Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейі үстем отбасылар

Мерейі үстем отбасылар



Тұңғыш Елбасының бастамасымен Отбасы құндылығын дәріптеу, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, «отбасы» деген ұғымның маңыздылығын көрсету мақсатында жыл сайын облыстық деңгейде «Мерейлі отбасы» сайысын өткізу дәстүрге айналған. Соңғы 5 жылда облыс бойынша 1500-ден аса отбасы өтініш білдірген. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған шара 24 мамыр күні А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.
Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Мерейлі отбасы» сайысының еліміз үшін маңыздылығын түсіндіріп, жеңімпаз отбасыларды құттықтады. Биылғы жылы облыс бойынша 372 отбасы қатысқан шарада Шиелі ауданынан 10 отбасы өтініш білдіріп, төртеуі облысқа жолдама алды. Отбасылар сайысында белсенділік танытып, ауызбіршілігі жарасқан 3 отбасы оза шауып, жеңіспен оралды. Оның бірі Шиелі ауданы, бидайкөлдік Қиянбековтар отбасы бас жүлдені жеңіп алып, Сарыағаш қаласындағы шипажайға жолдама алды. Жарасымды жанұяда Әмір Сағымбайұлы сүйікті жары Қалкүл Жүсіпбековамен бірге 10 ұл-қыз, 45 немере, 15 шөберені тәрбиелеп, бір шаңырақ астында берекесін келтіріп отырғаны көпке үлгі. Сонымен қатар Тартоғай ауылындағы Байденовтер отбасы I орынды иемденді. Құрманғали Байденов пен Ұлғанша Байденованың өнегелі шаңырағында қазіргі таңда 11 ұл-қыз, 44 немере, 41 шөбере бар. «Өнегелі отбасы» номинациясы Еңбекші ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбдіжаппаровтың шаңырағына бұйырды. Отбасында жан жары Рахиямен бірге 11 ұл-қыз, 32 немере, 8 шөбере тәрбиелеуде.
Отбасы – кішігірім мемлекет десек, оның өркендеп-өсуіне, биіктен көрінуіне үлкендердің қосар үлесі жоғары. Өзінен кейінгі ұрпақты қалай тәрбиелесе, солай қарай бет түзейтіні белгілі. Ендеше, отбасы мүшелерінің жарасымдылық байланысын көрсетуімен қоса, қабілет-дарынын аша түсетін шараның ұлт тәрбиесі үшін берер пайдасы мол болмақ.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
28 мамыр 2019 ж. 1 373 0