Отбасы – ұлттың тірегі
Жыл сайын 15 мамыр мен қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы күнін тойлау дәстүрге айналғанына 20 жылға жуықтады. Алғашқысы халқаралық мереке болса, кейінгісі Тұңғыш Президент жарлығымен жарияланды. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әр күнді отбасы мерекесі етсек те артық етпейді. Себебі берекеге, бақыт пен шаттыққа толған шаңырақтардан ғана мықты мемлекет қалыптасатыны белгілі.
Отбасы – адам өмірінде кездесетін бағалы құндылықтың бірі. Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өйткені, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда көңілді көтеріп, жанды жадырататын бірден-бір орын – отбасы. Сонымен қатар отбасы адамзат баласының қанаты қомданып, өмірге бейімделетін алғашқы баспалдағы.
Отбасы – адам өмірінде кездесетін бағалы құндылықтың бірі. Жер жаһанда жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өйткені, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда көңілді көтеріп, жанды жадырататын бірден-бір орын – отбасы. Сонымен қатар отбасы адамзат баласының қанаты қомданып, өмірге бейімделетін алғашқы баспалдағы.
Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дегені бар. Расымен, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өз басқару жүйесі әртүрлі болады. Осы сияқты әр отбасының бала тәрбиесіндегі өз тактикасы бар. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған.
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі. Қазақ «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деумен қатар ұл-қыздарын жастайынан отбасылық өмірге дайындаған. Әсіресе, қыз бала дүниеге келген сәттен бастап оны қонақ ретінде құрметтеп, жатжұрттық деп, ауыр сөз айтпаған. Қыз тәрбиесіне ерекше көңіл аударып, ата-ананың екеуі де бей-жай қарамаған. Ал шаңырақтың иесі болып қалатын ұлды жауапкершілігі мол, ақылы асқан, отбасының асыраушысы болатындай етіп өсірген. Бұғанасы қатпаған балаларды бұлай тәрбиелеудің астарында отбасын құруға дайындық жатыр. Яғни жастайынан әке ақылын, ана тәрбиесін көріп өскен бала болашақта өнегелі отбасы құруға қауқарлы болады.
Қазіргі таңда шаңырағы шайқалып, отбасы ойрандалып жатқан жандар аз емес. Әлемге әйгілі психолог Констанция Аронстың дерегінше дүниежүзінде әр 13 секунд сайын бір жұп ажырасады екен. Ал азуын айға білеген АҚШ-та жылына 1 миллион отбасының іргесі сөгіледі. Біздің елімізде ше? Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, өткен жылы 140256 жұп шаңырақ көтерсе, 48239-ның дәм-тұзы жараспады. Ал Шиелі аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу орталығы берген мәліметке сүйенсек, биыл жеті айда 227 жас жұбайдың некесі тіркеліп, 19 шаңырақ шайқалған.
Бексұлтан Нұржекеұлының «Ерлі-зайыптылар» кітабында «Үй болу, оның татулығын сақтау оңай емес. Өйткені, өмірдің өзі де, сол өмірдің ең тәттісі махаббат та тек мерекелі сәттердің тізбегі емес. Махаббаттың қызығына қарай қиындығы да мол. Алайда, қосағың келіп құшағыңа кіргенде, балаң келіп мойныңа асылғанда, қиындықтың бәрі қуанышқа айналып шыға келеді» дейді. Демек отбасындағы ұрыс-керіс пен өзара келіспеушілік кез келген жанда кездеседі. Тек оған бордай үгітілмей, темірдей төзімді болу шарт. Себебі, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткенде өздері ғана емес, отбасынан жылулықты, махаббатты сезінбеген сәбилер де зардап шегеді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ