке шыққан соң да, қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесін басқарды, көше комитетінің төрағасы ретінде де елдің мүддесі үшін қызмет етті. Қай ортада да алдыңғы қатардан табылып, ауыл-аймақтың берекесін арттыруға атсалысты.
ӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Әбдікәрім Алдабергенұлының өмір жолына зер салсақ, ол кісінің бір ғана салада емес, сан түрлі бағытта еңбек еткенін көреміз. Ұстаз да болды, спорт жанашыры да болды, журналист те болды. Бірақ қай қырынан қарасақ та, ол ең әуелі елге адал қызмет еткен азамат болып қала береді.
Ұрпаққа қалдырған аманаты – еңбексүйгіштік, адалдық, елге деген махаббат. Шиелінің әр баласы, әр жас спортшысы, әрбір шәкірті оның ізін көрді, өнегесін алды.
Сол себепті ел ішінде Әбдікәрім Алдабергенұлының есімін ұлықтау мақсатында кент орталығындағы атауы жоқ көшелердің біріне оның атын беру туралы ұсыныс айтылып жүр. Бұл – елін сүйген, еңбегімен елге өнеге болған тұлғаға көрсетілер зор құрмет болмақ. Әбдікәрім Алдабергенұлының 98 жылдығы – тек өткенді еске алу ғана емес, бүгінгі жастарға үлгі, ертеңге аманат.

Бекболат ӘБУТЕГІ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
03 қыркүйек 2025 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930