Ерлігі де, еңбегі де елеулі
Ер жігіт үшін ең қымбат сезім – Отан қорғау сезімі. Тепсе темір үзетін кез келген азамат әскери борышын өтеуге асығары хақ. Солардың бірі – Жеңісбай Шайхислам.
Жеңіс күні қарсаңында дүние есігін ашқан Жеңісбай бала күнінен әскери шенді армандайтын. Оған туған күні мен есімі де әсер етсе керек, үнемі соғыс, әскер жайлы кино көріп, сондағы ерлік көрсеткен жауынгерлердің орнына өзін қойып ойша елестетін де осы – Жеңісбай еді. Арманына бір қадам жақындаймын деп, жоғарғы оқу орнын бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған бозбала 2017 жылы әскер қатарына шақырту алады.
Бастапқы жеті айда Жеңісбай Шығыс Қазақстан облысы, Үржар қаласында шекара күзетуге аттанады. Алғашқыда-ақ өжеттігімен, қайсарлығымен, отансүйгіштігімен көзге түскен ол қандай тапсырма болмасын сүйіспеншілікпен орындайтын. Соның арқасында «Үздік атқыш» номинациясымен марапатталып, командирі ауылдағы ата-анасына алғыс хат жолдаған.
Жеті айдан соң резервте жүрген қызылордалық қырық жігіт Тараз қаласындағы №2035 әскери бөліміне жедел аттандырылады. Мұндағы талап алдыңғысынан қаталдау болмаса, осал емес. Тапсырма нақты. Он шақырым аумақтағы ескі шекараны бұзып, орнына жаңасын салу. Жеңісбай жанындағы жауынгерлермен жабылып бас-аяғы бес айдың ішінде берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды.
– Бұл еңбегіміз үшін Ұлттық қауіпсіздік төрағасы Кәрім Мәсімовтың өзі келіп, барлық жігіттерді арнайы ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» медалімен марапаттады. Әрине бұл бізді одан әрі жігерлендіре түсті, – дейді Ж.Ақтамұлы.
Жеңісбайдың әскер қатарындағы ең үлкен ерлігі – жылқы айдап шекараны заңсыз асып түскен қырғыз азаматтарын әшкерелеуі болатын.
– Олар қазақстандық серіктестерімен келісіп, ұрлықы жылқыларды бір-біріне айдап апарады екен. Біз шекарада жүрген уақытта 250-ге жуық жылқыны ұстадық. Елін, жерін шын сүйген жауынгер болып, борышымды абыроймен атқаруды азаматтық парызым деп білемін. Әскер қатарында сап түзеген бір жылдың зуылдап өте шыққаны қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскери өмірдің өте тамаша өткендігін айғақтаса керек. Сынаптай сырғыған осы уақыт ішінде өзіме тәлім-тәрбие аларлық біраз жайтқа қанықтым. Рас, әскер өмірінде адамды шыңдау жолында аздаған қиындықтар орын алып қалулары ықтимал. Осы кезде бізді одан алып шығатын Отанға деген ұлттық рухымыздың жоғары тұруы дер едім. Рухы мықты елдің қашанда жұлдызы жоғары болмақ. Біздің ізімізді басып, әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарға Отан қорғау жолында табандылық пен ерік-жігер тілеймін. Отан қорғаушылар күні баршамызға құтты болсын! – дейді Жеңісбай.
Кешегі ел қорғаған ерлердің жалғасындай, бейбіт күннің батыры Жеңісбайдың ісі әрнәрсені сылтауратып әскерге барудан қашып, үйінде бұғып жатқан қаншама атбалдай азаматтарға үлгі болары анық. Жеңісбайдың мақсаты айқын – әскери салада абыройлы еңбек ету. Ендеше Отан алдындағы борышын жанкештілікпен адал атқару жолында тек сәттілік серігің болғай дейміз. Елі үшін еңбек еткен сарбаздардың ерлігі қашанда елеусіз қалмақ емес.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.