Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы бақыты – ұлт бақыты

Отбасы бақыты – ұлт бақыты


Бүгінде өкінішке орай, түрлі себеппен шаңырағы ортасына түсіп, ажырасып жатқан отбасын көру үйреншікті жағдайға айналып кетті. Ажырасуға өздері шешім қабылдаса да, мұның ерлі-зайыптылардың екеуіне де оңай тимейтіні, сонымен қатар, барлық нәрсе де ойран болатыны айтпасақ та, бәрімізге аян.
Десек те, бұдан қайғы жұта­тын, әрине, балалар. Өйткені олардың әкесі мен шешесі ортақ болғандықтан екеуінің жолдарының екі айрылғанына қатты қамығады. Ес біліп қалған балалар әкесін (анасын) іштей күтіп, көпке дейін ата-аналарының қайта қосылуын тілеп жүреді. Осы мезетте бала күйзеліске ұшырап, толыққанды балалар қатарындағыдай күліп ойнаудан қалып, селқос, бейтарап, ызақор, қаскөй не тұйық болып өседі. Керісінше, толыққанды, сүттей ұйыған тату отбасында ержеткен баланың болашағы жарқын болатынына күмәніміз жоқ. Бiз – бiр-бiрiне деген бауырмалдығының күштiлiгiнен «айнала алмай, ат өлiп, айыра алмай, жат өлетiн» тектi елдiң ұрпағымыз. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың шаңырағы шайқалса, жаман хабар естігендей, әркімнің қабырғасы қайысып, төбеден жай түскендей күйде болып, біразға дейін ұмыта алмай жүретін еді. Қазақ халқы тектілігін жоғалтпай, жесiрлерін жылатпай, жетім деген сөздерді естіртпеген. Егер ондай жағдай болып қалса, қазақ сүйекке түскен таңба деп бiлген.
Қазір заман өзгерді ме әлде адамдар қатыгез, билік, мансап қуып кетті ме, әлде санамызда жат ұлттың саясаты ұялады ма, намыссыз, өзінің туған баласын тастап бара жатқан безбүйрек әкелер мен көкек аналар көбейіп кетті. Бұл өмірде отбасылық соғыстан өткен сұрапыл жоқ шығар. Мұндай кикiлжiңi көп отбасында өскен балалардың ертеңi, әрине, бұлыңғыр. Жүрегiмiз қан жыласа да, бұл – бiздiң бүгiнгi шындығымыз. Ал, шындыққа тура қарауымыз керек. Себебi, қаталдық пен қатыгездiктi, намысқойлық пен өзімшілдікті, сыпайылық пен жағымпаздықты шатастырып алдық.
«Ауруды жаратқан Алла емiн де жаратады» демекші, бұл мәселенiң де бір шешiмi болуы анық. Өйткені, бiз – рухани иммунитетi жоғары елдiң ұрпағымыз. Әр шаңырақ бақытты болуы үшiн әр адам тәрбиенi өзiнен бас­таса екен. Өз кемшiлiгiн мойындап, отбасымен санаса білсе, ешқандай ажырасудың салдары болмас еді.
Дегенмен де ауданда соттың шешімімен жыл басынан бергі алты айлық есеп бойынша 111 адам ажырасқан. Оған негізгі себеп неке жас айырмашылығы, тұрақсыздық, мінездерінің жарас­пауы, маскүнемділік, бірге өмір сүру қабілетсіздігі (психикалық ауру, белсіздік), сондай-ақ өмір сүру жағдайларының себептері де түрліше.
Десек те, «Көп қайнаған сорпа­ның дәмі кетер» демекші, тездетіп іске кірісіп, ұрпақ қамы үшін, қазірден бастап ажырасудың алдын алғанымыз дұрыс. Себебі, ел іргесіне сызат түсіретін бұл әрекеттің зияны шаш-етектен. Біріншіден, бала әкесіз не анасыз қалады. Ал, әке-шешесіз өскен жас ұрпақ психологиялық жан жарасынан ұзақ уақыт айыға алмай, кейін азамат қатарына іліккенде ұлттың, қоғамның алға жылжуына белсенді түрде үлес қоса алмай, көлеңкеде қалып, ескексіз қайықтай, жалтақтық күй кешетіні анық. Ерлі-зайыптылардың ажырасуынан екі жаққа тиер моральды-психологиялық зияны бір бөлек, ең бірінші кезекте ауыр соққы балаға тиері тағы анық. Ата-ана алдымен осыны ойлағаны жөн.

Жұлдызай
ҚАУҒАНБАЕВА.
24 шілде 2018 ж. 2 425 0