Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

От пен оқтың ортасында жүріп, бейбітшілік үшін күрескен майдангерлердің ерлігі ел есінде ұмытылмақ емес. Тіпті, жеңіс үшін, елімізден майданға сан мыңдаған сарбаз аттанып, олардың көбісі майдан даласында қаза тапты. Иә, соғыс деген сұрапыл шайқастың алаңында «Отан қорғау» деген ұлы ұғымды жүрегіне сақтап, ерлік көрсеткен ата-әжелерімізді кейінгі ұрпаққа таныту парызымыз. Ұлы жеңістің оңайлықпен келмегені баршаға ақиқат. Сол бір майданда «Отан үшін күрес» деп ұрандатқан жауынгерлердің бірі – Кенжеғұл Диханбаев.
Майдангер Кенжеғұл Диханбаев 1910 жылы дүниеге келген. Әкесі Диханбай мен анасы Сейткүл қарапайым шаруа адамдары атанып мал баққан. Өзі туып өскен ауыл мектептерінде латынша білім алады. Содан 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, №185 атқыштар полкінде ұрысқа қатысады. Сөйтіп, Украина, Беларусия, Польша қалалары маңындағы шайқастар да ерлік көрсетеді. Талай-талай жорық жолдарын басынан өткеріп, майдан шебінде азаттық үшін аянбады. Бірнеше неміс фашистерінің көзін жойды. Майдан ортасында жүріп, төрт жерден жараланып госпитальда болып, №21 сауықтыру батальон бөлімшесінде ем қабылдаған. Соғысты Германияда аяқтап, 1946 жылы аман-есен елге оралады. Елге оралған соң, Шиелі ауданы, (Бұрынғы 30 жылдық совхозында) қазіргі Бала би ауылында еңбек демалысына шыққанға дейін көмекші шопан, кейіннен бас шопан болып еңбек етті. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан сырт қалған жоқ. Ауылдағы әртүрлі кездесулерге қатысып, басынан өткен сұрапыл соғыс туралы, мынау жарық дүиенің орны, берері көп бейбіт күннің бағасын білу тұрғысында ұлағатты әңгімелерін ортаға салып жүрді. Жүрегі жұмсақ, жаны мейірімге толы қария кішіге құрметті, үлкендерге сыйлы болды. Көптің жүрегінен орын алып қалды.
– Әкеміз сондайлық кішіпейіл, мейірімді жан еді. Ешкімге жамандығы болған жоқ. Қолынан келсе әркімге жақсылығын жасағысы келіп тұратын. Бізді еңбекке тәрбиеледі. Адалдыққа баулыды. Ешкімнің ала жібін аттамауға үйретті. Жоғары білімді маман болуымызға негіз қалады. Одан жаман болғанымыз жоқ. Әрқайсымыз бір-бір салада еңбек етудеміз. Кеше ел мен жер үшін сұрапыл соғысқа қатысып, қан майданда және бейбіт күнде еңбектің өнегесін көрсеткен әкеміздің аты ұмытылмайды. Ол біздің жүрегіміздің төрінде мәңгі сақталады, – дейді ұрпақтары.
Елге оралған жауынгер Ұлбазар Сейтқасымқызымен шаңырақ көтереді. Он бала тәрбиелеп өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған жан ұрпағымен өркенін жайды. Ол 49 немере, 90 шөбере сүю бақытына ие болды. Кешегі майдангер, соғыс ардагері үшін бұдан асқан бақыт та, байлық та жоқ шығар. Майдангер 1970 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан соң, малшы атағын жұбайы алып, бас шопан атанып, абыройдың биік сатысынан көрінді. Тіпті, жұбайы Ұлбазар 1977 жылы үздік шопан атанып, көрсеткішке жеткені үшін, автокөлік иеленген екен. Ол туралы «Өскен өңір» газетінде мақалалары да жарық көрген.
Сұрапыл соғыстың солдаты Отан қорғау жолындағы қайсарлығы үшін «Ерен ерлігі үшін», «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тақты. Сондай-ақ, жеңісті жақындатқан жан бірнеше меркелік медалдармен марапатталған. 1981 жылы 71 жасында Ұлы Отан соғысынң ардагері мәңгілік сапарға аттанды.
Рас, майдангердің даңқы өшпек емес. Ол ел жадында, ұрпақ жүрегінде жүреді. Тарих болып сыр шертіп тұрады. Ең бастысы, сол бір соғыстағы Жеңіс жер бетінде бейбітшілік орнатты. Сол Жеңістен нұрланған дала жасарып, жаңғырып, адамзат ұрпағымен көгеріп-көктеуде. Жеңіске үлесін қосқан Кенжеғұл ақсақал ұрпағымен ғұмырын мәңгілік етті.

Динара Айтуарова
29 қазан 2021 ж. 1 456 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930