Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаңырақ шайқалмасын десеңіз

Шаңырақ шайқалмасын десеңіз


Он тоғыз жасында оң босағадан ұзатылып, ақ босаға аттаған Сәния жарының жұмыссыз әрі жатыпішер жалқаулығына төзбей жүктерін жинап, төркініне кетті. Көпшілік жастайынан отау құрғандардың қателігін балалыққа балады. Ал, 35 жастағы Ұлман үш баланың анасы. Құдайдың құтты күні жолдасы араққа сылқия тойып, отбасына ойран салады. Ұзақ жылдар бойы күйеуінің ішкілікке салынғанына көнген Ұлман бір-ақ түнде ажырасамын деп шешім қабылдады. Әдеттегідей, жұртшылық сылп ете қалды. Көрші-қолаң, жора-жолдас орда бұзар жастағы ерлі-зайыптылардың шаңырағын арақ шайқалтты деп «тұжырым» жасады. Сондай-ақ, Берік пен Жансаяның екі жаққа кетуіне бір-бірін жақсы танымағандық себеп болды. Өйткені, Берік Жансаяны бір көргеннен ұнаттым деп алып қашқан еді. Ал, бір-бірін құлай сүйіп, құлын тайдай тебісіп өскен Санжар мен Жәнияның арасында сәби болмай, оның салдары ажырасуға әкеліп соқты. Осы сынды себептер мен тізімдер әрмен қарай жалғаса береді. Себебі, қазір бір-бірінің қадіріне жете алмай, сыйластығы мен сезімі солғын тартып, қиын-қыстау күн көріп жүрген жанұялар жетерлік.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ажырасу ұят яки ерсі қылық саналатын. Тіпті, әуелгіде оған әлеуметтік проблема деп шоши қарайтынбыз. Ал, қазір біреу қосағынан ажырасыпты дегенді шыбын шаққан құрлы көрмейтін болдық. Әлемге әйгілі психолог Констанция Аронстың дерегінше дүниежүзінде әр 13 секунд сайын бір жұп ажырасады екен. Ал, азуын айға білеген АҚШ-та жылына 1 миллион отбасы ойрандалады. Біздің елімізде ше? Өкінішке орай, мұндай мәліметтерді жоқ дей алмаймыз. Әділет Министрлігінің 2017жылғы ақпан айындағы қорытындысы бойынша 140 мың отбасының 51 мыңы ажырасуға қол қойған. Ал, Шиелі ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылы некеге тұрған 479 жанұяның 166-сы жараспаған, сонымен қатар 2018 жылы отау құрған 547 отбасының арасында 132-нің шаңырағы шайқалған.
Статистикалық мәліметтерге қарап, арманын бір арнаға тоғыстырған жұбайлардың жараспай, екі жаққа кетуіне не себеп деген сұрақ туындайды? Егер әлеуметтанушылардың пікіріне сүйенсек, отбасылы жандардың жиі жанжалдасуына түрткі болатын жағдай адамдардың өз қателігін жөндегісі келмейтіндігі. Ал, Шиелі ауданаралық емхана психологі, Индира Шалбаеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасуына бірнеше фактор әсер етеді екен.
– Ажырасуға алып келетін негізгі себептердің бірі гендерлік құқықтық заңнамасының қабылдануы. Қазіргі қоғам мансап қуып, қызмет қылуда ер немесе әйел деп бөліп жармайды. Бұл дегеніміз әйелдер ендігіде еркектердің көмегін қажетсінбейді. Егер тұрмыс құрмаған болса, нәпақамды өзім табамын, ажырасқан сәтте балаларымды асырауға шамам жетеді деген оймен өмір сүреді. Осы сияқты келесі себептердің бірі жастардың отбасылық өмірге даярлығының жоқтығы. Көптеген жастар болашақ жарының ішкі дүниесіне үңілмей, тек сыртқы фактордың әсерімен отау құрады. Ал, кейбіреулері материалдық қиындыққа төзбей жанжалдасып жатады. Егер әлдекімнің жанұясында бозбала мен бойжеткен болса, онда оларды отбасылық өмірге дайындай беру керек. Бірақ, сөзбен ғана емес, іспен жанұяның жарасымын, шаңырақтың шаттығын көрсете білген жөн.
Осы орайда есімізге ата-анамыздың жар таңдау хақында айтатын ақылдары түседі. Ақ жаулық тағынған әжелер мен ата сақалы аузына түскен ақсақалдардың «психолог» деген қағазы жоқ демесеңіз, ол кісілер де шаңырақтың шаттығы, босағаның берекесі туралы ұрпақтарына ұғындырып отырады. Байқап қарасаңыз, ата-аналар балаларының көршілес, жапсарлас тұрған көңілжетер дос-жараңдарымен, таныстықтың тамыры ежелден сақталған жандармен неке құрғанын қалайды. Ондағы мақсат ерлі-зайыптылар арасында кикілжің шығып, жанжал туындағанда мәселені сотқа жеткізбей ағайынның арасында шешу болатын. Сонымен қатар, құда болатын жақтың тегін танымай қыз алысып, қыз берісуді қаламаған. Бұл да ажырасуды болдырмаудың бір мүмкіндігі шығар.
Отбасы мәселесіне бей-жай қарамай­тын мамандар ажырасудың салдары орасан екенін еске салады. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар ғана емес, отбасынан жы­лулықты, махаббатты сезінбеген сәбилер де зардап шегеді. Балаға келетін зиян бірінші мәселе болса, екінші кезекте екіге кеткен жұптардың жан қиналысы тұрады. Сол себепті ажыраспас бұрын оның алдын-алу шараларын жасау керек. Бұл тұрғысында психолог Индира Алматқызы мынадай кеңес айтады:
– Үйдегі жылулықты сөндіріп алмас үшін, ең бірінші бір-бірлеріңізге ауыр сөз айтудан аулақ болу керек. Проблема мен қиыншылықтарды екінші адамға жүктей салмай, ортақ шешімге келіп, сол мәселені еңсерудің жолын бірге қарастыра білу және ойыңызды, ішкі сөзіңізді ашық, еркін жұбайыңызға жеткізу қажет. Сөйлесу мен әңгімелесу арқылы жанұя жарасымы арта түседі. Сонымен бірге отбасының үл­кен шаңырақ, бір мемлекет екенін ұғыну, бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, олар­ға әкесінің немесе анасының ең жақсы адам екенін сезіндірген жөн. Сондай-ақ, мамандардың, психологтардың кеңесіне жүгінген абзал.
Расымен, отбасындағы күрмеулі мәселені ерлі-зайыптылар екеуара шеше алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда көпті көрген көнекөз қариялардан ақыл сұраса, ендігі біреулері психологтардың көмегіне жүгініп жатады. Бір қарағанда психологпен барып сөйлесу ерсі көрінетін шығар. Бірақ, отбасы құндылығы мен бақыты туралы түсіндіретін мамандардың семинарлары мен тренингтері өз пайдасын тигізіп жатады. Осы орайда шаңырақтың шайқалуын болдырмас үшін жан-жақты ізденіп, арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асқан артықтық етпес.


Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
16 наурыз 2019 ж. 1 307 0