ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Айқас алаңында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлердің бірі, жерлесіміз – Әлбатыр Бижанұлы еді.
Ол 1917 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Әлбатыр бала күнінен оқып білуге құштар болып өседі. Әкесі Бижан Наурызбаев сол кездегі «Құмшығанақ» колхозында суландыру үшін көп жұмыстар жасаған. Баласының бетін қақпай, Қызылорда педогогикалық колледжіне оқуға жібереді. Әлбатыр оқу орнын үздік аяқтап, 1939 жылы ауылдан мектеп ашып, тұрғындарды сауаттандыру ісімен айналысады. Сұм соғыс басталған тұста мұны да өзге жігіттермен бірге әскер қатарына шақырады. Ол кезде Әлбатыр 24 жастағы жігерлі жас жігіт еді.
Майдан даласында атқыштар қатарында болып, 1942 жылы Ленинград облысының «Валдай» деген теміржол бекетіндегі ұрыста жеңіске жетіп, сол жылдың желтоқсан айында Москва түбіндегі кескілескен қырғыннан аман қалады. Одан бөлек Солтүстік Кавказ, Сталинград, Воронеж майдандарында болып, бірнеше рет барлауға қатысқан. Украинаны азат ету майданында үлкен тапсырма алып, Днепр өзенінен солмен өтіп, жаудың бекінісін бұзуға қатысқан.1944 жылы Қырым түбегіндегі шайқаста да алдыңғы шепте болған Әлбатырдың тізесіне тиген оқ санынан шығып, ауыр жарақат алады. Бес ай госпитальда ем алған сарбаз ештеңеге қарамастан қайтадан ұрыс даласына аттанады.
Ә.Бижанұлы «Харбин», Солтүстік Кореяны азат етуге қатысқан. Ол 1947 жылы наурыз айында ауылға қайтады. Елге келген соң сол баяғы жұмысы – оқытушылықпен айналысты. Өмірінің ақырына дейін білім беру саласында абыройлы еңбек етті. Әлбатыр 1972 жылы дүниеден өтті. Артында қалған жалғыз ұлы да жастайында көз жұмған.Қазір өз отбасының түтінін түзу түтетіп отырған екі қызы бар. Әлекеңнің көзі тірісінде соғыс даласындағы тіршіліктен сыр шерткен әсерлі әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз. Бүгінде есімі ұмыт болып бара жатқан есіл ердің ерлігі кейінгі ұрпаққа насихатталса екен дейміз.
Есболат Бәйімбетұлы,
тыл ардагері.