ӨМІРІ ӨНЕГЕ, ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ САҢЛАҚ

Ол 1936 жылы 20 сәуірде Шиелі ауданы, Ортақшыл елді мекенінде дүние есігін ашты. Бала Өмірзақтың балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Әкесі Исахан 1942 жылы ел қорғауға аттанып, майдан даласында ерлікпен шайқасты. Алайда 1944 жылы Калининград облысы маңында қаза тауып, отағасыз қалған отбасының бар ауыртпалығы анасы мен балалардың иығына түсті.
Сол бір жоқшылық пен тауқыметке толы кезең Өмірзақтың жүрегіне өшпес із қалдырды. Ерте есейген ол анасына сүйеу, отбасының тірегі болуға тырысты. Соғыс жетімдігінің тауқыметін тартса да, білімге деген құштарлығы оны алға жетеледі.
1943 жылы ауылдағы жетіжылдық мектептің табалдырығын аттаған жас бала алғырлығымен, зеректігімен көзге түсіп, үздік оқушылар қатарынан көрінді. 1950 жылы 7-сыныпты аяқтаған соң, аудан орталығына барып, сол кездегі «Октябрьдің ХІV жылдығы» атындағы №45 қазақ орта мектебінде білімін жалғастырды.
1954-1955 оқу жылында аталған мектепті ойдағыдай тәмамдап, жас жігіт еңбекке араласу жолын іздеді. Қазалы қаласындағы республикалық бір жылдық есеп қызметкерлерін дайындайтын курсты аяқтап, туған ауылына оралып, Ортақшыл колхозында бас бухгалтердің орынбасары қызметіне кірісті. Осылайша ол жас күнінен жауапкершілікті еңбекке араласып, елдің шаруашылық тіршілігін терең түсіне бастады.
Алайда оның жүрегінде бала күнінен ұялаған арман – ұстаз болу еді. 1957 жылы Өмірзақ Исаханұлы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі және ауыл шаруашылығы негіздері мамандықтары бойынша диплом алып шықты.
Сол жылы туған ауылындағы Ортақшыл мектебінде ұстаздық қызметін бастады. Сабақ берумен қатар мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, аз уақыт ішінде оқу ісінің меңгерушісі қызметіне көтерілді. Оның шәкірттеріне берген білімі мен тәрбиесі ауылдағы жас ұрпақтың болашағына берік негіз қалады.
1963 жылы Өмірзақ Исаханұлы білім саласындағы тәжірибесін артта қалдырмай, ел ісіне белсене араласу мақсатында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып тағайындалды. Бұл – үлкен сенім мен зор жауапкершілік жүктеген қызмет еді.
Аудандық партия комитетінің жолдауымен ол 1972-1981 жылдары Ленин атындағы колхозда партия комитетінің хатшысы болып еңбек етті. Бұл кезеңде ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қыруар жұмыстар атқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, әділдігі мен іскерлігі ауыл тұрғындарының арасында зор беделге ие етті.
1981-1987 жылдар аралығында Өмірзақ Исаханұлы аудандық кәсіптік-техникалық училищеде шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар аудандық киноландыру жүйесінің директоры ретінде мәдениет пен өнерді насихаттауға да айтарлықтай үлес қосты.
Бұл жылдары ол тек шаруашылық басқару ісімен шектелмей, аудан өміріндегі мәденирухани өрлеуге де ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен көптеген игі шаралар жүзеге асырылды.
1987 жылы ол №152 Жөлек қазақ орта мектебіне директор болып тағайындалып, бұл қызметті 1997 жылға дейін абыроймен атқарды. Он жылдық басшылық кезеңінде мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушылардың сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсады.
Оның басшылығымен білім ошағы тек оқу орны ғана емес, ауылдағы мәдени-ағарту орталығына айналды. Ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығын біріктіріп, шәкірттердің тұлғалық дамуына ерекше мән берді.
Зейнетке шыққаннан кейін де Өмірзақ Исаханұлы елден қол үзген жоқ. Аудан орталығына қоныс аударып, қоғамдық істерге белсене араласты. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде 2018 жылға дейін жемісті қызмет атқарды.
Өмірзақ Исаханұлының өмір жолы – табандылықтың, адалдықтың және ұлтқа қызмет етудің үлгісі. Соғыс жылдарындағы қиындықтарды еңсеріп, білімге ұмтылып, ұстаздық пен басшылық қызметті қатар алып жүрген оның еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол – Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанып, елдің алғысына бөленген тұлға.
Бүгінде оның артында өшпес із, ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра қалды. Өмірзақ Исаханұлының есімі – ел тарихында, шәкірттердің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның өмірі жас ұрпаққа: «Ел үшін еткен еңбек ешқашан зая кетпейді» деген ұлы ұстанымды дәлелдеп тұрғандай.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ