МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ
Отбасы – қай заманда болсын мықты мемлекеттің негізі болып есептеледі. Халқымыз үшін отбасы ұғымы қашан да қасиетті. Шағын мемлекет саналатын отбасы әрқашан үлкен маңызға ие. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қалыптастырамыз.
Бейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Мерейлі отбасы» – 2021 ұлттық конкурсы жеңімпаздарымен кездесіп, марапаттады. Аймақ басшысы жеңімпаздарға өз ризашылығын айтып, ақ тілегін жаудырды. Сондай-ақ, бірлігі бекем, тірлігі келісті әулеттердің алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
«Мерейлі отбасы» атағына ие болып, ұлттық конкурста топ жарған Шиелі ауданынан барған Әбілдашевтар әулеті. Айтулы конкурста ауданның мәртебесін асқақтатқан бұл әулетке көпшілік тәнті болды. Сонымен қатар, жиналған қауымның алдында Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Құттықтау хатта:
«Отбасы құндылықтарын жоғалтпай, береке мен бірлікті берік ұсаған барлығыңызға зор алғысымды білдіремін. Шаңырақтың шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың орны ерекше. Отбасы – берекенің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық» делінген.
Сымбат Серікқызы