Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата-ана ажыра­­сты, бала қайда қалды?

Ата-ана ажыра­­сты, бала қайда қалды?

Осыдан бірнеше жыл бұрын ажырасу ұят яки ерсі қылық саналатын. Тіпті әуелгіде оған әлеуметтік ­про­­­­­­­­­­­­­б­лема деп шоши қарайтынбыз. Ал ескінің адамдары қайтып келген қызды жұрттан жасырып, қара бет болмаудың амалын қарастыратын. Оң босағадан ұзатылып, ақ босаға аттаған қызына анасы «Қосағыңмен қоса ағаруды» санасына құятын. Ал қазір біреу қосағынан ажырасыпты дегенді шыбын шаққан құрлы көрмейтін болдық. Әлемге әйгілі психолог Констанция Аронстың дерегінше дүниежүзінде әр 13 секунд сайын бір жұп ажырасады екен. Ал азуын айға білеген АҚШ-та жылына миллион отбасы ойрандалады.

Ажырасудың себебі сан түрлі. Бірі қаржы қинап, ақшаның аздығына төзбесе, енді бірі жолдасым жар болуға лайық емес деп шағым жасайды. Ал әлдекімдердің екі жаққа кетуіне күйеуінің қол көтеретіндігі, әйелінің баланы дұрыс тәрбиелемейтіндігі себеп. Осы сынды сан алуан себептің салдарынан қазір бір-бірінің қадіріне жете алмай, сыйластығы мен сезімі солғын тартып, қиын-қыстау күн көріп жүрген жандар жетерлік. Өкініштісі, ерлі-зайыптылар ажырасқанда бала шарасыз күйде қалып, болашағы бұлыңғыр болады.
Бала – бақыт. Ол шаңырақты шаттыққа толтырушы ғана емес, жұбайлардың арасын жалғастырушы. Зер салып қарасаңыз, сәби сүйе алмай ажырасып кеткен отбасылар «Егер бала болғанда бұлай болмас па еді?» деп кішкене шақалаққа үміт артады. Ал кейбір бес баланы бауырына басқан ата-аналар оған да қарамай, ажырасу құжатына қол қояды. Ал толық отбасында өспеген баланың психологиясы, оның келешегі қандай болмақ? Асқар таудай болған әке ананың орнын баса ала ма? Ал ақ жаулықты ана әкені алмастыруға қауқарлы ма? Отбасының өзі шағын мемлекет болғандықтан, сананы сан түрлі сауал шиырлайды. Сондай сұрақтың бір парасы міне, осындай.
Көбіне ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда жас бала анасымен қалады. Өйткені, бала – махаббат пен сүйіспеншілікке құштар жан. Бір сөзбен айтқанда, бала үшін ананың аялы алақанынан артық ешнәрсе жоқ. Ал егер ұл бала есі кіріп, өз еркімен киініп-шешіне алатын болса, ішіп-жей алатын болса, әкесінің қолына барады. Себебі, баланы асырау, оны бағып-қағу – әкенің міндеті. Ал қазір қоғамда әкесіз өсіп жатқан жеткіншектер қаншама? Сондай-ақ баланың балдан да тәтті тілін, еріксіз елжіретіп жіберетін жүзін көрмей жүрген әкелер ше? Расымен, отбасының азуы болашақ ұрпақтың өркен жаюына да зиянын тигізеді. Бір рет жасалған қателіктің салдарынан туған баланың жүрегіне жара салынып, көңілін күдік, ойын тұман басады. Психологтардың пайымдауынша, әкенің мысы сезілмеген үйде береке мен бірліктің орнай қоюы неғайбыл. Ал әкесіз өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ, екіжүзді, бос сөзділікке құмар болмауына кім кепіл? Отбасында екі адамның да өз орны бар. Әйел – үйдің шырағы болса, еркек сол шаңырақтың пырағы. Бірі жылу берсе, бірі оны көкке самғатады. Бірақ қазір жалғызбасты аналар «Әкесіз де бала тәрбиелеуге болады» деп ойлайды. Тіпті өз баласын әкесіне көрсеткісі келмейтін аналар да бар. Ана мен әкенің ортасында бала жаутаңдап, мүсәпір күй кешіп қалатынын ойлап жатқан ешкім жоқ-ау, сірә? Кейбіреулер тіпті безбүйректеніп, баланы шыққан тегіне жолатпай қоятынына не дерсіз?
Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, әрбір ажырасушы жұптың бәрі бірдей әкенің кінәсінен ажыраспайды. Бірақ кінә тек аналардан деп шолақ шешім шығаруға тағы болмайды. Құқық пен жауапкершілік екеуіне де бірдей. Сәйкесінше әкесіз емес, анасыз да өсіп жатқан балалар да бар. Ал олардың халі тіптен мүшкіл шығар мүмкін. Өйткені, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, ақ уызымен қанаттандырған жаннан тірідей айырылу кімге болса да оңай емес. Әйел үйдің берекесі болғандықтан, анасыз өскен сәбилердің сыртқы келбеті ғана емес, ішкі әлемі де солғын тартып, өмірге деген құштарлығы азаяды. Ең сорақысы, өз-өзіне, болашағына сеніммен қарамайды. Көптің ортасында өзін артық сезініп, әрқашан анасының ыстық алақанын аңсаумен күнін өткізеді. Тіпті мұндай жағдайда жаман жолға түсіп, келешегін құртып алатындары да бар. Ал кейбір балалар отбасының жанында болмаған анасын немесе әкесін жек көріп кетеді.
Міне, ойлап қарасаңыз екі жаққа кеткен ерлі-зайыптылардың кесірі балаға тиеді. Иә, жалғызбастыларға мемлекет жәрдемақы беріп, балаларды өз қамқорлығына алып, жағдай жасауы мүмкін. Бірақ оның барлығы баланың көңіліне медеу бола ала ма? Қарлығаштың қарақанат балапанындай ұясынан енді ұшқалы отырған балаға ең бастысы ата-анасының аялы алақаны мен жылы жүзі емес пе? Сондықтан ажырасуды ойлаған ата-ана әуелі баласының болашағына бір рет шолу жасап көрсінші. Кейде біз өзімшілдікке салынып, қара басымызды ғана ойлап кетеміз. Ашуға ерік беріп, өмірлік серігімізден баз кешеміз. Бірақ ендігі кезекте әрбір ата-ана өзін ғана емес, баласын да ойла­­­­­­­­­­­­уы керек. Әсіресе, ажырасудың алдында. Сонда ғана бала әкесінен безбейді, сәби анасынан айырылмайды. Ұлттың келешегі саналы ұрпақтың қолында. Ұрпақты сақтаған ата-ана ұлтты сақтауға да үлес қосады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

11 наурыз 2020 ж. 1 083 0