Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңғаза той, дүрбелең тағдыр

Даңғаза той, дүрбелең тағдыр

Бір кездері қазақ «отау тігу» деген сөзді қасиет санаған. Шаңырақ көтеруді – екі әулеттің аманаты деп білді. Үлкендер босаға аттаған келінге қарап ұрпақтың тәрбиесін ойласа, ұл өсірген ата-ана «ертең бір үйдің иесі болады» деп жауапкершілікпен тәрбиелеген. Өйткені бұрын отбасы болу өмірлік серт еді.

Ал қазір ше?
Қазір біз отбасының ішкі беріктігінен бұрын, оның сыртқы көрінісіне көбірек мән беретін қоғамға айналып барамыз. Махаббаттың мағынасын мейрамхананың көлемімен, дастарқанның молдығымен, асабаның танымалдығымен өлшейтін заманға келдік. Қанша адам шақырылды? Қандай әнші келді? Қандай көлік мінді? Маңызды нәрсе осы. Ал «екі жас ертең өмірдің қиындығын бірге көтере ала ма?» деген сұрақ тасада қалып барады.
Ең қажетті құндылықтарды осылай өз қолымызбен құнсыздандыра тұра, ажырасу көбейді, балалар әкесіз өсіп жатыр, жастардың жүйкесі жұқарған, мейірім азайды деп шағымданатынымыз тағы бар.

Бақытты отбасы әдемі кадрдан көрінбейді
Қазір әлеуметтік желіде бәрі бақытты көрінеді. Бірі гүл сыйлап жатыр, бірі теңіз жағасында демалып жүр, енді бірі «мінсіз ­отбасы» болып видео түсіреді. Бірақ сол әдемі кадрлардың сыртында қанша көз жасы, қанша ұрыс-керіс, қанша өкініш тұрғанын ешкім көрмейді. Бір сөзбен айтқанда өмірді сахнаға айналдырып алдық. Ал шынайы сезімнің көрермені жоқ.

Тойдан кейінгі трагедия
Қазір көп отбасының трагедиясы дәл тойдан кейін басталады. Өйткені жастардың дені отбасылық өмірге дайын болмай шығады. Бүгінгі қоғамның үлкен қасіреті де осы – отбасының қадірі арзандап бара жатқаны.
Бір өкініштісі, көп адам махаббатты сезім деп қана түсінеді. Ал шын мәнінде махаббат – күн сайынғы еңбек. Кейде үндемей түсіну, кешіре білу, кейде өзіңді емес, отбасыңды бірінші орынға қоя алу, қиналғанда бір-бірінің жанынан табылу.
Көп жағдайда ерлі-зайыптылар махаббаттың қызығымен жүргенде бәрі әдемі көрінеді. Ал бала дүниеге келген соң өмірдің шын сынағы басталғанда мінез ашылады. Ұйқысыз түндер, қаржы тапшылығы, жауапкершілік, баланың күтімі, күйзеліс – міне, осы кезде отбасының іргесі сөгіле ­бастайды. Біреудің сабыры жетпейді, енді бірінің сезімі суиды, жауапкершілігі жетіспейді.

Нені ұмыттық?
Біз ұлға «отбасы – аманат» екенін үйретуді ұмыттық. Қызға «бақыт – қымбат көйлекте емес» екенін түсіндірмедік. Баланы ертең әке болуға, ана болуға рухани дайындаудың орнына, «елден қалмауды» бірінші орынға қойдық.
Қазір көбіміз бақытты тек ақша табумен өлшейміз. Баламызға жақсы киім кигізіп, қажетін түгендеп, айфонын алып берсек жақсы ата-ана сезінеміз. Бірақ балаға тек ақша керек емес қой. Балаға әкенің жанында болғаны, иығына мінгені, еркелеп мойнына асылғаны, қорыққанда тығылатын кеудесі керек. Ал анасының мейіріміне қанып өспеген сәбидің ішінде ешкім толтыра алмайтын кеңістік өмір бойына қалады. Қоғамдағы көп қатыгездік пен мейірімсіздіктің тамыры дәл осы рухани жетімдікке барып тіреледі.
«Балалар бұзылып барады» деп шағымданамыз. Бірақ сол баланың қандай ортада өсіп жатқанын ойлай бермейміз. Үйінде жиі жанжал болса, әкесі анасына қол көтерсе, не болмаса әкесі мүлде үйде болмаса, ондай баладан ертең қандай психология қалыптасады?
Шаңырақтағы жайлылық баланың жан дүниесіндегі тыныштыққа тікелей әсер етеді. Қазір денсаулығы әлсіз, жүйкесі жұқарған балалар көбейді деп дабыл қағылып жатыр. Мұның бәрін тек экологиямен немесе телефонмен байланыстыру аздық етеді. Баланың психикалық саулығына ең бірінші әсер ететін орта – отбасы. Шаршаған ана, жауапсыз әке, тұрақсыздық. Міне, бүгінгі ұрпақтың жүйкесін жеп жатқан нәрсе осы.
Әрине, қоғамға ақыл айту аздық етеді. Нақты өзгеріс керек. Ең алдымен, отбасы тәрбиесін мектептен бастау қажет. Біз балаларға қаншама ғылыми формула мен ережені үйретеміз, бірақ өмір сүруді үйретпейміз. Болашақ әке қандай болуы керек? Ана жауапкершілігі қандай? Отбасындағы психология деген не? Кикілжіңді қалай шешу керек? Осыларды оқытатын арнайы пәндер ауадай қажет. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Тәрбиесіз өскен ұрпақ ертең тұтас қоғамның жарасына айналады.
Екіншіден, үйленуге дайындық мәдениетін қалыптастыру керек. Некеге тұрар алдында жастар міндетті түрде психологиялық және құқықтық кеңестен өтсе, көптеген асығыс шешімнің алдын алуға болар еді.
Үшіншіден, мемлекет жас отбасыларға нақты қолдау көрсетуі маңызды. Тұрақты жұмыс пен баспана мәселесі шешілмейінше, жас отбасының жүйкесі жұқара береді. Бірақ мәселенің түп-тамыры заңда ғана емес, санада.
Біз отбасы құндылығын қайта тірілтуіміз керек. Ұлға жауапкершілікті қайта үйретуіміз керек. Қызға ар-намыстың қадірін қайта түсіндіруіміз керек. Балаға мейірім жетіспейтін қоғамның болашағы берік болмайды.
Қазір адамдар бай болудан бұрын, рухани мықты болуды ұмытып барады. Ал рухани әлсіз қоғамда ажырасу көбейіп, мейірім ­азаяды.
Бір күндік той үшін айлап дайындаламыз. Ал бір ғұмырлық отбасы үшін сана дайындауға асықпаймыз.
Ең үлкен құндылық санап жүрген тойдың даңғазасы бір күнде бітеді, танымал асабаның жүргізгені де ұмытылады. Мейрамхананың шамы сөнеді. Қонақ тарайды. Әдемі көйлек сандықтың түбінде қалады. Ал баланың жүрегіндегі жара өмір бойы жазылмайды.
Сондықтан бүгін бізге ең керегі – сана мен жауапкершілік. Өйткені мықты мемлекет ең алдымен мықты отбасынан құралады.

Гүлхан ЯХИЯ
18 мамыр 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9403).

16 мамыр 2026 ж.

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031