Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі үстем болған мерейлі отбасы

Мерейі үстем болған мерейлі отбасы

Көптен асыға күткен республикалық конкурстың жеңімпаздары анықталды. Және үміттерін үкілеп аттанған Ишанқұловтар отбасы Мерейлі отбасы республикалық конкурсының дипломанты атанды. Айта кету керек, Астана қаласының 20 жылдығына жəне Мерейлі отбасы республикалық конкурсына 5 жыл толуына орай, Елбасының бастамасымен гран-приден бөлек екі отбасына дипломант атағы берілді. Соның бірі Шиеліден аттанған Ишанқұловтар отбасы.Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында ұлттық болмыс мәселесі ерекше назарға алынады. Сөзімізді нақтылар болсақ, биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өңірімізден 361 отбасы қатысқан болатын. Мұның өзі, конкурстың мәртебесі асқақтай түскенін аңғартады. Жеңістің биігін бағындыру да оңайға түспегені анық. Әрбір отбасы көпке үлгі болған елге сыйлы әулеттер. Аймақтық кезеңнің ақтық сынына жолдама алған 12 отбасының барлығы сый-құрметке бөленген еді. Ұрпағымен көктеп-көгеріп отырған Ишанқұловтар осынау аймақтық сыннан сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Тылда талмай еңбектене жүріп мал шаруашылығында 36 жыл тер төккен отағасы Ерғали Ишанқұл 81 жаста болса, отанасы Бахира Камардинқызы 80 жастағы зейнеткер. Ерінің бір жағында тұрмыс тауқыметін бөлісе жүріп 14 баланы өмірге әкеліп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері бола білді. «Үлгілі отбасы – қоғам негізі» ұстанымындағы жандар 62 жылдан бері тату, үлгілі өмір сүріп келеді. Бүгінде, осынау мәуелі бәйтеректің саясында 52 немере, 25 шөбере және 1 шөпшек бар. Жеңімпаздарға мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын демекпіз.

Әбіл АСАН.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 075 0