Ұрпаққа ұран болған ұлы жеңіс
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын ұрыс болған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 76 жыл толды. Шиеліліктер үшін бұл атаулы күн өте маңызды. Өйткені, осынау қанқұйлы қырғын соғысқа Шиелі ауданынан мыңдаған ер-азамат аттанды. Мыңдаған сарбаз майдан даласында шейіт болды, ұрыс алаңында аяғы мен қолын қалдырды, тұтқынға түсіп, ажал исі аңқыған неміс лагерлерінде азап шекті, сұм соғыстан оралмай, мүлде хабар-ошарсыз жоғалды. Сұрапыл қанды қырғыннан аман қалып, бейбіт өмірге араласып, еңбек етіп, ұрпақ өргізіп, ғибратты ғұмыр кешкен майдангерлердің бірі – Қышанбай Парманқұлов еді.
Екінші дүнежүзілік соғыстың, барша адамзат баласына әкелмеген қасіреті, көрсетпеген зардабы жоқ. Тіпті, алдына мақсат қойып, артына ұрпақ қалдырып үлгермеген миллиондаған боздақтың қаны төгілді. Бұл жеңіс жолында қыршын жастар, ақ жаулықты аналар мен қайратты ағалар жеңіс жолында құрбан болды. Өзінің ер тұлғасымен, батырға тән ірі кескіні, айбарлы бет-пішінімен, жуан да екпінді дауысымен, ширақ қимылымен фашистік Германияны тізе бүктіруге күш салған ардагерлердің қатарында Қышанбай Парманқұловта болды. Ол 1910 жылы Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында орта отбасында дүниеге келген. Ауылдағы төрт жылдық бастауыш мектепті бітіріп, еңбекке ерте араласты. 1932 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Көксу совхозында мал шаруашылығында жұмыс істеп жүргенде тұтқиылдан соғыс басталып, Қышанбай қолына қару алып, малды да, елді де, жерді де тастап 1942 жылы майданға аттанды. Украинаның, Кривойрок қаласында алдыңғы шепте жаумен шайқасқан қайсар жауынгер бірнеше рет ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралған. Қиян-кескі соғыстарда жасаған ерліктері үшін бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» тағы басқа медальдармен марапатталған.
Қышанбай Парманқұлов елге оралғаннан кейін, 1944-1956 жылдары Көксу совхозында зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1956 жылы Шиелі ауданы, Сырдария совхозында ферма меңгерушісі қызметін атқарып, мал шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, мал азығын дайындау, егін жинау науқандарына белсене атсалысып, жастарды еңбекке тәрбиелеуге зор үлес қосқан білікті маман, қадірменді ел ағасы жұрттың ыстық ықыласы мен сый-құрметіне бөленді. Қышанбай ата зайыбы Ханзия апай екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Сондай-ақ ұлы Қапан Парманқұлов әке жолын жалғап, 1969 жылы Алматы институтының мал дәрігерлік бөлімін бітіріп, алғашқы еңбек жолын аудандық мал дәрігерлік бөлімінде бастап, мал басын сауықтыруда табысты еңбек етіп жүр.
Шапағат Тілеубаев